БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Әлемдік дағдарыс кезінде әрбір мемлекет одан шалдықпай шығудың жолын іздейді және өзінің тарихи эволюциясын нәтижелі жалғастыруды көздейді. Дүние жүзінде жиі кездесетін дағдарыстар мен тоқыраулар құлдырауға ғана емес, кейде мемлекеттің тың серпіліс алуына, алдында биік мақсаттар қоюына мүмкіндік береді.

 

«Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» аталатын мақаладан біз осындай оптимистік мақсаттар мен жоспарларды көреміз. Мақалада Қазақстанның әлемдегі 34 ел кіретін халықаралық экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ОЭСР) талаптарына негізделген қоғам өмірінің барлық саласын, әлеуметтік институттарды қамтитын стандарттарды жүзеге асыруға деген ұмтылысы айқындалған. Қазіргі қаржылық қиын жағдайлар кезінде біз сияқты экономикасы шикізатқа байланған елдің «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарын биыл тәжірибе жүзінде іске асырудың басталуына арналған және оның негізгі бағыттары, қағидаттары мен қабылданған заңнамалық алғы шарттары тағы да пысықталған.

Бүгінде көптеген мемлекет сыртқы факторлардан туған дағдарыстардан шығу жолдарын іздестіру үстінде. Дүние жүзіндегі геосаяси қақтығыстар мен соғыстар өзінің теріс ықпалын әлемдік экономикаға барынша тигізуде. Осындай жағдайда еліміздің тығыз экономикалық, кедендік қарым-қатынас жасайтын көптеген ұйымдардың ішінен экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының стандарттарына сүйенуі біздің әлемдік қоғамдастықта қалыптасқан жоғары деңгейлі жетістіктерге ұмтылысымызды көрсетеді. Осының нәтижесінде геосаяси қақтығыс шеңберіндегі елдер мен ұйымдардың әлдебіреуіне бұра тартпай, алдыңғы қатарлы елдердің экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жетістіктерін басшылыққа алдық. Оның өзі саяси ойынның құрбанына айналмай, әлемдік қауымдастық алдына өз мүддесі, алға қойған ұлы мұраты бар ел ретінде имидж қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақ елі жеке мемлекет болуды ұлттық арманға айналдырған болса, жүз жылдан кейін тәуелсіз Қазақ елі Ұлт жоспарын жүзеге асыру үстінде. Оның басты нысаны – озық отыз елдің қатарына ену. Сол үшін де заманауи талаптарға сай құқықтық, экономикасы нарықтық талаптарға жауап беретін әлеуметтік мемлекет қалыптастыру маңызды.

Елбасы бұл жолы да әлеумет, тіл, білім мен мәдениет салаларын айналып өткен жоқ. Үш жаңа тұжырымдама – біртектілік пен біртұтастықты нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясы да мақалаға арқау болған. Ұлт жоспарының 86-шы қадамында бүгінгі ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды жүктейді.

Президент «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні де дәл осында», – деп ауызбіршілігімізді көзіміздің қарашығындай сақтай білудің қаншалықты маңызды екендігін айтты. Және біртұтас ұлт құру Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясы төңірегінде жүзеге асатындығын көрсетіп берді. Мәңгілік ел идеясын іске асыру үшін алдымен құқықтық, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа алғышарттар іске асуы қажет деп түсінемін. Менің ойымша, бұл – бір күннің немесе әлдебір тарихи кезеңнің шаруасы емес. Бұл стратегия, ұлттық идея, ол біздің қозғаушы күшіміз болуы шарт. Мысалы, Лев Гумилев пассионарлық концепциясы негізінде түрік этносы өзінің инерциялық фазасында осы идеяны ұстанды дей отырып, бұл кезеңде құр армандамайды, ойлап-пішілген жоспарларын іске асырады деген уәж айтады. Демек, біз үшін де ең бастысы қазіргі прагматикалық заманның талаптарына сай нақты және шынайы жоспарларды жүзеге асыру маңызды. Сондай-ақ, Мәңгілік ел болудың басты шарттарының бірі – әрине, сол елге болашақта ие болатын, оның мәңгілігін қамтамасыз ететін жастарды тәрбиелеу, дайындау.

Сондықтан, Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға, қуатты мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюына белсене атсалысу парыз. Бұл үшін, ең алдымен, елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты және өзара сыйластықты сақтай отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға күш-жігерімізді салуға тиіспіз.

Өмірбек БЕКЕЖАН,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

 кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз