Жарнама
Саясат

Бір палаталы билік формасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жетілдіру мақсатында Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру мүмкіндігін ұсынды. Бастаманың мән-маңызын атап өтіп, оны асығыс енгізбей, қоғамда, сарапшылар және мүдделі тараптар арасында кеңінен талқылау қажет екенін атап көрсетті. Реформа түбегейлі болғандықтан қажет болса, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Жаңа жүйе қабылданғанға дейін қазіргі қос палаталы Парламент (Мәжіліс пен Сенат) өз қызметін жалғастыра береді.

Осыған байланысты кезекті «Мінберде» саяси партиялар филиалдарының басшылары пікір білдіріп, аталған реформаның артықшылығы мен кемшін тұстарын, ұлттық саяси жүйеге ықпалы мен қоғамдық қабылдаудың деңгейін талқылайды.

Жаңа Әділетті Қазақстанға бастар жол

Нұртас БАЙЖАНОВ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы:

– Бұл бастама елдің саяси дамуы тұрғысынан аса өзекті әрі батыл ұсыныс деп бағалануы тиіс. Ұсыныс парламенттік құрылымға тек техникалық өзгеріс енгізу ғана емес, ұлттық саяси жүйенің болашақ бағытын қайта бағамдауға жол ашатын бастама.

Біздің партия үшін, әсіресе ауылдың мүддесін қорғауға басымдық беретін ұйым ретінде бұл мәселені жан-жақты қараған жөн. Бір жағынан алғанда, бір палаталы Парламент заң шығару үдерісін оңтайландырып, шешім қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Қос палаталы жүйеде кейде Мәжілісте қабылданған заң жобасы Сенатта кешіктіріліп, қажетсіз сүзгіден өтіп жатады. Бұл, әсіресе, шұғыл шешімді қажет ететін ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі секілді салаларда орынсыз кедергіге айналады.

Қазіргі Сенат құрамының халық тікелей сайламайтын өкілдерден тұруы – демократиялық легитимділікке нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Бір палаталы құрылымда халық тікелей сайлаған бір ғана өкілетті орган жұмыс істейді деп ойлаймын. Бұл – Парламенттің ашықтығы мен есептілігін арттыруға, әрі халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Дегенмен, бұл модельдің кемшін тұстарын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Қазіргі Парламентте Сенат облыстардың мүддесін білдіретін институт ретінде жұмыс істейді. Бұл, әсіресе, елдегі өңірлік теңсіздікті азайту мақсатында өзекті. Сондықтан бұл реформа саяси мәдениетіміздің деңгейін, партиялық бәсекелестіктің әділдігін және азаматтық қоғамның белсенділігін ескере отырып жүзеге асуы керек.

Ұлттық саяси жүйе тұрғысынан алғанда, бір палаталы Парламентке көшу еліміздің унитарлы құрылымына сай, заңнамадағы бірізділікті күшейтеді. Қазақстан – федералды емес, біртұтас мемлекет. Сондықтан жергілікті заңдардың, аймақтық ерекшеліктердің федералды жүйедегідей үлкен роль ойнауы шарт емес. Біздің Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын бүкіл ел бойынша бірдей қорғауды міндеттейді. Бұл тұрғыда бір палаталы жүйе саяси құрылым мен конституциялық негіздердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етеді.

Біз бұл ұсынысты қоғамдық диалог пен ашық талқылау арқылы шешу қажет деп санаймыз. Президент бұл реформаға байланысты түпкілікті шешімнің 2027 жылы референдум арқылы қабылданатынын айтты. Осы уақыт аралығында біз, саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері, ел арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, ұсыныстың шынайы мәнін халыққа жеткізуге тиіспіз.

Тиімділік пе, әлде тәуекел ме?

Ермекқали ЮСУПОВ, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы:

– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ұсынылған бір палаталы Парламентке көшу мәселесі – еліміздің саяси жүйесін қайта қарауға бағытталған батыл бастама. Бұл ұсыныс назар аударып, терең талдауды қажет етеді.

Бір палаталы Парламентке көшу мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Жаңа бастама емес, сонау 2007 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы ресми түрде осындай ұсыныс жасаған. Өкінішке қарай, ол кезде Сенаттың басшылары мен бірқатар депутаттар бұл идеяға бірден қарсы шықты. Алайда, партия өз ұстанымынан бас тартпай, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған осы бағытты толықтай қолдайды. Бұл – дұрыс әрі уақытында көтерілген мәселе.

Президент бұл жай ғана ұсыныс екенін, түбегейлі шешім қабылданбағанын нақты айтты. Соңғы шешім 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы қабылданбақшы. Соған дейін қоғамда бұл идеяны кең әрі жан-жақты талқылап, оның мәні мен маңызын халыққа дұрыс жеткізуіміз керек.

Біріншіден, екі палаталы жүйе көбінесе федералды мемлекеттерге тән құрылым. Мысалы, АҚШ, Германия, Ресей секілді елдерде әрбір штат немесе федералды субъект өз заңдарын қабылдай алады, азаматтарының құқықтық жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, АҚШ-тың бір штатында өлім жазасы болса, басқа штатында жоқ. Кейбірі салықтық жеңілдіктер беретін офшор аймақтарға айналған.

Ал біз – унитарлы мемлекетпіз, Конституцияға сәйкес біртұтас заң жүйесі бар. Адам құқығы мен бостандығы Алтайдан Атырауға дейін бірдей қорғалады. Яғни, екі палаталы Парламент біз секілді унитарлы ел үшін артық, тіпті кей жағдайда Конституция қағидаттарына қайшы келуі де мүмкін.

Оған қоса, қазіргі парламенттік жүйе саяси өкілділіктің теңдігін де қамтамасыз етпейді. Мәжіліс депутаттары тікелей сайланады, әр түрлі партиялардан құралады. Ал Сенат мүшелерінің көпшілігін халық тікелей сайламаған, мәслихаттар немесе Ассамблея арқылы тағайындалған. Мұндай құрылым демократия талаптарына сай емес және заң шығарушы биліктің ашықтығына күмән келтіреді.

Бір палаталы Парламентке көшу заң шығару процесін оңтайландырады, жауапкершілікті арттырады және шынайы көп партиялық жүйені дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – елдегі саяси реформалардың қисынды жалғасы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталған нақты қадам.

Сондықтан «Ақ жол» партиясы бұл ұсынысты толық қолдайды және Қазақстанның демократиялық даму жолында маңызды бетбұрыс болады деп сенеді.

Жаңғыру жолындағы жаңа қадам

Ғалымжан ӨТЕБАЕВ, Respublica партиясы облыстық филиалының директоры:

– Бұл тек құрылымдық өзгеріс емес, басқару тиімділігін арттыруға, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Біз кез келген реформаны тиімділік, ашықтық және ел мүддесі тұрғысынан бағалаймыз. Бір палаталы Парламент идеясы – әлемдік тәжірибеде кең таралған модельдердің бірі. Көптеген елдерде дәл осы формат заң шығарушы билік пен атқарушы билік арасындағы үйлесімді байланысты қамтамасыз етіп отыр.

Негізгі артықшылықтарына тоқталсақ, алдымен заң қабылдау үдерісі жылдамырақ әрі икемдірек болады. Қос палаталы жүйеде кейде заң жобаларының мақұлдануы бірнеше кезеңнен өтсе, бір палаталы жүйе бұл процесті жеделдете алады. Екіншіден, жауапкершілік айқындалады. Бір ғана палата болған жағдайда депутаттардың ролі артып, қоғам алдындағы жауапкершілік те күшейеді. Сонымен қатар, қоғаммен тікелей диалогқа жол ашылады. Депутаттық корпус шағын әрі пәрменді болған жағдайда, өңірлер мен азаматтардың сұранысын нақты әрі тез жеткізу мүмкіндігі артады. Төртіншіден, бюджеттік үнем мен басқару оңтайлылығы. Мемлекеттік аппараттың ықшамдалуы шығынды азайтып, тиімділікті арттырады. Бұл – менің ойым. Бірақ кез келген реформа жан-жақты қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс.

Бұл жерде басты сұрақ – «Парламенттің құрамы қалай жасақталады?»

Егер бір палаталы жүйе енгізілсе, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдері мен түрлі әлеуметтік топтар әділ әрі тең қатысуы керек.

Қазақстан экономикасының локомотиві, мұнай-газ өнеркәсібінің «жүрегі» болған соң біздің өңірдің мүддесі Парламентте лайықты деңгейде көрініс тапқаны жөн. Бір палаталы Парламентке көшу кезінде аймақтық тепе-теңдік пен өңірлік мәселелердің ескеріліп отыру тетіктері нақты бекітілуі қажет деп ойлаймын. Және партиялас серіктерім бұл реформаны ел болашағы үшін әлеуеті зор, оң өзгерістерге бастайтын бағыт деп санайды. Біз бұл қадамды басқару тиімділігін арттыру, қоғаммен ашық әрі әділ байланыс орнату, ең бастысы халықтың сеніміне негізделген саяси жүйені қалыптастыру жолындағы маңызды белес деп қабылдаймыз.

Жазып алған Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button