ЖАЙЫҚ БОЙЫНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН ӨҢІР

Бұған дейін де жария етілгеніндей, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірлерде қалай жүзеге асырылып, қандай жетістіктерге қол жеткізіліп, қай тұста кемшін қалып жатқандығынан жұртшылықты хабардар қылып, барды бағалап, болашақта атқарылатын жұмыстарды саралау мақсатында облыс, қала, аудан әкімдерінің тікелей эфирдегі баспасөз мәслихаттарын өткізу бүгінде дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр.

 

Халық тұрмысы

жақсара түсті

Осынау игі үрдіс біздің облысымызда да жалғасын тауып, қала, аудан әкімдерінің «Қазақстан-Атырау» телеарнасы арқылы халықпен дидарласуына мүмкіндіктер туғызылуда. Осылайша, сейсенбі, 2013 жылғы қазан айының 22-сі күні билік пен бұқараның байланысын арттыра түсуге септігін тигізетін осы шараның шымылдығы Махамбет ауданы әкімінің «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап өткізген брифингімен ашылды. Облыс әкімі аппаратының мұрындық болуымен іске асқан жаңа бастаманың мән-жайын кіріспе сөзінде егжей-тегжейлі түсіндірген облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Саламат Сабыр өңірдің биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен таныстыру үшін сөз кезегін аталған ауданның басшысы Ерлан Жаңабаевқа жолдады.

Әкім әңгімесінен аңғарғанымыз, бүгіндері Махамбет ауданы тұрғындарының тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты әлдеқайда жақсарған. Адамдар бұрынғыдай жоғарыға қарап, алақан жайып, сұраудан гөрі, өз қажеттіліктерін өздері қамтамасыз етіп, өз беттерімен өмір сүруге, тірліктерін күйттеуге, шағын болса да кәсіппен шұғылданып, нәсібі мен нәпақасын табуға дағдыланып, бейімделген. Әсіресе, ауылдағы шаруаға мойын бұрып, ден қоя бастаған. Ата кәсіп-мал шаруашылығымен, одан қалды дария бойын жайлаған елдің ежелгі кәсібіне айналған егіншілікпен шұғылдануға ынталылардың қатары өскен. Халыққа көрсетілетін қызмет түрлерімен, соның ішінде бұрыннан қалыптасқан сауда-саттықтан өзге тұрмыстық, мәдени-спорттық, сауықтыру шараларын ұйымдастыру, әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуге ниеттілер де табылуда.

ЕГІНГЕ ЖҰМЫЛҒАН ЕЛДІҢ ЫРЫЗДЫҒЫ МОЛ

Жайық өзенінің қос бетін қоныстанған өңір экономикасының жетекші де негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Сол себепті де басты назар оны инновациялық технологияларды енгізе отырып, заман талабына сай дамытып, өркендетуге аударылған.

Соның нәтижесінде, соңғы үш жылда осы салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 11,4 млрд.теңгеге жетсе, ағымдағы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 2,7 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 3,3 пайызға артқан. Нақтылай кетсек, егістік жердің көлемі былтырғыдан 70 (1363-тен 1433-ке) гектарға көбейтілген. Соның ішінде картоп егістігі-23, бақша дақылдары-19, көкөніс-41 және көпжылдық екпелі беде шөбі 17 пайызға дейін ұлғайтылған. Есепті мерзімде 1100 гектар алқаптың егінжай ырыздығы толықтай жиналып, 3174 тонна картоп, 10045 тонна көкөніс, 5054 тонна бақша өнімдері алынған. Айрықшалап айтуға тұрарлық жайт, Махамбет өзінің де, облыстың да халқын егін өнімдерімен қамтып, сұраныстарын өтеп отырған Атырау аймағындағы бірден-бір аудан саналады.

Бұдан бөлек, кейінгі жылдары өндіріске енгізілген егіндікті тамшылатып суару технологиясымен баптап-күтуді қолға алып, бұл істе де біраз тәжірибе жинақтап қалған махамбеттік шаруагерлер мұнда да тым тәуір табыстарды еншілеуде. Айталық, өткен жылы ауданда үш шаруашылық осындай әдіспен жұмыс жасап, 264 гектар жерге егін өсірсе, үстіміздегі жылы бұған бет бұрған құрылымдардың қатары 11-ге, ал олардың күтіміндегі егіндіктің көлемі 516 гектарға дейін көбейген. Тұтастай алғанда, бұл аудандағы барлық егіс көлемінің 36 пайызын құрап, алынатын өнім мөлшерінің молаюына да септігін тигізуде.

 Сонымен қатар, ауданда жылыжай шаруашылықтары да қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта 10 шаруашылық субъектісінің иелігіндегі жылыжайлардың жалпы ауданы төрт гектардан асқан. Олар да жоғарыда айтылып кеткендей, тиімділігі жоғары израилдік тамшылатып суару технологиясын жақсы меңгеріп, игілігін көруде. Азық-түлік белдеуін қалыптастырушы аудан болып есептелінетіндіктен мұнда ауыл шаруашылығы, әсіресе егін өнімдерін қыс айларында да сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы сыйымдылығы 3650 тонналық қоймалар жасақталған. Осы орайда, биылғы жылы ауданнан бес шаруашылық «Атырау» ӘӘК ҰҚ» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отырып, картоп тұқымын сатып алып, есесіне күзде ойдағыдай өнім жиып, азық-түлік бағасын тұрақтандырып, қорын жасақтауға да өзіндік үлестерін қосқандығын айтқан ләзім.

Және бір тілге тиек етеріміз, жыл басынан бері бір ғана егін шаруашылығы саласында 78 шаруашылыққа мемлекеттен 96,7 млн.теңге сомасында субсидия берілген.

АТА КӘСІП НӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ

Алдында айтқанымыздай, бұл күндері ауданда ата кәсіп-мал шаруашылығы да қайта түлеп, нәсіп пен табыс көзіне айналған.

Тоғыз айда өңірде төрт түліктің өсіміне қол жеткізіліп, қой-ешкі-35979, мүйізді ірі қара-14651, жылқы-3260 және түйе 3018 басқа жеткен. Жалпы көлемі 7351 тонна сүт, 3396 тонна ет, құс шаруашылығы бойынша 186 мың дана жұмыртқа өндірілген. Бір шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданса, 200 бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы іске қосылған. Келер жылы тағы екеуін пайдалануға беру жоспарланған.

Бұнда да шаруагерлерді қаржылай қолдау мақсатында қазынадан қайтарымсыз берілген қаражаттың көлемі 49,3 млн.теңгені құрап, 18 шаруашылық субъектісіне бөлінген. Осынша сомадағы ақша асыл тұқымды түлік күтіміне, осы санатқа кіретін мүйізді ірі қара және қой малдарының төлдерін сатып алуға, селекциялық жұмыстарды жүргізуге, ірі сабақты мал азығының құнын ішінара өтеуге, сондай-ақ мал өнімдерін дайындауға кеткен шығындарды жабуға бағытталған.

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ

КАРТАСЫ – ИГІЛІККЕ БАСТАуЫ

Аудан әкімі Ерлан Мақсотұлы одан әрі өңірде индустрияландыру қартасы шеңберінде іске асырылып жатқан шараларға тоқталды. Бұл ретте екі ірі жобаның қолға алынғаны (оның бірі «Первомайский» ЖШС-ндегі 500 бас мүйізді ірі қараға арналған, тәулігіне 10 тонна сиыр сүті өңделетін, екіншісі «АтырауАгроӨнімдері» ШҚ-на қарасты 600 бас ешкі түлігін өсіріп, тәулігіне 2,0 тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік беретін кешендер құрылысы) және бұл нысандардың осы жылдың аяғына дейін тапсырылатынын айтты. Біткен істің бірі – қыстық мал азығына қажеттілікті өтеу үшін көлтабанды алқаптардың (табиғи шабындық) көлемі ұлғайтылып, оларға су шығару мәселесі шешілген. Сөйтіп, керекті пішеннің 70 пайызын ауданның өз аумағынан әзірлеуге қол жеткізілген. Негізгі су көздерінің бірі болып табылатын каналдарды жөнге келтіріп, жүйелі жұмысын қамтамасыз ету бағытында да аймақ басшылығының қолдауымен қаражат бөлініп, біраз жұмыстардың жасалынғандығы алға тартылды.

ТҮЙТКІЛДІ ТҰСТАР ДА

ТАСАДА ҚАЛМАДЫ

Өзге өңірлердегі тәрізді, мұнда да бүгінгі күннің өзекті проблемаларының бірінен саналатын ауыл шаруашылығы мақсаттарына және жеке тұрғын үй салуға берілген жер телімдерінің мерзімді игерілмеуі себепті оларды мемлекет меншігіне қайтару шараларының барлығына қарамастан, кейбір қиындықтардың туындап отырғандығын да аудан басшысы жасырмады.

Бұлардан бөлек, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздейтін «Жұмыспен қамту-2020», елді мекендерді сапалы да таза ауыз сумен қамтуға бағытталған «Ақ бұлақ», жергілікті жерде кәсіпкерліктің өрістеуіне жол ашатын «Бизнестің жол картасы-2020», «Өңірлерді дамыту», «Қолжетімді баспана-2020», «Дипломмен-ауылға» мемлекеттік бағдарламалары аясында, қала берді құрылыс пен әлеуметтік салаларда (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау, т.б.) да оңғарылған шаруалардың, көптің игілігіне асып, кәдесіне жараған жұмыстардың аз еместігін, жетілдіре түсер тұстардың да табылатындығын әңгімесіне арқау етті.

Олардың арасынан жеке тұрғын үй салуға берілген жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуы, құрылыс нысандарына бөлінген қазына қаражатының игерілуі, инженерлік инфрақұрылымдардың тартылуы, жазғы су құбырының жүйелі жұмыс жасауы, мектептер мен балабақшалардың, медицина мекемелерінің, мәдениет ошақтарының күрделі жөнделуі, жаңадан бой көтергендерінің сапалы салынып, межелі мерзімінде тапсырылуы, халықтың күнделікті тұрмысына қажетті «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша құрылысы басталып, қайсыбірі тасталған нысандарда жоспарланған іс-шаралардың тиянақталып, тезірек пайдалануға берілуі сияқты кезек күттірмейтін мәселелердің барлығы айтылды.

САУАЛДАР ДА ЖАУАБЫН ТАПТЫ

Аудан әкімі Ерлан Жаңабаевтың баяндамасын мұқият тыңдаған  журналистер оған ойларында жүрген сауалдарын да қойды.

Мәселен, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Ринат Құлмағамбетов ауданда заңсыз жолмен балық аулаушылармен, яғни браконьерлікпен күрестің жайын қозғаса, «Атырау» газетінің тілшісі Меңдібай Сүмесінов бір кездері Сарытоғай, Жалғансай және Алмалы селоларында керемет алма бақтары болып, кейіннен құртылып кеткенін, осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істелініп жатқандығын алға тосты. Аталған басылым бас редакторының бірінші орынбасары Ермек Биғалиев Жайық өзенінің жағасында орналасқан бұл ауданда сонау жылдары қалың орманға бергісіз ну тоғайлықтардың болғанын, соңынан адамдардың оны отындыққа шауып алып құртқанын, соны қалпына келтіру бағытында қандай жоспарлардың барын, жалпы махамбеттіктердің судың жағасында отырып, аула-ауылын көгалдандыруға, жанға сая болар жасыл желек өсіруге деген ынталылықтары қалай екендігін білгісі келетіндігін меңзеді.

Әріптестерінің ойындағысын одан әрі жалғаған «Ақ Жайық» апталығының тілшісі Мұрат Сұлтанғалиев ауылды ауыз сумен жабдықтау жайының қағаз жүзінде қалғанын, тұрбаға қарап телмірумен күн кешіп отырған ағайындардың көптігін айтса, «Мұнайлы Астана» газетінің тілшісі Асантемір Қаршығаұлы қаланың іргесіндегі «Береке» ауылының да ауыз судан қиындық көріп отырғандығына, бұл мәселенің қалай шешілетіндігіне, Алмалыдағы селолық әкімдік үйінің өртеніп кетуіне байланысты жаңа ғимараттың қашан салынатындығына үңілсе, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Азамат Базарбаев Сарайшық қаласының орнын сақтап қалу үшін нендей қарекет жасалып жатқандығына, «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі ауылдардың тірлігіне қатысты сөз қозғады.

Ортаға салынған сауалдар мен орынды көтерілген мәселелердің бәріне де аудан әкімі толыққанды жауаптар қайтарып, туындаған қай-қай проблеманың да қаржы мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен, ретімен шешілетіндігін мәлімдеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз