ҚҰРЫЛЫС САПАСЫНА – АЙРЫҚША НАЗАР

Жыл аяғына дейін мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайтын болды. Бір ғана «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жиырма үш үй тапсырылмақ. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құрылысы жүріп жатқан үйлерді аралау барысында мәлімдеді.

alogАлдымен облыс басшысы «Нұрсая» ықшамауданында салынып жатқан жаңа шағын ауданда болды. Бүгінде мұнда бір мезетте 23 үйдің құрылысы жүруде. Белгілі болғанындай, мұндағы пәтерлер несиелік негізде, кезекте тұрғандарға және жас отбасыларға беріледі. Салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі мердігер мекемелерге сапаға баса назар аударуды тапсырды. «Бұрын берілген үйлерге қатысты ескертпе, сындар көп. Құрылыс сапалы жүргізіліп, уақытында тапсырылуы керек. Және үйлердің айналасын абаттандыруға баса назар аудару қажет. Газонмен қатар, ағаштар егілуі және уақытымен бапталуы тиіс» деді әкім.
Аралау барысында облыс басшысы М.Сатыбалдиев көшесінде орналасқан жаңа үйлердің бірінің пәтерін көріп шықты. Мердігері «АлемЦентрСервис» компаниясы болып табылатын бұл үйлерде бір, екі және үш бөлмелі барлығы 62 пәтер бір уақытта табысталатын болады. Одан әрі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Ерниязов көшесіндегі үйдің құрылысын аралап көрді. «ВостокЗападИншаат» серіктестігі мердігер болып табылатын бұл үйде бүгінде жылу жүйелері және газбен қамту мәселесі қатар жүріп жатыр. 72 пәтерлік жаңа үйге желтоқсан айында қожайындары иелік ететін болады. Осы орайда облыс басшысы аталмыш үйдің төменгі қабатынан халықтың сұранысына қарай дүкен секілді әлеуметтік қажетті нысанды ыңғайластыруды тапсырды.
Жарбосынов көшесіндегі 72 пәтерлік жаңа үй жас отбасылар үшін салынып жатыр. Кестеге сай жүргізіліп жатқан үй құрылысында әзірге шешілмей жатқан мәселе көрінбейді. Одан әрі Құлманов, Берғалиев, Аманшин көшелерінде салынып жатқан үйлердің құрылысын аралап көріп, ішкі жұмыстарына байланысты бірқатар ескертпелерін айтқан облыс әкімі журналистерге сұхбат берді.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бүгінде ел бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Елбасының тікелей қадағалауында тұрған аталмыш бағдарлама аясында 46 үйдің құрылысы жүруде. Биыл 23 үй ел игілігіне тапсырылғалы отыр» деген облыс әкімі кейбір кемшіліктер болғанымен, құрылыстың жалпы кестеге сай жүргізіліп жатқандығын айтты. Өз сөзінде құрылыс сапасына оң баға берген ол мұның басты себебін субмердігерлерді болдырмау туралы арнайы тапсырма беруімен түсіндірді. «Субмердігерлер жүрген жерде құрылыста сапа да, қаражат та болмайды» деген облыс басшысы республика қазынасынан бөлек, облыс бюджетінен 31 үй салу қаралғанын айтты. «90 пәтер жас отбасыларға, 240 пәтер аз қамтылған жанұяларға және мүгедек жандарға тапсырылады» деп атап өткен өңір басшысы жалпы облыс бойынша бүгінде 77 үйдің құрылысы қаралғандығын мәлімдеді.
«Осындай қарқынмен құрылыс жалғаса беретін болса, алдағы үш-төрт жылда пәтер кезегінде тұрғандардың нобайының сұранысын қамтамасыз ететін боламыз» деген облыс әкімі «Нұрсая» ықшамауданында бой көтеріп жатқан шағын ауданға тоқталып өтті. Жаңалық сол, мұнда екі бірдей балабақша бой көтеретін болады. «Тапсырылған үйлердің көбінің айналасы жалаңаш. Абаттандыру жоқ. Бір жағынан бұл мәселеге тұрғындардың өздері де үлес қосса, ең болмағанда әр отбасы екі-үш ағаштан ексе, көп нәрседен ұтқан болар едік» деген әкім халықты мәдениеттілікке, балаларға арналған ойын алаңы секілді ортақ мүлікті күтіп ұстауға шақырды. Сондай-ақ, мердігер компаниялардың барлығына қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, сапалы құрылыс нысанын тапсыруды жүктеді.
Осы жерде айта кеткен жөн, облыс әкімі жұмысын сапалы атқаратын мердігер компаниялардың тізімін жасауды тапсырды. Аймақ басшысының өзі айтып өткендей, сапалы нысан тапсырған компанияларға облыс әкімдігі тұрақты түрде тапсырыс беріп отыратын болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз