МЕКТЕПТЕР ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Ағылшын тілі енді бірінші сыныптан бастап оқытылатын болады. Жаңа оқу жылының басты жаңалығы жөнінде Үкімет үйінде Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді. Онлайн режимінде өткен жиынға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.

Үкімет басшысы алдында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жаңа оқу жылында 6 183 мектеп оқушыларының сексен пайызы ыстық тамақпен тегін қамтылатынын, бұл көрсеткішті 2015 жылы жүз пайызға жеткізу көзделіп отырғандығын хабарлады.
– Біздің басты мақсатымыз-оқытудың жаңа сапасына көшу. Мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен қайта қарастырылды. Дайындық жұмыстарының барлығы жоспарлы түрде жүргізілуде. Нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Бүгінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жұмыс істейді. Он екі мыңнан астам педагог біліктілігін арттырды. Оқытудың нысандарын, әдістемелері мен технологияларын жаңарту үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту тәжірибесі таратылуда.
Біз жаңа оқу жылына дайындық жүргізу барысында апатты, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жөнінде алқалы жиындар мен селекторлық кеңестер өткіздік. Сондай-ақ, техникалық кәсіптік білім беру жүйесінде жаңа кәсіптік стандарттар әзірленді. Оқытудың дуалдық жүйесі енгізілуде, оған қазірдің өзінде 120 кәсіпорын мен 174 колледж қатысуда, – деп мәлімдеді министр. Бас мұғалімнің айтуынша, ел бойынша биыл 2,5 миллион оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Қыркүйектің басында 292 мың 64 ұстаз жұмысқа кіріссе, оның ішінде 9645 жас мұғалім еңбекке енді араласқалы отыр. Жаңалық сол, жаңа оқу жылында 77 мектеп пайдалануға берілмек.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күнге математика, химия, физика, ағылшын тілі сияқты салалық пәндер бойынша барлығы 1934 мұғалімге сұраныс бар. Мектептердің 32 пайызына қарастырылған күрделі жөндеуге қажеттілігіне қарай (439 мектеп) 19,3 млрд. теңге, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 14, 2 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 15184 балаға барлығы 59 млн. теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілген.
Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың, Ақтөбе облысы әкімі А.Мұхамбетовтың, Алматы облысы әкімі А.Мұсахановтың, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Қаныбековтың баяндамалары тыңдалды.
Үкімет басшысы С.Ахметов жаңа оқу жылына білім беру мекемелері дайындығының маңыздылығын атай отырып, оқушылар толықтай медициналық қызмет пен ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, мектептерде санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздгі ережелері сақталуы қажеттігін Денсаулық сақтау және Төтенше жағдай министрлеріне тапсырды.
Сондай-ақ, ол Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында апатты мектептер мен үш ауысымдық мектептерді жоюды жеделдетуді міндеттеді. Үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде әкімдер білім беру саласын қаржыландыруға байланысты мәселелерді қатаң қоюы қажеттігін айтты.
Кеңесті қорытындылаған Үкімет басшысы С.Ахметов барлық облыс әкімдеріне, Білім және ғылым министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 29 тамызға дейін оқу жылына дайындықты жоғары дәрежеде аяқтауды тапсырды.
Рас, елімізде үш ауысымдық жүйені жою мәселесі бүгінде өткір тұр. Ал, біздің Атырау облысында бұл мәселені түбегейлі шешу үшін он мектептің құрылысы жүруде. Тағы екі мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Облыста апаттық жағдайда тұрған 11 мектеп бар. Олардың орнына салынған бір мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалған нысандардың жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз