АЙҚЫН БАҒЫТ АРМАНҒА ЖЕТКІЗЕДІ

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі жоғары саяси, идеологиялық және ұйымдастыру деңгейінде өтті». Партия съезіне қатынасқан делегаттар жиынға осындай баға беруде. Бастысы, съезд барысында партия төрағасы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелер туралы жан-жақты әңгімелеп, елімізді әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына енгізудегі нақты қадамдарды саралады. Осыған орай бүгін съезд делегаттарының ой-пікірлерін жариялап отырмыз.

 ТЫҢ БЕЛЕСКЕ БАСТАР ЖОЛ

Ел бірлігі мен Елбасының саясаты арқасында бүгінде талай жетістікке қол жеткізіп, асуларды бағындырдық. Ендігі жерде осыған дейінгі сыннан сүрінбей өткен саяси, экономикалық және рухани бағыттарымызды мәңгілік ел стратегиясымен ұштастыру міндеті тұр. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде партияның қабылданған жаңа Доктринасында осы бағыттар айқын көрсетілді.

Тәуелсіздігімізді нығайтуда Мемлекет басшысы рухани құндылықтарымызды арттырып, Отанға деген партриотизмді жетілдіру, төл мәдениетімізді өрістету сынды қадау-қадау мәселелерді айрықша назарда ұстап келеді. Кеше өткен съезде де Президент осы мәселелерге баса мән беріп, «Нұр Отан» партиясына біраз міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, Доктринада тіл туралы ұстанымның бой көрсетуі өте құптарлық деп есептейміз. Мемлекеттік тіл мәртебесін тұғырына қондыру туралы Елбасымыз сан мәрте айтып жүр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен дүниеге келген «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз» деген сөзі әрбір қазақстандықтың жадында.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өркениетті елдер қатарына ену үшін ағылшын тілін жетік меңгеруді де алға қойды. Бүгінгі таңда ғылымға еніп жатқан жаңалықтардың жартысынан көбінің ағылшын тілінде екендігі белгілі. Дүние жүзі бойынша шығатын кітаптың 85 пайызы ағылшын тілінде жарық көреді. Сондықтан, ғылыми жаңалықтан қалыс қалмай, өзге мемлекеттің озығын өзімізге енгізіп, ғылыми іспен шұғылдануда ағылшын тілін жетік меңгеру әрбір азамат үшін маңызды болып отыр.

Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынтымақтастық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы және Дәстүр секілді киелі жеті санға негізделген Доктринада тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік тұжырымдамалық көзқарастың молдығы байқалады. Ендігі уақытта тың белеске бастайтын ғасыр құжатының аясында мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, құндылықтарымызды арттыруда ел болып күш саламыз.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз