МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫНА – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

«...Мына мемлекеттің, елдің ақшасын менен басқа қарайтын адам жоқ па бұл елде? Бұдан кейін қалай ақша береміз сендерге?», «...Көзбояушылықты доғарыңдар!» деп төрт сағат бойына Үкімет пен облыс әкімдерінің тоғыз ай бойына жасаған жұмыстарын өткір сынға алған ел Президенті қатаң талап қойған бұл жиыннан бері де бір айдан астам уақыт өтті.

alogo1223333334«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес барысында осы тапсырмаларға орай өзекті мәселелер ортаға салынды. Белгілі болғанындай, соңғы екі жылда Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы барлығы он бір қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл жөнінде сараптамалық топ жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Айбек Ғабдуллин мәлімдеді. Айтуынша, өткен жылы аталған саланың Н.Кенжебеков, И.Әміров, А.Дюсембиев және С.Сәдуақасов деген қызметкерлерінің үстінен іс қозғалса, биыл бұл тізімді Т.Нұрбаев, К.Нұғманова, А.Байқұтов, Б.Жайсановтар толықтырыпты. Бұл аз болғандай, «Қаржы полициясы өткен жылы осы сала бойынша 27 қылмысты, биыл 25 қылмысты анықтап отыр. Оның жетеуі сотқа жолданды» деп мәлімдеді ол.
«Мемлекеттік бағдарламалардың барлығы ауылдарға жетіп, азаматтар оның жылуын сезінуі тиіс» деп Президентіміз тапсырған «Ақбұлақ» пен «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламалары бойынша өткен жылы он екі қылмыстық іс анықталыпты. Бірақ, әріптестерінің шаталуы тиісті орындарға сабақ болмаса керек, дәл осы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында биыл он үш қылмыс тіркеліпті. Атап айтқанда, «Ақбұлақ» пен «Тұрғын үй құрылысы» бойынша алты, «Жұмыспен қамту – 2020» аясында төрт, «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бойынша екі, «Жол картасы – 2020» аясында бір қылмыс анықталды» деді депутат. Мемлекет қаржысының осылайша аяусыз талан-таражға салыну себебін депутат бюджет қаржысын игеру барысында бағдарлама әкімгерінің тарапынан заң талабына қайшы шешімнің қабылдануымен түсіндірді. Сол себепті де, ол «партия жанынан құрылған бекеттердің белсенділігін арттырып, қадағалау жұмыстарын күшейту керек» деген ұсынысын жеткізді.
«Үстіміздегі жылы құрылыс ұйымдарының басшылары мен жеке кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 41 258 335 теңгені құрайтын айыппұл салынды» деп мәлімдеді кеңес барысында хабарлама жасаған Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Қуаныш Мұхаметқалиұлы. Құрылыс саласындағы былықтар бір мұнымен толастамапты. Бұдан былай үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмайды. Бұл жөнінде мәлімдеген Атырау облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мұратбек Қайдаулов үш компанияға қатысты бюджетке 6 млрд. теңгеден астам қаражатты қайтару жөнінде шешім шыққанын жеткізді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз