ЖҮРЕКТЕН КІРІП, БОЙДЫ АЛАР…

Мұнайлы  Мақаттың  мәдениет  күндері  әдемі  әсер  сыйлады

«Қойнауы құт, жері дарқан мұнайлы өлке – Мақатым». Осындай атауды арқау еткен Мақат ауданының мәдениеті күндері Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында сән-салтанатымен өтті. Айта кетелік, мәдениет күндері мерекесі «Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік  ел тұғыры » аталатын өнер фестивалі аясында өтіп отыр. Мұнайлы мекеннің мәдениетін ұлықтайтын мерекелік бағдарламада әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер төгілді. Мақаттық өнерпаздар атыраулық өнерсүйер қауымға  рухани әдемі әсер сыйлап, көңілдерін шалқытты. 

 КӨРМЕДЕ КӨП СЫР

Мерекелік шара театр фойесінде ұйымдастырылған көрмеден бастауын алды. Көрмеде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін, ұлттық салт-дәстүрлердің озық салтанатын, жаңалықтары мен жетістіктерін көруге мүмкіндік мол болды. Кәсіпорындары өндіретін өнім түрлерін тізіп, даму әлеуетін танытқан аудан көрмесі берекелі тіршіліктің бет-бейнесін көрсеткендей. Қолда барын шашау шығармай, көркем де жинақы, мағыналы етіп назарға ұсынды. Өнер мен білімдегі бедерлер, кәсіпорындардың қауқары да бір-бірімен үндесіп, көз қуантты.

 Мәселен, бала кезден ІІ топ мүгедегі Амангелді Мұхтаровтың қолынан шыққан тоқыма бұйымдары, қатты қағаздан жасалған жеміс-жидек салуға арналған кәрзеңке мен ағаштан ойылған тұлпар да келушілердің ыстық ықыласына ие болды. Сол сияқты, Карина  Бисенованың  нәзік  те  салалы саусақтарынан өрілген бисермен әрленген картиналары мен гүлі бала жүрегінің нәзіктігін, табиғи сұлулыққа іңкәрлігін паш еткендей. Мүмкіндіктерінің шектеулігіне қарамай, қолынан өнер тамған өрендердің өмірге деген құштарлығына риза болмасқа шараң жоқ.

Аудандағы мүмкіндігі шектеулі әйел азаматтар жасаған дүниелері, тоқыған бұйымдары, салған сурет­тері тамашалағандардың қызығушылығын туғызды. Мақат аудандық «Мейірім» тігін цехы 2008 жылдан бері тоқыма, тігін бұйымдарын өндіріп келеді. Мәселен, маман киімдері, мектеп формалары мен ұлттық киімдері, құрақ көрпелері бүгінгі көрменің сәнін келтірді.

Көрмеде «Шапағат нұры» мүгедектерді қолдау шеберханасы қызметкерлерінің де бұйымдары болды. Шеберхана басшысы Гаухар Нұрланқызы өткен жылдың желтоқсанында ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие алып, тігін шеберханасын ашады. Мекемеде екі пішуші, үш тігінші еңбек етуде. 

– Алдағы күндері Қытайдан жүн жуатын, түтетін және көрпе тігетін машина алдыртайын деп отырмын. Осыған орай, тағы екі-үш мүгедек жанды жұмыспен қамтымақ ойым бар, – дейді кәсіпкер.

Ал, М.Баймұханов атындағы орта мектеп мұғалімі Ахат Дәулетовтің ұлттық нақышта жасалған  кебеже, сандық, тостаған, бесік және ер-тоқым секілді ат әбзелдері де көрменің көрігін келістіре түсті.  Аталған мектеп оқушыларының да еңбектері –  газеттен тоқылған себеттер мен түрлі-түсті салфеткалардан жасалған ондағы гүлдері, әртүрлі қағаздан жасалған бұйымдар атыраулықтардың жүрегіне жол тапты.

Аудандық тарихи-өлкетану мұражайы алып келген экспонаттармен жасақталған көрме құдды бір мұнайлы өңірдің  табиғатын көз алдыңызға елестеді. Ондағы ауданның мақтанышына айналған тұлғалар жайлы сыр шертетін фотоларда тарихи тұлғалар Сабыр Шәріпов, Боран Айтмағанбетов, Сабырғали Зорбаевтар, т.б  бейнеленген. 

Бүгінде мұражай қорында 4000-нан  астам жәдігер бар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған экспозиция «Отан қорғау жолындағы боздақтар», «Соғыс кезіндегі қаһармандар» және «Тылда еңбек еткен ардагерлер» атты үш бөлімнен тұрады. Сонымен бірге, ұлттың салт-дәстүрін бейнелейтін жәдігерлер де көрермендерге тарту етілді. Самаурын, күбі шелек, мосы мен келі, келісап, қалқан мен айбалталары қойылған көрме қазақтың салт-дәстүрін саралап, тарихын таразылады.

Өндірісті өңірдің барлық саласын қамтыған көрме қонақтарды аудан тынысымен етене таныстырды. Мұнда ілінген көрнекіліктерде  ауданның аумағы – 4,9 шаршы метр, ал халқының саны 29 792 адам деп көрсетілген.

Мақат ауданы жайлы айтқанда, алдымен, белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар, мұнай бер…» деп басталатын жыр жолдары ойға оралады. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыста Доссордан өндірілетін «қара алтын» тікелей майданға танктерге құю үшін жөнелтіліп отырған. «Доссор мұнайына деген қызығушылық негізі соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де арта түскен. Доссор мұнайшылары соғысқа алынбай, броньмен мұнай өндіруге қалдырылғаны айтылады деректерде. Соғыс жылдарында доссорлық мұнайшылар 12 сағаттық жұмыс кестесімен толассыз мұнай өндірді. Сөйтіп, тылдағы еңбектің көрігін қыздырды» дейді «ДоссорМұнайГаз» өндіру басқармасының» әлеуметтік салалар жөніндегі орынбасары Самат Мұхамбетов. 

Ауданның тыныс-тіршілігін, тарихи құндылықтарын, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын, қолөнерлері мен табиғи байлықтарын айшықтаған көрмелерді тамашалаған көпшілік көп болды. 

ӘН КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

Көпшіліктің талғам тамырын тап басқан көрмеден соң өнер мерекесі өндірісті өңірдің  өнерпаздары ұсынған «Қойнауы құт, жері дархан мұнайлы өлке – Мақатым» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Мақаттық мәдениет сайыпқырандары бар өнерлерін паш етіп, сахна төрін сазға бөледі. Салтанатты шараны залға лық толған қонақтармен бірге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыс басшысының орынбасарлары да тамашалады.

Сахна төріне көтерілген мұнайлы мекеннің дарынды ұл-қыздары өнерлерін ортаға салды. Алдымен, Мақат аудандық халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйі көптің көңілін бір серпілтіп алса, ансамбльдің сүйемелдеуімен ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенжебике Төлебаева поэзия патшайымы Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған жергілікті әуесқой сазгер О.Жақсыбековтің «Мақат түнін» әуелетті.

Жыр-термені нақышына келтіре тыңдарманға жеткізу шығармашылық шеберлік пен кең тынысты дауыс ырғағын қажет етеді. Осы тұрғыда Наурызбай жыраудың «Азамат асыл кемеңгер» туындысын орындаған облыстық жыршы, термешілер байқауларының жүлдегері Болатбек Сатыбалдиев жұртшылықтың жүрек тамырын жібіте түсті. 

Ал, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың  әндерін орындаушылардың «Еділ мен Жайық» халықаралық фестивалінің жүлдегері Жанат Өтепова аталған композитордың «Доссор вальсі» әнін, «Тәуелсіздік – тірегім, тәбәрігім» атты халықаралық фестивалінің Гран-при иегері кішкентай Аружан Хасанова К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» әнімен көпке әдемі әсер қалдырды. Жас таланттардан құралған «Шаттық» бишілер тобы да мың бұралып, күй ырғақтарымен астасқан әсем билерімен көрерменнің көз қуанышына айналып отырды. Сондай-ақ, бағдарлама барысында мақаттық ақын-сазгерлердің шығармалары да шырқалып, шараны шат-шадыман ете түсті.

Ал, бір топ ардагер әншілерден жасақталған хордың орындауындағы М.Төлебаевтың «Кестелі орамалы», республикалық конкурстардың жүлдегері Бақытбек Сартбаев орындаған С.Бәйтерековтің «Әлиясы» жиналғандардың жанын еріксіз жадыратып жіберді.

Мақаттықтар ұлтаралық татулықты ерекше ұлықтайды. Көрермендер концерттік бағдарламада оған анық көз жеткізді.  Олай дейтініміз, шарада өзге ұлт өкілдерінің де әндері шырқалып, билері биленді.

Аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық  драма театры әртістерінің Абылай хан туралы тарихи деректер негізінде көрсетілген қойылымы да өнерсүйер қауымның рухын көтерді. Онда жаугершілік замандағы өмірдің бір парасы көрініс табады. Яғни, Төле бидің Әбілмансұрға Сабалақ деп ат қоюы мен «Абылайлап» жауға қарсы шапқан жауынгерді Абылай атап, хан сайлауы тереңірек баяндалады. Хандық кезеңдегі көріністерді көз алдымызға алып келген спектакль көрермендердің  көңілінен шықты. Бұл аудан өнерпаздарының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымы еді.

Тағылымды шара соңынан мақаттықтарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі  табыс етілді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз