ТҰРАЛАҒАН ҚҰРЫЛЫС ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?

Әлеуметтік нысандардың құрылысын уақтылы әрі, сапалы аяқтап, қаржыны мерзімінде игеру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген басты міндеттерінің бірі – осы. Бір кездері елдің ішін гуілдетіп жіберген концерттік зал мен монша сауықтыру кешенінің құрылысы бір жылдан бері тоқтап тұр. Бұған не себеп болды? Құрылыс қашан аяқталады? Бұқараны мазалаған осы сауалдарды облыстық құрылыс басқармасына аяқтай барып білдік.

alogo1223333334Аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұратбек Қайдауловтан білгеніміздей, құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған концерттік зал алғашқыда 3,8 млрд. теңгеге бағаланған екен. «2010-2012 жылдары аталған қаржының 2,3 млрд. теңгесі игерілді. Бірақ, жұмыс осыдан бір жыл бұрын тоқтатылды. Жүргізілген тексеру нәтижелері сол кездегі мердігер компания «Снабойлға» артық қаржы төленгенін анықтады. Сол себепті басқарма аталмыш компанияны сотқа берді» дейді ол. Білгеніміздей, бұрынғы мердігер компанияға 1 млрд. 101 млн. теңге көлеміндегі қаражат артық төленіпті.
Құзырлы органның мәлімдеуіне қарағанда, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың «көмегімен» құрылысы тоқтаған концерттік зал тәулік бойы күзетіліп отырған көрінеді. «ПЦНКүзет» компаниясымен арада арнайы келісім-шартымыз бар. Бүгінде концерттік зал мен монша сауықтыру кешенінің екеуінде де бір-бірден күзету бекеті бар» деген Облыстық басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұратбек Қайдаулов аталған нысанға байланысты жобалау-сметалық құжатқа өзгерістер енгізіліп жатқандығын айтты.
Басты жаңалық сол, Атыраудағы ең айшықты орынға айналатын концерттік залдың құрылысын келер жылдың екінші жартыжылдығында жалғастыру көзделіп отыр. Жұмыс ойдағыдай жүрген жағдайда, концерттік зал 2015 жылы ел игілігіне берілетін болады.
Бір кездері халық қуанышпен қабылдаған монша сауықтыру кешенінің құрылысы да бір жылдан бері тоқтап тұр. «Мердігер компаниямен бүгінде байланыс үзілген. Бұл нысанның да мердігері «Снабойл» болып табылады» деген пікірлесіміз Мұратбек Қайдаулов құрылыстың 840 млн. 542 мың теңгеге бағаланғандығын айтты. «Құрылыс басталған алғашқы екі жылда 525,213 мың теңге игерілген» деген ол бүгінде жобалау-сметалық құжатқа өзгерістер мен толықтырулардың енгізілу үстінде екендігін айтты. Көптен күткен бұл кешен тағы бір тосын жайлар кездеспеген жағдайда келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қалай десек те, Президент тапсырмасы уақтылы орындалуы тиіс. Ендеше, жергілікті биліктің алдында осы талап үдесінен шығу міндеті тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз