БІЗДІ БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған бұл жолғы Жолдауын ерекше деп санаймын. «Нұрлы Жол» деп аталып отырған жаңа экономикалық саясаты дер кезінде жарияланып отыр. Әдетте Президент Жолдауларын жыл сайын Парламент қабырғасында жариялаушы еді, ал, осы жолы «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында осынау маңызды құжатпен таныстыруының да мәнісі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы экономиканы, әлеуметтік саланы және ұлтаралық келісімді нығайту бағытында алдағы саясатты нақтылауы оның көрегендігі деп есептейміз.
«Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты өзінің мән-маңызы жағынан контрциклдық бағыт та деуге болады. Бұл елге белгілі бір серпін мен күш-қуат беретін ұлық сөз тәрізді. Осы серіппелі сөз арқылы таяу жылдарда экономиканың биік шыңына көтерілу мүмкіндігі бар. Президентіміздің өзі айтқандай, бұл саясат мультипликативті үрдіс алады. Басқаша түсіндіретін болсақ, экономиканың өзге салалары қарыштап дамиды, ол – цемент, металл, техникалар, битум, құрал-жабдықтар мен соларға теңестірілген тауарлар өндіру. Түптеп келгенде, осының бәрі біздің жан-жақты дамуымызға, алға қарай қарыштай басуымызға, сөйтіп, дамыған 30 елдің қатарына енуімізге себепші болады.
Сонымен бірге мен Елбасымыздың тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі ұсыныстары мен тапсырмаларын маңызды деп санаймын. Қанша жерден елімізде жалға берілетін баспаналар саны көбейгенмен олар бәрібір жас шаңырақ иелеріне қолжетімді бола алмауда. Тұрғын үйге мұқтаж отбасыларының сол баспананы тікелей, ешқандай делдалсыз және несиеге барынша төмен пайызбен алуы, бастапқы жарнаның болмауы, бәрінен бұрын, 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғаятыны баспана айналасындағы күрмеуі қиын мәселені шешеді деп ойлаймын. Тұратын үйі жоқтықтан қаншама жас маман көрінген жақты бетке алып, туған жерінен жырақта жүр. Егер тұрғын үй, баспана мәселесі ойдағыдай шешілетін болса, жастарымыздың басқа жерден бақыр іздеп несі бар, олар міндетті түрде туған қаласына, ауылына асығып, өздерін сол жерде көрсететін болады.
«Жол қиындығын жолаушы білер» демекші, біздің өміріміздегі күрмеуі қиын жайттың бірі де – осы жол. Сондықтан, жолдар адам ағзасының күретамыры іспеттес. Барлық жол торабы Отанымыздың бас қаласы, жүрегі – Астанаға, одан әрі көршілес елдерге апаратын болады. Жол құрылысымен қоса әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, соған сәйкес жаңа жұмыс орындары көбейіп, тауар айналымы өседі.
Мемлекет басшысының Үкіметке әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту үшін қосымша 70 миллиард теңге бөлуді тапсырғаны өте орынды деп есептеймін. Бұл жерде басты әңгіме білім беру мекемелері, атап айтқанда, апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда білім алып жүрген оқушылардың қиын жағдайы сөз болуда. Бұл, сөз жоқ, өте құптарлық жай.
Мен кеңбайтақ Қазақстанның азаматы ретінде, басшы ретінде, еліміздің ертеңіне зор сеніммен қараймын. Қазақстанымыздың болашағы өте зор. Қоғам, сол қоғамдағы халық Елбасымыздың осынау Жолдауын үлкен тарихи өзгеріс деп қабылдауы керек. Өйткені, «Нұрлы Жол» біздің Отанымыз – Қазақстанды биікке шығарады. Бұл бізді болашаққа бастар жол!
Бейбіт МАМРАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры.
Мақсатымыз айқын
Біздің облыстық онкология диспансерінің дәрігерлері мен орта буын мамандары да Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді жұдырықтай жұмылдыратын, жасампаздыққа бастайтын халыққа арнаған кезекті Жолдауын ерекше қуанышты жағдайда қарсы алды.
Жолдаудың  атауынан көрінгеніндей, негізгі нысанға еліміздің экономикасын дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдықпен назар аударылатыны аңғарылып тұр. Біз Елбасының ең әуелгі басты арманы мен өмірлік мұраты елімізді төрткүл дүниеде терезесі тең, абыройы асқақ айбынды елге айналдыруды мақсат еткенін жақсы түсінеміз.
Ал, бұл кезекті Жолдауды бағыт-бағдары халықтық ұғымға сай келетін, жұртшылық көкейіндегі талап пен тілекті дөп басатын, ел мүддесін ойластырған құнды құжат ретінде қабылдаған жөн.  Соған орай алға қойған бағдарламаның мән-мағынасы тіптен ерекше. Онда ойда жүрген күрделі мәселелерді шешудің жолдары мығымдалып, тұжырымдалған.
Елбасы алдағы  жылдары да, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын бұрынғыдан да жақсартып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көрінуді мақсат етуі қуантады. Бұл тұрғыда  халықтың білім, денсаулық саласында алдыңғы лекте болуына назар аударуы құптарлық. Осы  ретте қоғамның басты байлығы – халық денсаулығы десек, оның салауатты болуы үшін медицина қызметкерлерінің алдында  жауапты міндеттердің тұрғанын жақсы сезінеміз. Яғни, «Дені саудың – жаны сау» дегендей, біз үшін адам денсаулығынан  басты, күрделі мәселе жоқ. Ең алдымен, ауруды емдеп қоймай, оның пайда болу себептерін анықтап, алдын алу шараларын жүргізуге ерекше назар аударылуы тиіс.
 Жексенбай НЫСАНОВ,
облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты.
 Сын шақта жасалған қадам
Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болатынын өмірлік тәжірибесінен алдын-ала сезген Елбасы Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты еліміздің экономикасында құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталғанын, ол алда тұрған сын-қатерлерге жауап беретіндей болуы керектігін айтты.
Маңызды құжатта осыдан екі жарым жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасында берілген әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың тұрмыстық деңгейін арттыруға қатысты уәделер орындалуы керектігі де басы ашып айтылды.
Осындайда еске түседі, кезінде Ұлттық қор құрылғанда, оның басты мақсаты тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етумен қатар, тәуелсіз еліміздің экономикасын сыртқы сын-қатер, қолайсыз жағдайлардан қорғау болатын. Бұл – Елбасының қапыда төнетін сын-сынақтарды болжағыштығы, алда не күтіп тұрғанын аңдайтын көрегендігі демеске болар ма?! Мемлекет басшысы бұл жолы Ұлттық қордан үш миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдап отыр.
Дағдарыс жағдайларында, ішкі экономикалық тұтастығымызды, саяси-әлеуметтік ахуалымызды сақтап қалуға бірден-бір мүмкіндік беретін осы Ұлттық қордың қаржысы екенін ескерсек, енді Үкімет Елбасы тапсырмасына сәйкес, қажетті шаралар қабылдап, бұл бөлінген қаржыларды тиімді әрі оңтайлы қажетке жаратуға жұмыстанатыны басы ашық мәселе екені анық.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының XIX партия конференциясы өтіп, онда жаңа Жолдау кең талқыланды. Аудан басшысы Мақсым Ізбасов баяндама жасады, маңызды құжаттан туындайтын алда тұрған міндеттерді саралады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген жаңа экономикалық бағдарламаны жүзеге асыруға бүкіл өңірлер белсене қатысатын болады. Осы ретте өнеркәсіпті өңір – Жылыой ауданы да барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ішкі резервтерін қайта қарап, іргелі іс-шаралары мен инвестициялық жобаларын ілкімді жүзеге асыру жолына тас түйін жұмылып, мақсатты жұмыстана беретін болады.
Үмбетқали ЖАҚАШЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Жылыой аудандық филиалы төрағасының орынбасары.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз