ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРГЕ – ЖАҢАРҒАН ҚҰРАММЕН

Парламент Мәжілісі өзінің тарихи миссиясын орындады. Қазіргі құрам қызметін бастағаннан бері 80-нен аса заң қабылдады. Олардың бәрі де әлеуметтік-экономикалық дамуымызды жалғастырып, еліміздің ілгері басуына оң ықпал еткені сөзсіз.

 

Енді Елбасымыздың баршамыздың алдымызға қойып отырған жаңа міндеттерін жүзеге асыру үшін тың күш керек. Міне, сондықтан, біз өз өкілеттілігімізді мерзімінен бұрын тоқтатып, кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізуді дұрыс деп таптық. Бұған дейінгі тәжірибенің оңдылығы көрсеткеніндей, жергілікті мәслихат сайлауын қоса ұйымдастыру бюджет қаражатын біраз үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрі сайлаушыларға да ыңғайлы.

Қазіргі күннің шындығы қандай? Жасыратыны жоқ, бүгінде дүние жүзін дағдарыстың дауылы жайлады. Әлемнің төрт бұрышын түгел шарпыған экономикалық тежелу бізді де айналып өтпеді. Тәуелсіздік алған сәттенақ ашықтық саясатын ұстанған Қазақстан алысжақын шетелдермен тығыз байланыста. Демек, сырттың салқыны елімізге де тиеді. Республика экспортқа негізінен мұнай тасымалдайтындықтан «қара алтын» құнының құлдырауы бюджет түсімін тым төмендетіп жіберді. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы да түсіп кетті. Бұрын жоспарланған көптеген жобаларды кейінге қалдыруға тура келді.

Ашығын айта аламын, бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі өзіне жүктелген міндетті орындады, сайлаушылар сенімінен шықты. Комитеттерде кәсіби мамандар жұмыс жасады. Бір заңды қабылдау немесе оған өзгеріс енгізу үшін қаншама тер төккеніміз өзімізге ғана аян. Енді тың күш керек. Мемлекет басшысы белгілеген ауқымды шараларды мәреге жеткізу депутаттар корпусының жаңа құрамына жүктелмек. Ендеше, іске сәт!

Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз