ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚҚА НАҚТЫ ЖАУАП ҚАЙТАРЫЛДЫ

Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Тәртіптік кеңестің төрағасы Мұхит Кәрімұлы Ізбанов қоғамдық қабылдау өткізіп, Қызылқоға тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

 

Алғашқы болып қоғамдық қабылдауға кірген Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Мәлік Қуанышев: – Село тұрғыны Бисенова Аққожа жеке қабылдауымда болып, мемлекеттік қызметке үміткер болу үшін тестілеуден өткен. Тест бағдарламасына өтініш берген уақытта (арнаулы орта білім беру орнын бітіруіне байланысты) Е-G-3 (бас маман) санатының орнына «Е-G-4» (жетекші маман) санатына тапсырып, тестілеу қорытындысымен оң нәтижесін алған. Алайда, Тасшағыл ауылдық округінде жетекші маман штатының болмауына байланысты, бас маман мемлекеттік қызметке орналасуға үміткер болып қатынаса алатындығын сұрады. Село тұрғыны жетекші маманның тестілеу бағдарламасымен бас маман лауазымына қабылдауға комиссияға құжаттарын тапсыруына бола ма? – деп өз сауалын жеткізді.
– Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі төрағасының «Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына үлгілік бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы» бұйрығына сай, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға қойылған біліктілік талаптары бойынша егер, үміткердің жұмыс өтілі 2 жылдам кем болмаса, аталған санаттардағы тестілеу бағдарламасының бірдей болуына байланысты конкурсқа құжаттарын тапсыруға толық мүмкіндігі бар, – деді Мұхит Кәрімұлы.
Аудандық қаржы және экономика бөлімінің заңгері Парасат Алтынғалиев – «Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ресми сайтындағы тестілеу бағдарламалары неліктен жаңартылмайды? Бағдарлама неліктен ескі түрінде әлі күнге дейін сақтаулы? Жаңарту бағытында ұсыныс беруге бола ма?» – деп сұрады.
– Агенттіктің веб сайтындағы тестілеу бағдарламасы ескі түрінен жаңа түріне жаңартылмауы, тестілеуге алдын ала дайындықтың ақылы түрде өткізілуіне байланысты кешеуілдеуде. Бағдарламаны жаңарту жөнінде Департамент тарапынан Агенттікке ұсыныстар берілді, – деді Мұхит Кәрімұлы.
Бұдан кейін өз сауалын қойған аудандық жер қатынастары бөлімінің «Жастар тәжірибесі» негізіндегі маманы Арман Асылбеков: – Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің www.kyzmet.kz ресми сайтындағы тестілеу бағдарламаларын қамтитын заңдар бойынша жалпы сұрақтар тізімі неге жоқ? Ол болса тестілеу бағдарламаларына әзірленуге жақсы көмек болар еді? – деді. Оған – «тестілеуге әзірлену жұмыстары қазіргі уақытта ақылы түрде болғандықтан, сайттағы сұрақтар алынып тасталды», – деп жауап берді Мұхит Кәрімұлы.
– Мектепте зейнет жасына жетіп жұмыс атқарып жүрген қызметкерлермен алғашқы уақытта еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған. Енді мектеп басшылығы заң шеңберінде қандай әрекеттер арқылы зейнеткерді жұмыстан қысқарта алады?
Сондай-ақ, мектепте 2 қызметкермен жұмысқа кіргеннен бері ешқандай еңбек шарты жасақталмаған. Алайда, жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрығы бар. Жаңадан еңбек шартын жасақтай беруге бола ма? – деп сұрады Сағыз селолық округіндегі №9 мектеп директоры Өтепберген Әділов.
Мұхит Кәрімұлы бұл сауалға: – Сіздің екі мәселеңіз бойынша нақты және кеңірек жауап беру үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне жазбалай өтініш беріңіз. Сол өтінішіңіздің негізінде еңбек қатынастарын реттейтін құзырлы органдарға тиісті заңдылықтарға сай жұмыстар ұйымдастыру үшін арнайы хат жолданатын болады, – деді.
Әрине, заң талаптарын сақтай отырып шешілген мәселелерге ешкімнің де таласы жоқ екені белгілі. Қабылдауда бұдан да басқа сұрақтар қойылып, нақты жауап қайтарылды.

МағрупаҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз