АЙТЫЛҒАН СЫН ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСА…

Мұқыр ауылдық округінің орталығындағы Мұқыр орта мектебінің мәжіліс залында тұрғындар алдында есеп берген Мұқыр ауылдық округінің әкімі Естай Мақсотов «Мұқыр ауылдық округінің 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2014 жылы алда тұрған міндеттер» туралы баяндады.
Ауыл әкімі 2014 жылы атқарылатын міндеттерге тоқталды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, округ халқын тұрақты көкөніс өнімдерімен қамту мақсатында жылыжай құрылысын және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы арқылы несие алып, құс өндіру цехын салу жоспарлануда. Бұл игілікті жұмыстарды жеке кәсіпкерлер Марат Бақытов пен Амангүл Сәрсенғазина қолға алуды ұйғарып отыр.

Жиналыста сөз алған ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақниет Сахиев:
– Ауылішілік және республикалық дәрежедегі Ақтөбе-Астрахан жол қатынасы сын көтермейді, Мақат-Сағыз жолы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Атырау-Мұқыр-Миялы бағыттары бойынша кәсіпкерлер арқылы жолаушылар үшін автокөліктерді жолға шығарып, кестесі, тәртібі ретке келтірілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деп сөзін сабақтады.
Зейнеткер Жалғас Жетібаев былай деді: – Баяндамада біршама нәрселер жасалғаны айтылды. Дегенмен, адам тағдыры туралы, экологиялық жағдайлардың жайы тасада қалды. Қытайлық «СағызПетролеумкомпании» ЖШС ауылдан 900 метрдей жерден шұңқырлар қазып, май төгіліп жатыр. Радиациялар бар болуы мүмкін, бұлар неге айтылмайды?
Зейнеткер Төлеу Тайжанов: – «Ауруын жасырған өледі» дегендей, тұрғындарға емхана керек. Төтенше жағдайлар бола қалса, Мұқыр селосында өрт сөндіру мекемесі жоқ. Сондықтан, өрт сөндіру бекеті ашылса деген ұсынысым бар,-деді.
– Ауылымызда 5 мың тұрғын бар. Қазір бас дәрігер Гүлсім Абдуллина оқуға кетуіне байланысты бір дәрігер қызмет көрсетіп жүр. Ауылға аурухана да, дәрігерлер де керек. Дәрігер шақыртып, үй жағдайын жасаса, бос тұрған баспаналар жетеді. Балаларға музыка мектебі салынса деген ұсынысым бар. «300 орындық мектеп салынады» делінген бұрынғы есеп беру жиналысында, бұл мәселе соңғы кездері айтылмай қалды. «Округ бойынша 15000 бас қой бар деп айтылды» баяндамада, ол адам басына 3 бас қойдан келеді деген сөз. Бұл – өте аз көрсеткіш. Сондықтан, мал басын көбейтуіміз керек,- деді зейнеткер Амангелді Сәрсембаев.
Зейнеткер Өтеген Ораш: – ауыл іргесімен күніге 15-20 тонналық машиналар май тасып, ерсілі-қарсылы жүріп жатыр, бұрында да айтылды, бірақ нәтиже жоқ, тиісті орындар арқылы осы мәселе шешілсе деген тілегім бар, – деп ойын жеткізді.
– Ауылымызда дәрігерлер жетіспейді. Екі-ақ дәрігер бармыз. Аудандық орталық аурухана бас дәрігеріне ұсыныс жіберілгенімен, ол жақта да дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан, осы жылдың қаңтар айынан бастап арнайы орта білімді екі фельдшер халыққа дәрігерлік көмек көрсете бастады, – деді Мұқыр отбасылық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Майжан Сүйеуова.
Жиналыста Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов сөз сөйледі.
– Бөлінген қаржылар игеріліп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Мал басы бруцеллез, аусыл сияқты аурулардың әсерінен азайғанымен, әртүрлі бағдарламалар арқылы мал басын көбейтуге субсидиялар берілді , – деді ол. – Алдағы жылы Мұқыр ауылдық округіне мәдениет үйін салуға жоба жасалуда. Сонымен қатар, бұйырса, Мұқыр, Жантерек ауылдарына таза ауыз суы толықтай келеді. Әр жоба өз кезегімен салынатын болады. Мұқыр селосына мектеп салу, емхана салу жоспарда бар. Аурухана салу мәселесі өте қиын. Дәрігермен қамту мәселесі келешекте шешімін табады. Жарамды техникаларды жеке кәсіпкерлер арқылы арнайы кесте жасақтап шешу керек.
«СағызПетролеумкомпании» ЖШС автомашиналарына жұмыс істеуге облыс әкімінің қаулысы шыққан, соған байланысты жұмыстарын жасап жатыр. Экологиялық әсерін зерттейтін өздерінің арнайы мамандары, құралдары бар. Төгілген май немесе зиян келетіндей оқиғалар дәйекті болған жағдайда арыз беріліп, сол арқылы мәселелері қаралатын болады. Биыл Мұқыр, орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүреді.

Мағрупа Бақытжанқызы,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз