Білімді ұрпақ – ел болашағы

1573973478 studennt Саясат

Президент өзінің кезекті Жолдауында білім беру мәселесіне арнайы тоқталып, ұлттық мектепті өркендету, мектептер салып, бірнеше кезекте білім беруді азайту арқылы мектептегі білім сапасын көтеру, тілдерді меңгеру мәселесін дамыту, сөйтіп жастардың әлемдік өркениетке жетуіне мүмкіндік жасау, кәсіби-техникалық білім беру, 100 мың жасқа жұмыс беру,  студенттер мен колледжде білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету, жаңа мектептер салу, ең төменгі еңбек ақыны көтеру, педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мәселелерін де ұмыт қалдырмады.

            Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керектігін, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптардың да қайтадан қаралып, жаңашы заман талабына сай бекітілу керек екенін, олардың жұмыс жүктемесін  біртіндеп азайтып, сапалы жұмыс жасауына мүмкіндік беру мәселесін қозғады. «Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», – дегені де бала тәрбиесіне жауапты маманның  өз ісінің шебері болуын талап ету деп түсінгеніміз жөн.

            Қасым-Жомарт Кемелұлы орта білімнің сапасының табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екендігіне тоқтала келіп, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиістігін баса айтты. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынып жатқандығын,  2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатыны туралы хабардар етті. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешілетіні тілге тиек етілді.

             «Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет», дей келіп, Ел Президенті педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданғанын және ұстаздардың кәсіби құзыреттілік аясы айқындалғанын айтты.                            Қазіргі кезде техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және  еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керектігі де Ел Президентінің назарынан тыс қалмады. Бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, мектептің олармен үнемі тығыз байланыста болуы мәселені бірігіп шешудің жолдарына бастайтынына мән беру – әр мектеп ұжымының негізгі жұмысыы екені тілге тиек етілді.

            Білім беруде тек бір жақты мектеп немесе басқа да оқу орны жауапты деген пікірден аулақ болып, ата-аналар мен оқушылар да алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс екендігі белгілі. Олай болса,  мектеп пен ата -ананың өзіміз бұрыннан айтып жүргендей, үнемі екі жақты   әріптестік қатынас орната білу керек.    Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізудің жоспарланып отырғанын, баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына  мемлекет  бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталып, бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капиталы деуге болатындығына ел назарн аударды. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады.

            Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары білім саласындағы реформаларды да заман талабына сай  жүзеге асыру қажеттігін ұсына отырып,  отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түсетінін, сондықтан  мемлекеттің ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отырғандығын айтып өтті. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түсетіні сөзсіз. 

             Ел Президенті студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілу мәселесіне де айырықша көңіл бөлетінін байқатты. Бұл түйткілді шешу үшін ол жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігін ұсынды. Сонымен қатар, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттен талап ете бермей, жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасының болуы керектігін де айтып өтті.   Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болатынын және жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс екендігін атап өтті.            

Бақыт БАРСАЙ,

педагогика ғылымдарының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз