СЕНАТОРДЫҢ САЛИҚАЛЫ ҚАБЫЛДАУЫ

Өңірге сапары аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында қоғамдық қабылдау ұйымдастырып,  тұрғындармен кездесті. Сенатормен жүздескен тұрғындар өздерін толғантқан мәселелерге толымды жауап алды.

Бұған дейін сан мәрте айтылып, сыналып келе жатса да, бірқатар өндірістік компаниялардың  еңбек заңдылығы талаптарын өрескел бұзу деректері жойылмай келеді. Мәселен, «АСД» ЖШС қызметкерлері аталмыш мекемеден 2011 жылдан бері зейнетақы аударымы мен өткен жылдың сәуір айынан бастап жалақыларын ала алмай жүр.  Негізінен,  құрылыс, жөндеу жұмыстарымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте бүгінде 60 шақты адам жұмыс жасайды. Әбден сергелдеңге түскен ұжым қызметкерлері  сенаторға шағым айта келді. Халық қалаулысы бұл істі жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді.

Ал, Химиктер ауылының тұрғыны Зейнеп Мұқанова жеті баланың анасы ретінде «Алтын алқа» алуға көмек сұрайды. Тұрғынның тілегін тыңдаған Сәрсенбай Құрманұлы мәселені қала басшылығының назарына ұсынатынын айтып, зейнеткер өтінішінің жерде қалмайтынына сендірді.

Коммуналдық мәселе бойынша қоғамдық қабылдауға қатысқан Дүйсенбай Орысбаев – Доссор өткеліндегі 24-үй тұрғыны. Оның айтуынша, көшелеріне асфальт төселмегендіктен қарлы, жаңбырлы күндері қолайсыз жағдай қалыптасады. «Көшемізге жоғары вольтты желі жүргізілген. Ол да төмен қарай түсіп кеткен. Балаларымыз үшін қорқамыз», – дейді тұрғын.  

Өз кезегінде сенатор С.Еңсегенов тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер назардан тыс қалмайтындығын, тиісті орындарға ресми  хат жолданатынын айтты. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз