Аудан әкіміне сөгіс жариялау ұсынылды

288420419 5272750766111803 2050818428048090607 n Саясат

Атырау облысында аудан әкіміне «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын тиісті деңгейде орындамағаны үшін сөгіс жариялау ұсынылды.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен Атырау облыстық мәслихатындағы Amanat партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Отырыста «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «AMANAT» партиясы Атырау облысының сайлауалды бағдарламасының 2021 жылғы орындалмаған іс-шаралар және 2022 жылы орындалмау қаупі бар іс-шаралар талқыланды.«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресовтің мәліметінше, өткен жылғы партияның сайлауалды бағдарламасының 716-индикатор орындалуы тиіс болса, оның 12-сі жүзеге аспаған.Орындалмаған шаралардың басым бөлігі Индер ауданында тіркелген. Мәселен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін орнату, Болашақ шағын ауданына жол салу, Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысын аяқтау, Көктоғай ауылына 90 орындық балабақша салу және Б.Нысанбаев атындағы орта мектепке 120 орындық жапсаржай құрылысын салу жұмыстары кешіктірілген.

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін іске қосу үшін электр желісін жүргізуді және полигонды қоршауды қажет етеді. Болашақ шағын ауданындағы жол салу жұмыстары дайын жобалау-сметалық құжаттары болмауына байланысты қаржы бөлінбегендіктен орындалған жоқ. Есбол ауылындағы мектептің құрылысы нарықтағы материалдың бағасы өсуіне байланысты баға жаңадан енгізілуде. Іс-шаралардың барлығында осындай мәселелер болуына байланысты кейінге қалдырды. Сіздерден аталған шараларды 2024 жылға дейін созуды ұсынамын, деді Индер аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Жанай Амантурлин.

Аталған мәселеге аймақ басшысы халық алдында берген уәдені орындау қажеттігін айтты.

– Бағдарлама жасақтау барысында қателіктер кеткен болса, қажетті өзгерістерді енгізу қажет. Халық алдында берген уәделерді түрлі сылтаумен жылы жауып қоюға болмайды. Жүзеге асырылмай тұрған жобаларды әлі де талқылап, шешім шығару қажет. Нақты әрі кешенді жоспар жасақтап, іске асыру керек, деді Серік Шәпкенов.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «AMANAT» партиясы Индер аудандық сайлауалды бағдарламасының 2021 жылғы орындалысын толық қамтамасыз етпегені үшін Индер ауданы әкіміне сөгіс жариялау туралы облыс әкіміне ұсыныс жасалды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз