СОНЫ МАҚСАТ, БАЙЫПТЫ БАҒДАР

Сайлауға белсенді қатысу – азаматтық парызымыз. Яғни, сайлауда ел болашағы үшін оны өрге бастырар адамға өз даусымызды береміз. Сыртқы факторлардың мемлекет құрылымына теріс ықпалын жүзеге асырмау, дамудың қол жеткізген қарқынын сақтап қалу, әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына қосылу – біздің елдің түпкі мақсаты. Осы ретте «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІ съезінде де Елбасы мемлекетіміздің келешегі үшін ықпалы мол болатын бес халықтық реформаны жүзеге асыру қажеттігін атап айтты.

 

Ең бірінші, білікті мемлекеттік қызметшілер корпусын құру қажет. Ол экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қазіргі заманға сай кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастырады. Н.Назарбаев мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажет екенін, әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиіс екенін ескертті.

Реформаның тағы бір өзекті мәселесі – қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету. Судьялар корпусының, ішкі істер органдарының, Қарулы Күштердің жұмысын жаңғыртуға күш салу да – заман талабы.

Экономикалық реформалардың кешенін жүзеге асыру үшін кәсіби мемлекеттік қызмет пен заңның үстемдігі аса қажетті фактор. Өз кезегінде бұл индустрияландыру мен өңдеу секторын экономикалық өсімнің қорғаушысына айналдырады.

Елімізде біртұтас ұлт құру міндеті­ Президент ерекше тоқталған халықтық реформаның бірі. Тұрақтылық және келісім моделін дамытуда Қазақстан айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Транспарентті және есеп беруші мемлекетті орнықтыру­ – бесінші халықтық реформа. Тек ашық қоғамда ғана әділетті мемлекет орнайды, экономикадағы, саяси және әлеуметтік өмірдегі, рухани саладағы теріс құбылыстарды азайту керек.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең­-кезеңімен бейімделуде. Ішкі қарама-­қайшылықтардың ушығуын болдырмай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін де осы фактор.

Әлемдегі көптеген шиеленістерді еліміздің табалдырығынан аттатпау, елді келешекке бағыттау мақсатында «Нұрлы Жол –­ болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын ұсынған Елбасы онда да бірқатар мәселелерді соқырға таяқ ұстатқандай етіп анық және нақты түрде айтқан болатын. Ол да халық көкейіне қонды. Жалпы, «Нұрлы Жол» – халқымызды келешектің биігіне бағыттайтын бағдарлама.

Дәл қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде замана желі біресе мына жақтан, біресе ана жақтан соққан уақытта елге ық болатын бірегей тұлғаны таңдауға тиіспіз. Жоғарыда айтылған реформалар жүзеге асып, еліміз әлемнің дамыған 30 мемлекетімен иық теңестіріп тұруы үшін сайлау өтетін 2015 жылғы 26 сәуірде әр азаматты белсенділікпен дауыс беруге шақырамыз.

София САҒЫНДЫҚОВА,

биология ғылымдарының

докторы, профессор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз