Мәжіліс депутаты Қайыршақты мен Ақсай тұрғындарымен кездесті

img 20220513 wa0123 Саясат

Халық қалаулылары маусым айында өтетін референдумның мақсаты мен міндеттерін халыққа жеткізу үшін жұмыс сапарымен өңірлерді аралап жүр.

Бұған дейін Индер ауданында тұрғындармен кездескен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атырау қаласына қарасты Қайыршақты және Ақсай ауылдық округтерінде болып, халықпен жүздесті. Мәжіліс депутаты жиналыстың мақсат-мүддесімен таныстырған соң, тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойды.

Қайыршақты тұрғындары, соның ішінде белгілі гидрогеолог Едіге Сабуров референдумға міндетті түрде қатысатындарын және бұл әр қазақстандықтың азаматтық міндеті екенін атап өтті. Екіншіден, Конституцияны тарих оқулығына айналдырмау керектігін, Тұңғыш Президентке қатысты пункттерді Ата Заңнан алып тастауды қолдайтындықтарын жеткізді.

Ал, ақсайлықтарды толғандырған көп мәселенің бірі – зейнет жасын төмендетуге қатысты болды.
Мәжіліс депутаты тұрғындарға референдум өткізу арқылы енгізілетін түзетулердің негізгі тармақтарында көзделіп жатқан суперпрезиденттік модельден бас тарту, Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою, депутаттарды таңдаудың жаңа тетігі секілді маңызды өзгерістерге тоқталды.

– Конституциялық Кеңес өзінің сот мәртебесін қайтадан қайтарды, сондықтан бұл орган азаматтардың мәселелерін шешудің соңғы сатысы ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ, елде өлім жазасы жойылып, төтенше жағдайларды жоюға қаражат жедел бөлінеді, бұл жұмысты жедел жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Дүйсенбай Нұрбайұлы.

Тұрғындар Мәжіліс депутатынан «100 мектеп-100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, мүгедектерге арналған жәрдемақыны арттыру мүмкіндіктері туралы сұрады. Мәжіліс депутаты қойылған сұрақтарды Парламент мінберінен көтеретінін жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛТЕГІ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз