ОЗЫП ШЫҚТЫ ОРЫНША…

Жуырда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты №19 орта мектеп базасында облыс аумағындағы әдістемелік пән бірлестіктері жетекшілерінің шығармашылық мүмкіндіктерін, озат тәжірибесін анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында «Үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» облыстық байқауын ұйымдастырды.

Байқау барысында институттың кітапхана бөлімі «Жаңашылдық іс-әрекет – мұғалімнің жетістік формуласы» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Шығармашылық жұмыспен шұғылданатын әдістемелік бірлестік жетекшілерін табу, олардың кәсіби біліктілігі деңгейін анықтап, ынталандыру және озат педагогикалық тәжірибесін насихаттауды мақсат еткен бұл байқауға барлығы жиырмаға тарта маман қатысты.  

Сайыскерлер байқау барысында «Педагогикалық қызмет», «Технологиялық қызмет», «Сараптамалық қызмет»  кезеңдері бойынша  өзара бақ сынасты. Олар сайыс барысында өздерінің педагогикалық шеберлігін, кәсіби біліктілігін, психологиялық-педагогикалық қабілеттерін жан-жақты аша білді. Әділқазылар алқасының шешімімен облыстық «Үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» байқауының бас жүлдесін Махамбет ауданы Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің әдістемелік бірлестік жетекшісі Орынша Насиғоллақызы жеңіп алды.

Бірінші орын Исатай ауданы Абай атындағы орта мектебінен келген Гүлфариза Қалидуллинаға, екінші екі орын – Клара Қабдолова (Құрманғазы ауданы Б.Бегалиев атындағы орта мектеп) мен Балжан Сапиеваға (Индер ауданы Махамбет атындағы орта мектеп) бұйырды. Ал, жүлделі үшінші үш орынды Шаттыгүл Өтегенова (Қызылқоға ауданы №9 орта мектеп), Гүлзада Жұмағалиева (Мақат ауданы Х.Санбаев атындағы орта мектеп), Ұлжан Жұмабаева (Индер ауданы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп) иеленді.

Бұларға қоса байқауда өздерінің кәсіби шығармашылығымен танылған әдістемелік бірлестік жетекшілері атаулы номинациялармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз