ЖАНАРМАЙ САТУДЫҢ АКЦИЯСЫ

оның да өз тәртібі бар

- «Акцизделетін өнімнің бүлінуі», «акцизделетін өнімнің жоғалуы» дегендей тіркестерді салық мәселесіне орай жиі естиміз. Бұлар қандай өнімдерге қатысты, осы жөнінде түсінік берсеңіздер екен.

Д.ЖАМБЫЛҚЫЗЫ,
зейнеткер,
Атырау қаласы.

– Жалпы «акциз», «өнімнің бүлінуі», «өнімнің жоғалуы» деген сөздер салық қызметі саласында жиі қолданылады. Салық кодексінің 285-бабына сәйкес төтенше оқиғалар салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, ҚР-ның аумағында өндірілген және ҚР-ның аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын, акцизделетін тауарлар бүлінген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленеді.

Осы ереже өткізу үшін сатып алынған бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны бүлінген, жоғалған жағдайда да қолданылады. Тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің), оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында нашарлауы акцизделетін өнімнің бүлінуі деп түсіндіріледі. Сондай-ақ, оқиғаның нәтижесінде тауардың, оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында жойылуы немесе ысырабы акцизделетін өнімнің жоғалуы делінеді. Ал, салық төлеуші ҚР-ның заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен акцизделетін тауарлардың ысырабы, бұған қоса өндіруші нормативтік және техникалық құжаттамамен регламенттейтін нормалар шегіндегі ысыраптар жоғалу болып табылмайды.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 3 ақпандағы №197 қаулысымен бекітілген мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларациялардың нысандарын, оларды ұсыну және жасау қағидаларына сәйкес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерін (филиалдар мен өкілдіктер) қоспағанда, мұнай өнімдері базасынан мұнай өнімдерін көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша салық органына осы қаулымен бекітілген «Мұнай өнімдерін көтерме жеткізушілердің мұнай өнімдерінің айналымы теңгерімі» мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияның нысаны бойынша мұнай өнімдерінің айналымы жөнінде декларация табыс етеді.

Мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар да салық салуға байланысты объектілердің орналасқан орны бойынша салық органына осы қаулымен бекітілген «Мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушылардың мұнай өнімдерінің айналым теңгерімі» жөнінде декларация тапсыратын болады.

Салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар салық кодексінің 70-бабына сәйкес енгізіледі. Сонымен қатар, осы қағидаларға сай, жеке және заңды тұлғалар бұрын тапсырылған мұнай өнімдерінің айналымы бойынша декларацияларға толықтырулар енгізу және (немесе) қателерді түзету қажет болған жағдайда, бұрын тапсырылған мұнай өнімдерінің айналымы бойынша декларацияларына түзету нысанын тапсырады. Түзету нысанында салық төлеушінің тіркеу нөмірі, жеке және заңды тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), бизнес сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН) (ЖСН/БСН 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті түрде толтырылады), есепті кезең және тек жолдың белгілі бір бағандарының мәнін ұлғайту немесе азайту қажеттілігіне қарай қосу немесе алу мәнімен бағандарына өзгеріс енгізу қажет жолдардың нөмірлері көрсетіледі.

Салық кодексінің 282-бабының 6 тармағына сай акцизделетін тауарлар жоғалған жағдайда, акцизделетін тауарлар жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады. Осы жағдайда жыл аяғына жасалған түгендеу актісі және жанар-жағармайдың жоғалған көлеміне жасалған есептен шығару актісі операция жасалған күн болып табылады. Түгендеу жүргізілген және жетіспеушілік анықталған айға декларация есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етіледі және осы анықталған жетіспеушілік кезекті декларацияда көрсетілуі мүмкін.

Осыған байланысты жетіспейтін жанар-жағармай көлемін кезекті акциз бойынша салық есептілігінің тиісті жолында көрсету керек. Жетіспейтін жанар-жағармай көлеміне салық кодексінің 285-бабына сай акциз салығы салынуы тиіс.

Ғ.ТАШЕКЕНОВ,
Атырау облысы бойынша Салық департаменті
Акциздерді әкімшілендіру басқармасының бас маманы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз