БІРЛЕСКЕН ІСТІҢ БЕРЕКЕСІ БАР

Атырауда мұнай-газ секторын материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша V Қазақ-Британ Форумы өтті.
Форум Қазақстан мен Британия компанияларының арасында мұнай және газ секторында қазақстандық құрам үлесін арттыру, алдыңғы қатарлы салалық озық тәжірибеге, әлемдік технологияларға қол жеткізуге және кәсіби дағдыларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашу, ұзақ мерзімді іскерлік байланыстарды орнатуға қолдау көрсету аясында өткізілді.

Қазақстандық мазмұнды дамытудың ұлттық агенттігі «NADloC» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Бектургеневтің айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ұлыбританияның Абердин қаласында мұнай-газ саласына байланысты өткен көрмеге елімізден делегация барып қатысып келген болатын. Еуропаның мұнайлы астанасында өткен іс-шара енді Атырауда жалғасын тапты. Британдық мамандар Қазақстандағы инвестициялық жобалармен танысып, бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін кеңінен талқылады.
Форумға қазақстандық және британдық компаниялардан келген делегаттар белсене қатысты.
– Бүгінде он сегіз серкітестікпен өзара қарым-қатынас дамыттық. Алдағы уақытта өнеркәсіп саласындағы 25 серіктестікпен байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз, – дейді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісінің орынбасары Грег Куинн.
Оның айтуынша, бұл екі елдің кәсіпкерлеріне инвестициялық мүмкіндіктермен танысу, сонымен қатар ынтымақтастықтың басқа да түрлерін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім және көлік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қажет.
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен тығыз байланысты жұмыс жасаудамыз. Бірлесіп, экологияны жақсартуға, «Жасыл экономиканы» дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз. Баламалы энергия көздерін табуды, яғни, жел, күн қуатын пайдаланып, экологиялық таза аймақ жасау мақсатында түрлі жобаларды да бастап кеттік»,– деді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісінің орынбасары.
Сондай-ақ, Қазақ-Британ форумында «Тау-кен өнеркәсібі», «Кешенді ауыл шаруашылығы өнеркәсібі», машина жасау, энергетика, химия өнеркәсібі секілді салаларды да дамыту мәселелері сөз болды. «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ның басқарушы директоры Мадина Көкбаева, Қазақстандағы қызмет көрсетуші компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайберген, «Шелл» бұрғылау және барлау компаниясы жергілікті жобаларды дамыту бойынша кеңесші Оделия Марван, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының материалдық-техникалық жабдықтау басқармасының өндіріс және жабдықтау менеджері Сәтжан Хасанов баяндама жасады.
Форум соңында британдық мамандар жергілікті компаниялардың, атап айтқанда, «Атырау-Нефтемаш» зауытының, «Шеврон МұнайГазИнк» полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың нысандарын аралап көрді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз