ПАТРИОТТЫҚ – ҚАСИЕТТІ СЕЗІМ

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, полковник Мұхамеджан Таласовтың жетекшілігімен ҚР Қорғаныс министрлігінің кешенді ақпараттық-насихаттық тобы Атырау қаласында өз жұмысын жалғастырды.

Сапар барысында кешенді топ мүшелері облыс орталығындағы әскери гарнизондарда болып, Махамбет атындағы қазақ драма театрында халықпен кездесті. 
Мінбеге көтерілген топ жетекшісі М.Таласов жиналған жұртшылыққа Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының Қарулы Күштердегі орындалу барысын түсіндіріп, атқарылып жатқан іс-шаралар төңірегінде кең мағлұмат берді.
– Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Елбасының арқасында мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, Қарулы Күштер құрылды. Қарулы Күштерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау, әскери қызметкерлердің жағдайымен таныстыру мақсатында құрылған ақпараттық топ еліміздің түкпір-түкпірінде өз жұмысын бастады, – деген полковник қоғамдық, ардагерлер және жастар ұйымдары мен әскери қызметтің беделін арттыру, жастарды әскери патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын, қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ, алдағы жоспармен бөлісіп, кадр сапасына жіті мән берілу қажеттігін баса айтты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бақыт Қуанышев, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының хатшысы Асқар Бопылдықов көп ұлтты еліміздің тыныштығын сақтау кілті болашақ жастардың еншісінде екендігін айтып, олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру керектігін атап айтты.
Жиын кешенді топ құрамындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі мүшелерінің концертімен жалғасып, ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген қазақтың қайсар ұландары әннен шашу шашып, күй тартып, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз