ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

3555552СЕССИЯДА ОБЛЫС БАСШЫСЫ ОСЫНДАЙ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясы өтіп, онда облыста еңбек етіп жатқан шетел компанияларындағы еңбек дауларының шешілу жолдары, «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының орындалуы, мәслихат жұмысына қатысты басқа да мәселелер қаралды. Сессияға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

Атырау облысы аумағында бүгінгі күні көптеген шетел компаниялары әр салада өз қызметін атқарып келеді, әйтсе де, оларда еңбек заңдылығына қатысты біраз кемшіліктер орын алып, соның салдарынан еңбек даулары туындайды. Сессияда қаралған мәселеге орай Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Т.Естебаев келтірген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы 578 мекеме мен кәсіпорында ҚР Еңбек Кодексінің талаптарының орындалуына тексерулер жүргізіліп, қорытындысында 2541 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 1441–еңбек заңнамасы, 1019–қауіпсіздік және еңбекті қорғау, 81-і – жұмыспен қамту заңдылығына қатысты мәселелер.
Кәсіпорындарда әсіресе, өндірістік жарақат алу деңгейі жоғары болып отыр. Былтыр өндірісте 43 жазатайым оқиға тіркеліп, 4 адам қаза тапқан. Сондай-ақ 52 жол-көлік оқиғасы, 32 байқамай қалу, 33 жоғарыдан құлап кету, 26 еңбек қауіпсіздігін сақтамау оқиғасы тіркелген. Соның кесірінен, соңғы төрт жылда 44 адам қаза тауып, 108 адам ауыр жарақат алыпты. Бұл көп жағдайда құрылыс және мұнай-газ өнеркәсібі саласында орын алып отыр.
Облыстағы әлеуметтік еңбек саласында да жағдай бірдей емес. Еңбектегі тұрақтылық он алты мың адам еңбек ететін «ҚазМұнайГаз» ҰҚ бөлімшелеріне қарасты кәсіпорындарда байқалып отыр, оларда жұмысшылардың еңбек құқығын бұзу не қарсылық акцияларына шығу оқиғасы болмаған. Ал, шетелдік компанияларда қарама-қайшы жағдай орын алып отыр. Бүгінде оларда 37640 адам еңбек етеді, оның ішінде 5160 шетелдік қызмет етеді. Бұл компанияларда ашық наразылық білдірілмегенімен, ішінара толқушылық сақталып отыр. Ол жұмыстан заңсыз шығару, заңсыз қысқартып тастау, жалақының төмендігі, қазақстандық пен шетелдік қызметкерлердің жалақысы арасындағы айырмашылық, жұмысқа алу кезінде негізсіз біліктілік талаптар қою, жергілікті қызметкерлерге немқұрайды қараушылық, сыйламаушылық, оларды біліктілігі төмен жұмыстарға салып қою секілді заң бұзушылықтар бар.
Мәселен, өткен жылдың басында «Теңізшевройл» ЖШС-не мердігер «Сенімді құрылыс» компаниясының жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартқан. Неліктен? Өйткені жалақы төмен және тұрмыстық жағдай жасалмаған. Жұмысшылар вахталық әдіспен 28 күн жасап, сонша күн демалады. Жұмыс жасаған күндеріне айына 70-90 мың теңге жалақы алады. Сонда оны демалатын айымен қосып есептегенде айына 35-45 мың теңге жалақы көлемі шығады. Жұмысшылардың наразылығынан кейін жұмыс беруші жалақыны 25 пайызға көтеріп, 10 мың теңгеден бір мезгілдік сыйақы белгілеген. Алайда, Т.Естебаевтың айтуынша, мұнымен мәселе шешілді деуге болмайды және санитарлық-тұрмыстық жағдайды да жақсарту қажет.
Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментімен «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде қазақстандық және шетелдік жұмысшы арасындағы жалақы айырмашылығы анықталыпты. Мысалы, 2-ші категориялы «техник-электрик» мамандығы бойынша қызметкерге бір күндік ставкасы 30585 теңге белгіленсе, қазақстандық жұмысшыға күніне 10 мың теңге ставкасы мөлшерінде есептеліп келген. Екеуінің бір күндік жұмыс жалақысының айырмашылығы 20585 (!) теңгені құрайды. Осындай кемсітушілік басқа да компанияларда кездесіп отыр.
Шетелдік компаниялар рекрутингтік агенттіктердің қызметін кеңінен пайдаланады, облыста осындай ірілі-ұсақты 11 агенттік бар екен. Олардың негізгі қызметі – мамандар іріктеумен айналысу, сол арқылы ұсынған мамандарының жылдық табысының үлесінен өз қызметтерінің ақысын шегеруі тиіс. Алайда, олар бүгінде жұмыс берушіге айналған, сөйтіп, жұмысшымен келісім-шарт жасақтап, еңбек шартын белгілеп, сол үшін маманға тапсырыс берушіден ақы алады. Егер де тапсырыс беруші жазбаша талап қойса, агенттік әлгі жұмысшыны шығарып жіберуге құқылы. Мұндайда ол бүгін алып, ертең шығарып жіберіп отыра алады, ал, ол заңға қайшы.
Елімізде жұмыссыздықпен күресті күшейту мақсатында алынған шаралардың бірі – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, оған жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы К. Мұқашкерееваның атап өткеніндей, өткен жылы Атырау облысына осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлініп, қаражат 99 пайызға игерілген. Бағдарлама 4516 адамды жұмыспен қамтыған.
Енді биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша Атырау облысына республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп, оның аясында 4500 адамды қамту көзделіп отыр. Соның негізінде 2036 адам кәсіби даярлау, біліктілігін арттыру курсынан өтеді, 540 адам 1 жылға әлеуметтік жұмысқа орналастырылып, 750 жас маманға жастар тәжірибесі бойынша жұмыс орындары ашылады, 261 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, несие алады.
Сессия жұмысы барысында ағымдағы басқа да мәселелер қаралды. Келесі ХІІ сессия төрағалығына депутат С.Әбуғалиев сайланды. Сонымен қатар депутаттардың бірауыздан мақұлдауымен тексеру комиссиясының төрағалығына Н.Мұхамбетқалиев тағайындалды.
Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бірқатар өзекті мәселелерді депутаттар назарына ұсынды.
– Алдымен айтарым, тексеру комиссиясының жаңа басшысына сәттілік тілей отырып, жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Өңірдегі көп кемшіліктер осы саладағы жұмыстың тиісті деңгейде болмағандығының көрінісі, оған облыстық мәслихат депутаттарының да қатысы бар. Сондықтан да, барлық мәселені бірлесе, кеңесе шешу қажет.
Екіншіден, Аумақтық даму бағдарламасына өзгеріс енгізіліп жатыр. Соған сай өңірде жүзеге асырылатын бағдарламаға қатысты барлық индикаторларды дұрыс көрсетуді сұраймын. Жалған ақпар берудің қажет жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деуіміз керек, бірақ, жұмыс жоғары деңгейде жүруі тиіс. Үшіншіден, жұмыспен қамту бойынша жергілікті мамандарды тарту туралы ұсынысты құптаймын. Бұл жерде жергілікті елді мекендерді айтып отырмын. Мәселен, бір ауылда құрылыс жүре ме, соған сол ауылдың мамандары тартылсын.
Содан кейін, қала құрылысы кеңесінің құрамы қайта құрылды. Кеңеске жүктелер міндеттер ауқымды. Жерді пайдалану жөнінде қиыншылықтар мен кемшіліктер бар, соған сәйкес мынадай тапсырма жүктеледі. Қазір қай елді мекенге барсаң да, қоршап алған, бірақ, бос тұрған жер телімдері көп. Ол неғып тұрған жерлер, неге игерілмей жатыр? Тіпті мал жайылымдары да қоршауға алынған. Ауылдарда халыққа мал жаятын жер қалмай барады. Сондай игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қажет. Сонан соң, инфрақұрылымы жоқ жерлерден тұрғын үй салуға рұқсат берілмесін. Сондай жерден халық алады да, сонан кейін «жарық жоқ, су мен газ жоқ» деп шағымданады. Оған кім кінәлі, әуелде алғанда неге ойланбаған? Үй салудың да реті жоқ, бірі ілгері, бірі кейін сала берген, жібі түзу көше жоқ, бұралаңданып жатыр. Ол көшеден екі машина қатар өте алмайды, ал, кездейсоқ өрт болған жағдайда не болады? Осыны қаперге беремін, жөнге келтіріңіздер, – деді аймақ басшысы.
Бақтықожа Салахатдинұлы қаладағы көп қабатты үйлердің көбінің алдында бала ойнайтын алаң жоқтығын да қатты сынға алды.
– Балалар алаңының орнынан бизнес құрылымдары әр түрлі ғимараттар салып қойған, көлік түгілі адам айналып өтер жер жоқ. Ол ғимараттарды алу керек. Бізге бала ойнайтын жер қымбат екенін неге түсінбейсіздер? Сол секілді Жайықтың жағалауындағы толған коттедждер, жағалаудың санитарлық жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Кейбірі үйдің үстінен өтіп жатқан электр желісін алып тастауды сұрап жүр. Ондайлар бұрын қайда қараған? Енді ол электр бағаналарын жылжыту үшін миллиондаған қаржы керек екенін біле ме екен? Сондықтан да, қай істе де заңдылық пен тәртіпті сақтауды талап етемін. Мәслихат депутаттарына қаражат жұмсау мәселесінде бірлесе жұмыс жасауды және оған үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін қаперге беремін, – деп түйіндеді ойын облыс әкімі.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз