БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕК – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Жаңа үрдістер мен қоғамдық күштер ықпалында болатын саяси жүйе үнемі жетіліп, даму үстінде болады. Қазақстанда бұрын бір партиялық жүйе болса, ол қазіргі заманауи саяси жүйенің демократиялық талаптары мен қажеттіліктерін өтеуде, қоғамның саяси жүйесін реформалау шараларымен қатар жүрді, сөйтіп көппартиялық жүйе болып қалыптасты. 

Азаматтық қоғамның кемелденуі қоғамдық дамудың барлық құрылымдарындағы қызметтің демократиялылығы дәрежесімен өлшенеді. Бұл ретте елдік маңызы бар шаралардың бастамашысы болып жүрген «Нұр Отан» партиясының рөлі мен орны бөлек. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын бейнелейтін бұл аса маңызды құжатта өмір сүруіміздің негізгі бағыттарына басымдық берілді, ол – еңбек ету құқығы ынтымақтастық, отбасы құндылықтары, басқа да қазақстандықтардың өмірлік қажеттіліктері көрініс тапқан.
Саяси доктрина елімізді әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жолын ұстанған саяси құжат болып табылады. Мұны Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясын жария еткен кезде, осыны атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев: «Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды, бұл мәселеге аса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті көрсетеді» деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президенті – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде елдің дамудың даңғыл жолына түскеніне нақты дәлелдемелермен мысалдар келтірді. Индустриялық бағдарлама аясында елімізде өнімнің 250-ден астам түрі игерілді. Олар машина жасаудың, фармацевтиканың, химия өнеркәсібінің жоғары технологиялы өнімдері.
Елбасының сөзінде көрініс тапқандай, бүгінде отандық дайын өнімдер әлемнің 111 еліне шығарылуда. Бұл дегеніңіз – тәуелсіз Қазақстан еліне экспорт әлеміне кең жол ашылды деген сөз.
Нұрсұлтан Әбішұлы өңірлер дамуындағы өткір мәселелерді де сөзінен шет қалдырмады. Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясатының тұжырымдамасын бекіткенмен, бірақ оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында Үкімет қаржыландыру көлемін белгілемеген. Бәрі «бөлінген лимитке сәйкес әкімшілік бағдарламаларды сатып алуға берілген. Ал, бұл лимиттер алушыларға дейін жете ме – мәселе, міне, сонда. Осы іспетті Білім және ғылым министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрғанмен, тағы да қаржыландырудың жоқтығынан жұмыс жүргізе алмай отыр.
Өңірлерде жастардың ресурстық орталықтарын құру да созылып бара жатқанын айтқан Елбасы мына жайларға тоқталды: «Бүгінде 10 өңірде 96 орталық қана жұмыс істейді. Астана және Алматы қалаларында, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік облыстарында бұл жұмысқа тіпті кіріспеген де екен».
Мемлекет басшысы, сөзінің соңында «Нұр Отан» ХХI ғасырдағы көшбасшы партия – жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы екендігіне тоқталып, өз сөзін «мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік – біздің ең басты құндылығымыз» деп түйді.
Елбасының сара саясатына байланысты біздің ауданда да жүзеге асып жатқан іс-шаралар аз емес. Саяси Доктринаның мақсаты және перспективасы турасында аудандағы 18 бастауыш ұйымдармен түсіндірме жұмыстары жүру үстінде. Саяси кеңес отырысы өтіп, онда Елбасының тапсырмаларын орындау жолдары кең сөз болып, алдағы нақты міндеттер белгіленді. Аса маңызды құжатты ауданда халыққа жан-жақты насихаттау, жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Біздің филиалымыз кең де, жарық ғимаратта орналасқан. Онда жиындар, конференциялар өткізуге барлық мүмкіндік бар. Аудандағы елді мекендер тұрғындарының «Нұр Отанға» деген көзқарасы да ерекше. Партияны олар өз мұқтаждарын оң шешуге тікелей ықпал ететін саяси күш деп біледі.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгіленген міндет-мақсаттарға үн қосып, оған көпшілікті жұмылдыру – біздің ортақ міндетіміз.

Үмбетқали ЖАҚАШЕВ,
«Нұр Отан» партиясы
Жылыой аудандық филиалы
төрағасының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз