АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МҮГЕДЕКТЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН КЕҢЕСШІСІ ЕТІП ТАҒАЙЫНДАДЫ

      Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын аймақ басшысына жеткізіп, мәселелерді шешуге атсалысып отыратын арнайы кеңесші тағайындалды. Бұл облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өңірдегі мүгедектер ұйымдарының белсенді өкілдерін қабылдауында белгілі болды. 
Осы аптаның басында Үкімет үйінде Премьер-министр Серік Ахметов өткізген селекторлық кеңесте мүмкіндігі шектеулі жандардың түйткілді мәселелері ортаға салынып, нақты тапсырмалар жүктелген еді. Осыған орай кеше аймақ басшысы мүгедектердің басын біріктіретін түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін арнайы қабылдап, олардың мұң-мұқтажымен жан-жақты танысты.
- Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде атқарушы билікке жеткізетін, екі жақты қарым-қатынасты жақсарту мақсатында облыс әкімінің кеңесшісін қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай кеңесшілікке облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап Абдрахимовты тағайындаймын, - деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов.
Қабылдаудың басынан-ақ қамкөңіл жандарға елімізде айтарлықтай көмек көрсетілгенмен, мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, кездесетін қиындықтар да аз емес екендігі айқын аңғарылды. Алдымен сөз алған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап Абдрахимов аймақта 15780 мүгедек бар болса, олардың барлығына дерлік ортақ түйінді мәселелерге тоқталды. Оның атап айтқанындай, біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарды алаңдататыны – коммуналдық қызметтерге тарифті 50 пайызға төмендету мәселесі.

– Әсіресе, І, ІІ топ мүгедектеріне су, жарық, жылуға төлейтін ақыларына жеңілдік жасалса дейміз. Екіншіден, бізде ондай жандарға көмек көрсетіп отыратын компаниялар, мекемелер бар. Мүмкіндік болса, базар басшылары болсын, кәсіпорын болсын, тұрмысы тым ауыр жағдайдағы мүгедектерді тұрақты қамқорлығына алып, ай сайын белгілі бір мөлшерде азық-түлігімен қол ұшын берсе жақсы болар еді. 
Үшіншіден, мүмкіндігі шектеулі болғанмен, арамызда білімді, қажырлы, проблемамызды жетік білетін жандар аз емес. Солардың облыстық, қалалық, тіпті аудандық мәслихат депутаттары қатарында болғанын қалаймыз, – деген қоғам төрағасы жекеменшік компаниялардың демеушілігімен арагідік қолдау-көмек жасалып жүргенін де айтты. М.Абдрахимов бір жыл ішінде мекемелерге осындай қырық шақты хат жазғанмен, оның жетеуі ғана қол ұшын бергенін жасырмады.
Қазақ зағиптар қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы, І топ мүгедегі Нұрғали Алтынбеков те мәселелерді ортаға салды.
«Мүгедектер спорты» ҚКМК өкілі Манас Қожасов Балықшы ықшамауданында орналасқан орталыққа келушілер спорттың 14 түрімен айналысатынын, әсіресе, мұнда отырып ойнау волейболы жақсы дамығанын атап өтті. Осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы атанған команда қазірде Ираннан бапкер шақырып қойыпты. Болашақта олар параолимпиадалық ойындарға лицензия алуға жұмыстанып жатыр екен.
«Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның төрайымы Гүлбаршын Нұржігітова он жылдан астам қызмет етіп келе жатқан ұйымның жұмысының нәтижесінде облыста сауықтыру орталығы құрылғанын, «инватакси» қызметі қолға алынғанын атап айтты. 2010 жылдан бері бұл бағдарлама облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып келеді. Арнайы транспорт арқылы олар спорт кешендеріне барып шынығып-шыңдалады. Алайда, бізде балаларды оңалтатын орталықтың жоқтығын айтқан ол осы мақсатта жұмыстанатынын жеткізді. Әсіресе, түрлі аурулармен ауыратын балаларға оңалту қажет-ақ. Кей ата-аналар мұның нәтижесін көріп үлгерді. «Балалар – болашағымыз» десек, олардың оңалып кетуіне жағдай жасалуы тиіс.
Соңында Манап Абрахимовты кеңесші етіп тағайындайтынын жариялады. Ол енді мүгедектердің мәселелерін нақтылап, оның орындалысын бақылап отырады. Бір сөзбен айтқанда, билік пен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байланысты нығайта түспек.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз