Атырау туризмге сұранып тұр

36122 6 v atyrau proshlo rassh ru Саясат

Жолдау жолдарынан:

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек»…«Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек»

36122-6-v_atyrau_proshlo_rassh_ru

Мемлекетіміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын еліміздің болашақ бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа міндеттерді Қазақстан халқына Жолдауы арқылы жеткізуді дәстүрге айналдырды.

Көп ұлтты халқымыздың осынау тарихи құжатты асыға күтіп отыратыны да рас. Жуырда ғана қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі басым бағыттарын жариялаған Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін одан әрі бекіте түскендей болды.

Жолдау тарауларын зер сала оқи отырып, мен бірер мәселе төңірегінде ой-пікірімді білдіруді жөн көрдім. Елбасы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұны ел келешегі – жастарға үміт арту, болашақты бағдарлау, ертеңгі күнді солардың қолына сеніп тапсыру деп түсіну қажет. Сондықтан, жас ұрпақ тәрбиесі бүкілхалықтық мақсатқа айналуы керек. Өкініштісі сол, біздің жастарымыздың арасында болашаққа деген талпыныс, ізденіс сияқты қасиеттерді өз дәрежесінде деуге әлі де ертелеу.

Мәселен, кезінде Президент бастамасымен қабылданған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, өнер және мал дәрігері мамандықтары бойынша жоғары білім алған әрбір жас маманның жүрегінен орын таппағаны қынжылтады. Елге барып, ауылды жерсінбей аз ғана уақыт ішінде қаладағы ата-аналарына кері қайтатындар қарасы көбейді. Ал, ауыл жастарынан мұндай қажетті мамандықты меңгеруге әзірге құлшыныс байқалмайды.

Мамандық таңдау бағыты уақыт талабымен үндеспей жатыр. Әлі де болса заңгер мен экономист мамандықтарына қызығушылық басымырақ. Ал, бүгінгі технология, индустрияландыру заманында, сандық жүйе, ауыл шаруашылығы, медицина, педагогика саласына ниет білдірушілер қатарының аздығы қынжылтады. Соның нәтижесінде аталған салалар бойынша маман кадрлар тапшылығы сезіледі.

Елбасы Жолдауында жоғары оқу орындарының басты көрсеткіші – түлектерінің сұранысқа ие болуы екендігі атап көрсетілген. Демек, жастардың сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына, кәсіптік бағыт-бағдар беруге, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне ерекше назар аударса дұрыс болар еді.

Президенттің халыққа Жолдауында көтерілген тағы бір түйткілді мәселе – туризмді дамыту. Өңірде туризмді дамыту ісі кенжелеу қалғаны шындық. Ал, қазыналы өңірдің көне тарихынан сыр шертерлік киелі орындар аз емес. Иек астындағы Сарайшық тарихи-мемориалдық кешенінің құрамындағы Алтын Орда мемлекетінің астанасы – Сарайшық қаласы мен қазақтың жеті ханы жерленген тарихи орындары, ХІІІ-ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері мен аңыз әңгімелері алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің назарын аудармауы мүмкін емес. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлері» географиясы тізіміне енген Индердің Қараойында жерленген дауылпаз ақын Махамбет мазары, қасиетті кең Жылыой топырағындағы Бекет атаның ата-анасының мәңгілік мекені – Ақмешіт, екінші алтын адам табылған Аралтөбе өңірі, Иманқара-Қойқара үңгірлері және басқа да тарихи орындар да туристер мен жастардың, мектеп оқушыларының ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Біздің өңірде туризм саласын кеңінен өрістетуге бұдан да басқа мүмкіндіктер баршылық. Айталық, Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауы табиғатының сыйы, Индердегі тұзды көлдің қасиеті келушілер назарын өзіне аудартары хақ.

Қазір Азиядағы туризмнің аса дамып келе жатқан елі – Моңғолия. Бұл елде аспанасты мұражайлары, аспалы табиғи тастар шетелдік туристердің ер қанаты – атпен де, жаяу да барып, ай астындағы түннен, тыныштықтан ләззат алып, табиғатпен тілдесіп қайтатын орындарына айналған.

Қысқасы, облысымызда туризмді дамытуға барлық жағдайлар бар, тек оны ұтымды ұйымдастырып, тиімді пайдалануымыз қажет-ақ. Ал, туризм елді, оның ежелгі көне тарихын, әсем де сұлу табиғатын, мәдениеті мен өнерін төрткүл дүниеге танытатын бірден-бір табысты сала емес пе?!

Мұрат ӨТЕШОВ,

облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы,

Атырау облысының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз