АЙҚЫН БАҒЫТ, АЙРЫҚША МІНДЕТ

Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» белгілеп берген Ұлт жоспары бағдарламасына сәйкес, сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа Этикалық Кодексін жасау және тағы басқа мәселелер Ұлт жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғандығын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған.

Ең алғашқысы, әрі маңыздысы сот жүйесі сатыларын оңтайландыру болып табылады. Турасын айтсақ, үш сатылы сот жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсет­кендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзар­туға ықпал етуі мүмкін. Сот ше­ші­мінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы – республика атынан шешім қабылдайтын соттардың беделіне нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Себебі, апелляциялық және кас­са­циялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануы сот істерін қараудың созылып кетіп, шешім қа­был­даудың қиындауына да негіз болады. Ке­ңестік кезеңнен қалған бес сатылы сот жүйесі бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін неғұрлым жедел, әрі сапалы қорғауға өзінің кері әсерін тигізеді.

Алдағы жылдың басынан бастап бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық са­ты – Жоғарғы сот болады деген ше­шім қабылданып отыр. Бұл шешімді Мем­лекет басшысы да қолдауда. Еліміздің Конституциясына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәр­те­бесі туралы» Конституциялық заңға, сондай-ақ, кейбір заңдарға тиісті өз­ге­рістер енгізгеннен кейін сот жүйе­сі жаңа үлгіде жұмыс істейтін болады.

Индер аудандық сотының атқарған жұмыстарына тоқталсақ, бірінші жартыжылдықтың ішінде азаматтық іс бойынша 225 арыз түскен. Өткен жылдың осы кезеңінде 181 арыз түскен болатын, яғни,  былтырмен салыстырғанда 44 арызға немесе 19,6 пайызға арыздың көбейгені байқалады. Олардың 2-уі кері қайтарылған болса, 2014 жылдың 6 айында 18 арыз қайтарылған. 213 арыз бойынша азаматтық іс қозғалып, 209 негізінен қаралып аяқталған (өткен жылы 153 аяқталған). Негізінен қаралып, аяқталған істер саны 56 іске немесе 26,8 пайызға артқан. Бұл тұрғыда азаматтардың құқықтық сауаттылығы, сотқа деген сенімі жоғарылауда деп бағалаймын.

Осындай жағдай қылмыстық істер бойынша да орын алып отыр. Атап айтқанда, 2014 жылдың 6 айында 29 қылмыстық іс түсіп, қаралған болса, 2015 жылдың осы кезеңіне 20 қылмыстық іс түсіп, қаралды. Құқық бұзушылық пен қылмыстың азаюы, әрине, қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, мұның себебінің бірі заңдарды ізгілендіру бағытында қабылданған 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерінің жаңа талаптары деп есептеймін.

Қазіргі таңда басты талаптардың бірі, тағайындалған сот отырысын созбалаңға салмай, уақытылы бастап, аяқтау болып отыр. Осы бағытта сот залдарына аудио-бейне жазба құралдары орналастырылған. Алайда, аудандық соттар судьяларының істі уақытылы бастамау себептері: тараптардың шалғай ауылдарда тұрып, сотқа кешігіп келулері, олардың тұрғылықты жері аудан аумағында болғанымен жұмыс орындары ауданнан тыс, вахталық жұмыс жасауы болып отыр.

Қазіргі кезде бір сот залы аудио-бейне жазба құралымен қамтылған. Заман талабына сай, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер 100 пайыз аталған құралдарды пайдалану арқылы қаралуы тиіс. Соның себебінен судьялар сол залға кезек күтуге мәжбүрлік тууда. Болашақта барлық сот залдары аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықталатын болады.

Қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған мәселелердің бірі  бұл – құқықтық мемлекетте өмір сүре отыра, азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының төмендігі. Осыған орай, мемлекет саясатының негізгі құрамдас бөлігі – адамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру болып отыр.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында сот қызметі жүйесіне ерекше назар аударады, сот төрелігін арттыруда заң мен ар-ожданды басшылыққа алу керектігін айтады. Елбасы 2013 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан судьяларының Vl съезінде: «Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар» деп айтқан. Әділқазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз және оларды жатқа білу де мүмкін емес. Ең бастысы, судья әділ, сауатты болуы қажет деп есептеймін.

Атырау облыстық сотында судья әдебінің комиссиясы қызмет атқарады. Оның құрамына облыс судьяларының ішінен үш адам әр екі жыл сайын сайланады. Бұл комиссия отырысында судьяның тарапынан сот процесі барысында ғана емес, тұрмыстық жағдайда, қоғамдық орындарда этика нормаларын бұзу, әдептілікке жат қылықтар орын алған жағдайда талқыланып, жаза қолданылуы мүмкін.

Елімізде «Медиация туралы» заң сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тиімді жолын айқындап берді. Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің Республикада жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітілді, заңнаманың ойынша олар соттарға нақты және жүйелі бәсекелес болуы қажет.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – біздің жұмысымыздың айқын бағдары. Сот – құқық саласында оны тиянақты жүзеге асыру – әлемдегі үздік дамыған отыз ел қатарына қосылуға жағдай жасайтыны сөзсіз.

Дина  ТҰХФАТОВА,

Индер аудандық сотының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз