ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ

Миялы селосында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Ең алдымен құттықтау сөзді аудандық партия филиалының төрағасы, аудан  әкімі Мақсот  Мұқанов айтты.

 

– «Нұр Отан» партиясының қатарында 2 651 партия мүшесі бар. 13 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген. Партиялық  бақылау  комиссиясы,  жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлмесіне 143 ауызша-жазбаша өтініш түсіп, олардың 42-сі өз шешімін тапты. Аудандық партия филиалының төрағасы ретінде өткен жылы 84 тұрғынды қабылдадық. Арыздардың барлығы да қанағаттандырылды. Тағы бір айта кететін жайт – жыл сайын өз шешімін таппай жүрген  өкпе дертіне ұшыраған науқастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің күрмеуі партияның араласуымен өз шешімін тауып, он бір отбасы баспаналы болды. Бұл мақсаттарға 33 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Бүгінде партия өкілдіктері саяси-қоғамдық және мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласып, қоғамның барлық ізгі күштерін біріктіруші орталыққа айналып отыр.

Бұдан кейін аудан әкімі Мақсот Сайполұлы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудан экономикасының өрлеуіне мол үлес қосып жүрген партия мүшелері «Жаңа Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Қамидолла Абдрахмановқа, «Атырау-Жарық» АҚ Қызылқоға бөлімшесінің бастығы Батыл Қосжановқа, «АтырауСуШар» РМК Қызылқоға бөлімшесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиевке, кәсіпкер Октябрь Тұрақбайұлына партия филиалының Алғыс хатын тапсырды.

Аудандық  филиал  ғимаратының  символикалық кілтін «Мирас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұрат Жұмашұлы «Нұр Отан» партиясы Қызылқоға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнановқа табыс етті. 

Жаңа ғимараттың жалпы көлемі 251 шаршы метр алаңды алып жатыр. Екі қабатты жаңа ғимаратта сегіз бөлме орналасқан. 50 адамға арналған мәжіліс залы бар. Бөлмелер жұмсақ және қатты жиһаздармен жабдықталған. Құрылысшылар жаңа ғимаратты бес айдың ішінде салып берді.

Мағрупа БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз