БОЛАШАҚҚА БАСТАУ – БҮГІННЕН

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің директоры Асқар Биахметов Еркінқала және Жұмыскер селолық округтері тұрғындарымен кездесті.  

Асқар Сақтағанұлының айтуынша, соңғы он бес жылда қазақстандықтардың табысы 16 есеге өскен. Бұл орайда білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бөлінетін мемлекеттік субсидиялар жыл сайын ұлғаюда. 

 – Стратегиялық бағдарламада жұмыспен қамту, кадрлар әлеуетін арттыру, адами капиталдың сапалы өсуін қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық жобалар, ауыл шаруашылығын өркендету ел дамуының басым бағыттары ретінде баяндалды. Атырауда да халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, өткен жылы 11 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы агросекторды алдағы жылдарда дамытуға бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді. Онда ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына ғана емес, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болуға қол жеткізуге баса назар аударылған болатын. Ауылдың негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал, сондықтан, мал шаруашылығын одан әрі дамыту, сапасын жақсартып, өнімділігін арттырумен тікелей байланысты, – деген министрлік өкілі бұл бағытта мұнайлы мекенде жемісті жұмыстардың атқарылып жатқанын атап айтты. 

Кездесуде ауыл тұрғыны Б.Есбатыров Еркінқала селолық округі маңынан 2008 жылы берілген жер телімдеріне бүгінге дейін инфрақұрылымның жүргізілмегенін айтып мәселе көтерді. Өзге тұрғындар негізінен медицина саласындағы жаңа реформадан туындайтын портал секілді кедергісі көп мәселелерге тоқталды. Ал, Еркінқала селолық округі әкімі Е.Тапанов мемлекеттік қызмет сапасын көтеруге байланысты ұсыныстарын жеткізді.

Осындай кездесу, сондай-ақ, республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Асқар Биахметовтің қатысуымен Дамбы, Қайыршақты, Балықшы селолық округтерінде де жалғасты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз