«АТЫРАУ-АСТРАХАН» ТАС ЖОЛЫ

келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді

«Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде кезекті баспасөз брифингі өтті. Онда аймақтағы жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйіне көңіл бөлінді. Осы мақсатта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып, қолға алынып жатқан жобалар да аз емес. Бұл туралы брифингте облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешев баяндады.

 

Баяндамашының айтуынша, республика көлемінде көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мерзімге қабылданған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттің есебінен соңғы үш жылда (2013-2015) облыста да ауқымды шаралар жүзеге асырылған.

Осылайша, тек ағымдағы жыл басынан бері жалпы ұзындығы 126 шақырым жол жөнделген. Өткен жылдары «Атырау-Индер» тас жолының 20-100 шақырым аралығы күрделі жөндеумен қамтылса, биыл 100-170 шақырым аралығын қамтитын бөлігі бойынша жұмыстар жалғастырылып, аяқтала келген.

Мұның сыртында, қайта жаңғырту бағдарламасымен ел қазынасынан қаралған қаражатқа жөнделуі жоспарланған облыстық маңыздылықтағы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автожолының Миялы-Сағыз аралығын байланыстыратын 114 шақырымы алдыңғы жылы пайдалануға берілсе, 123 шақырымды құрайтын «Қарабау-Миялы» бөлігіндегі қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда.

Өңірімізде кіші авиацияны және шалғай елді мекендермен қатынасты жақсарту үшін Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан, Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылынан, сондай-ақ, Миялы селосынан соған лайықталған әуежай құрылыстарын салу жоспарлануда.

2016 жылы республикалық маңыздылықтағы «Атырау-Астрахан» күрежолының құрылыс жұмыстары  басталмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын бұл жоба бойынша жоспарланған жұмыстарды атқаруға алты бірдей мердігер мекеме тартылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылдың ортасынан әрмен қарай басталып кетеді деп межеленген.

Дәулетқали АРУЕВ.      

 

Облыс аумағындағы автомобиль

жолдарының жалпы ұзындығы

3051, 6 шақырымды құрайды. 

2061,6 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болып есептелінеді. 

875 шақырымы немесе 42 пайызы – қанағаттанарлық, 1186,6 шақырымы немесе 58 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда деп бағаланып отыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз