МҰҚЫРҒА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЖЕТ

Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінде соңғы жылдары  шағын және орта бизнес саласы бойынша  шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 109-ға жетті.  Оның ішінде заңды тұлғалар 19, шаруа қожалығы 29,  жеке кәсіпкерлер 60-қа жетіп, 58 тұрғын шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, нәпақаларын тауып жүр. 

 

Мұнда халыққа қызмет көрсетіп отырған 28 сауда нысаны бар. Бұл жөнінде Мұқыр селолық округінің әкімі Естай Мақсотов Мұқыр селосының тұрғындары алдында жасалған  жұмыстарды саралап, алда тұрған  міндеттерді айқындағанесеп беру жиналысында баяндады.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 4 млн. 400 мың теңге несиеге  екі нысанды іске қосу қолға алынған.  2015 жылы   пластикалық терезе, есік жасау цехы,  екі шайхана,  мейрамхана, шаштараз, тегершік жөндеу орнын ашу жоспарлануда.  

Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 14 адам несие алуға өтініш білдірген. Оның ішінде  10 тұрғын  мал шаруашылығын дамытуға 24 млн. 500 мың теңге көлемінде несиеге ие болған. Бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлік негізде 12 адам білімдерін жетілдіріп, сертификаттар алған.«Жылыжай» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Марат Бахитов 4 млн. теңге несие алып, жылыжай құрылысының жұмысын аяқтаған. Ол осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

– Жасалған жұмыстармен қатар, әлі де жасалуға тиісті істер де жеткілікті. Соңғы кездері жастарымыздың жат ағымның шырмауына ілесуі аз да болса кездесуде. Ауылда орталық базар, мәдениет үйі жоқ, егер кәсіпкерлер несие алып, оны ашып жатса, нұр үстіне нұр болар еді,- деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ақниет Сахиев өз сөзінде.                      

Жантерек елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер  Көш-кінбай Макишев өз сөзінде ауылда жұмыс істейтін медбикенің арнайы жұмыс орны жоқ екендігін, елді мекенде мәдени шара өткізетін клуб, кітапхана ғимараттарының салынбай отырғандығын айтса, округ тұрғыны, зейнеткер Жұмалы  Шопанов көшеде  электр шамдарының  кейде жанбайтындығын, әсіресе, қыс айларындағы  қатты боранда өшіп қалатындығын, сондықтан, селолық округке арнайы электр маманы штаты қаралса деген ойларын ортаға салды.

Жиналыста аудан әкімі Мақсот Мұқанов сөйлеп, ауданда атқарылған жұмыстарды жан-жақты таразылап көрсетті.  Келешекте «Тасқұдық», «Сарқұмақ», «Соркөл»,  «Кенбай» елді мекендеріне таза ауыз су құбырлары жүргізіліп, ауылдарға табиғи газ жеткізілетінін әңгімеледі.

– Жантерек елді мекеніне  бастауыш мектеп салу жоспарлануда. Ал, бұрынғы мектеп ғимаратын  ауылға қажетті клуб пен  кітапханаға беруді ұйғарып отырмыз,- деді Мақсот Сайполұлы.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз