ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ – КЕҢ ӨРІС

Облыс әкімі Махамбет ауданындағы ауыл шаруашылығы нысандарын аралады

Қала, аудандар әкімдері тікелей эфир арқылы брифинг өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Өткен сейсенбіде «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубына кездесуге Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек Ожаев келді. Қос өзен аралығын қоныстанған өңірдің басшысы атқарылған соны істері мен алдағы міндеттерін ағынан жарыла айтып, соңынан тілшілердің сауалдарына тұшымды жауап қайтарды.

 

 

ЕШКІ ӨСІРУГЕ ДЕ ЕСЕЛІ ЕҢБЕК КЕРЕК

«Атырауагроөнімдері» ЖШС-нің басшысы Владимир Розметов аймақ басшысын ешкі сүтін өндіру кешені құрылысымен таныстырды. «Сарайшық» аталатын ешкі сүтін өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстары қазір 70 пайызға орындалған. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кешен құрылысынан бастап, оның болашақта қалай жұмыс жасайтынына, қажетті жабдықтармен, қызметкерлермен қамтылу жағдайына тоқталды. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен аталған шаруашылық бірлесіп бастаған бұл жобаның аясында біраз жұмыс атқарылатын болады. Айталық, Венгрия мен Сербиядан 300 бас ешкі әкелінеді. Ал, келесі жылы бұл көрсеткішті екі есеге өсіру ойға алынып отыр. Атыраудың ауа райына бейімделген ешкілердің өсіп-өнуіне, сүті мен түбітінің жергілікті халық пайдасына жұмыс жасауына қажетті алғышарттардың бәрі де бұл кешенде ойластырылған.
Енді бір айдан соң бұл жер қайнаған қызу еңбектің алаңына айналады. Иесіз жатқан иен даланы ел пайдасына жаратуды көздеген азаматтардың ісі алға баса берсін деп тіледік.
Владимир РОЗМЕТОВ, шаруашылық басшысы: – Көлемі 24 гектарды құрайтын кешен құрылысы уақытында аяқталады деп жоспарланып отыр, желтоқсан айының ортасында зауыт іске қосылатын болады. Бұл – Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынып отырған үлкен жоба, тіпті ешкі сүтін өңдеу бағыты бойынша еліміздегі алғашқы жоба екенін де айта кету керек. Қазір жұмыстың бәрі ойдағыдай жүруде, техника, қаржы, жұмыс күші жеткілікті. Біздің ойға алған шаруамыздың алға басуына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің де көп көмегі тиіп отыр. Міне, бүгін де жұмыс барысымен ыждағатпен танысты. Біз осы сенімнен шығуға тырысамыз.

ТАУАРЛЫ-СҮТ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

– Өз жерімізден шыққан азық-түліктің қауіпсіз болатынынан бөлек, оның бағасын үнемі қадағалап отыруымызға да мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Бейбарыс ауылындағы тауарлы-сүт фермасына барып тұрып. – Голландиялық голштин-фриз асыл тұқымды сиыр кешені – біздің аймақтағы ірі жобалардың бірі, ол іске қосылғанда атыраулықтар сүт өнімдерінің он екі түрімен қамтылатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан «Бірінші мамыр» ЖШС-нің аты бүгінде елге етене таныс. Бұл шаруашылық та тауарлы-сүт фермасын ашу үшін «Атырау» ӘКК-мен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Кәсіпорын жұмысы басталған уақытта атыраулықтардың сүт өнімдеріне деген сұранысының 30 пайызы өтелетін болады. Бұл – жақсы көрсеткіш.
«Бірінші мамыр» ЖШС директоры Аманжол Есқараев аймақ басшысын кешен құрылысымен таныстырды. Бұл жерде де біраз жұмыс бітіп қалыпты. Кешеннің қабырғалары тұрғызылып, төбесі жабылған, енді ішкі өңдеу жұмыстары мен монтаждау ғана қалды. Оны да жұмысшылар қараша айының соңына дейін аяқтауға тырысып жатыр.
– 28 қарашада екі жүз бас сиыр малы әкелінеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық директорының кеңесшісі Смағұл Бисембаев. – Қазір олар Америкадан Ресейдің Ленинград облысына жеткізілді. Голштин-фриз тұқымды сиырлар тұрып тамақтанады, өріске жайылмайды, сондықтан, осы жерге жоңышқа, жүгері сынды мал азықтары егіледі. Сиырлар тұратын қора бөлек салынды, олардың шөп жейтін, сауылатын орындары да бөлек. Жаңа туған жас төл бөлек жайда болады, бұзаулардың да арнайы қорасы бар. Сауылған сүтті өңдейтін кешеннің құрылысы да аяқтала келді. Сүт осы жерден сауылып, он екі түрлі дайын өнім күйінде тұтынушыларға жеткізілетін болады. Бұл жұмыстың іске асуына мемлекет тарапынан беріліп отырған субсидияның үлкен қолдау болып отырғанын айта кету керек. Осы жоба аясында жергілікті тұрғындар қосымша жұмыспен қамтылады, арзан және қауіпсіз азық-түлік өндіріледі, бұл халықтың игілігіне қызмет ететін кешен болары сөзсіз.
Облыстың сүт өнімдеріне деген жылдық сұранысы – 90 мың тонна. Ал, Бейбарыс ауылындағы тауарлы-сүт кешені іске қосылғанда отыз пайызға дейінгі сұраныс жергілікті өніммен өтеледі. Әрі қазір дүкен сөрелерінде қаптап тұрған өзге елдерден келген сүт өнімдерінің қатарын жергілікті азық-түлік алмастыратын болады. Бұл бәрінен де балаларымыздың аты мен заты беймәлім бояулар қосылған ірімшіктер мен йогурттарға телмірмей, отандық сапалы, қолжетімді, қауіпсіз азықты тұтынуына жол ашады. Атыраулықтар тауарлы-сүт фермасының өнімдерін алдағы жылдың екінші жартысынан бастап тұтынатын болады деп күтіліп отыр.
– Біздің облыста егін, мал шаруашылықтарын дамытуға, сүт өнімдерін алуға, балық өсіруге, құс еті мен жұмыртқасын дайындауға үлкен мүмкіндіктер бар, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов жолсапар үстінде. – Жасалып жатқан жобалардың сапалы болуын, мезгілінде жасалуын үнемі келіп, тексеріп жүрмін. Ешкі және асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіретін кешендерді аралап, жүріп жатқан жұмыстарға көңілім толды. Енді екі аптадан кейін негізгі жұмыстар аяқталады, алынатын малдың бәрі келісіліп қойылды. Желтоқсан айының басында бұл жерге алғашқы малдар әкелінеді, шаруашылық іске қосылады.
Болашақта тек сиыр мен ешкі ғана емес, жаңа бағыттарды да пайдалануды көздеп отырмыз. Әзірге келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы жылдары біздің облыс үшін маңызды саланың бірі – бағалы бекіре тұқымдас балық өсіру мәселесі. Бұл іспен де дұрыстап айналысу ойда бар. Сондай-ақ, құс еті мен жұмыртқасын шығаратын өндірістерді де қарастырып жатырмыз. Біздің мақсат – облыс халқын арзан және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Бақытгүл БАБАШ,
Махамбет ауданы.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз