АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы – қоғамның қай саласына болмасын тың серпін, соны бастама беретін тарихи құжат. Жолдаудың басты мақсаты - дағдарыс туындаған кезде еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамудан еш қиындықсыз шығудың стратегиясын жасау. Бұл Жолдаудың жылдағыдан ертерек ұсынылып, халық талқысына берілуі де осы мақсаттарды іске асыруға бағытталған. Ендігі міндет – барлығымыздың Мемлекет басшысының жанына  берік топтасып, алға қойған ауқымды міндеттерді мүлтіксіз орындау.

Жолдауға арқау болған мәселелердің осы қайсысы жоқ. Барлығы да күнделікті өмір қажеттілігінен туындаған. Бұған дейін қабылданған білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың одан әрі жалғаса беретіндігін айта келіп, Президент «Нұрлы  Жол» Жаңа экономикалық саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» деп атап көрсетті.

Жолдауға негіз болған тағы бір маңызды тұс – Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі, оның инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы туралы болды. Бұл дегеніміз – елімізге көптеген инвестиция тартылып, ел экономикасының одан әрі қарышты дамуының басты кепілі деген сөз.

Бүгінгі жастар – ертеңгі еліміздің көсегесін көгертер мамандар. Болашақтың кілті –  солардың қолында. Осыны әріден болжап, терең түсінген Елбасы индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, мамандар дайындау мәселесіне терең тоқталды. 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттап, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Мұның өзі – Президенттің жастар болашағына жасап отырған үлкен қамқорлығы. «Мен жастар-біздің болашағымыздың тірегі дегенді әр кез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты. «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақта жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы – осы!» деген Елбасының бұл сөзі әрбір жастың санасына сіңіп, алға жетелер басты ұрандарына айналуға тиісті.

Байқап отырсақ, бүгінгі күні жұмыс жасауға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Елбасы өз сөзінде келтіргендей, білекті сыбанып еңбек етер кез келді. Алдағы күтіп тұрған жауапты жұмыстарды мүлтіксіз орындау барлығымызға да сын. Ортақ үйіміздің сәулетті де дәулетті болуы – өз қолымызда. Бұл сыннан білек біріктірген ұйымшылдық пен өзара түсіністікте ғана кедергісіз өтеміз.

Туған Отаныңды қадірлеп, ел-халқыңды құрметтеу, ата-бабадан қалған үгіт-өнеге мен асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра ету – «Мәңгілік ел» идеясының түп-төркіні. Ал, сол мақсаттардың орындалуының қайнар көзі «Нұрлы Жол» болмақ.

Дінмұхамед ШӘРІПБАЕВ,

«Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз