ҚЫСТЫҢ ЖАЙЫН ЖАЗДА ОЙЛА

Бейсенбі күні облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткізілген штабтың кезекті отырысында 2015-2016 жылдардың күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Байшахановтың мәлімдеуінше, тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандарын қысқа дайындау мақсатында облыс әкімдігінің қаулысы бекітіліп, қала мен аудандарда жоспарлы шаралар қолға алынған. Аймақта алдағы  жылу беру маусымына  2,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның  903,6 млн. теңгесін республикалық және жергілікті бюджет, ал, қалған 1,5 млрд. теңгесін кәсіпорындар өз қаражаты есебінен шығарды.

Облыс бойынша жылу беру маусымына 381 білім беру,152 денсаулық сақтау,  278 мәдени нысан мен 1504 көп қатарлы тұрғын үй дайындалып, бүгінде олардың 70 пайызы сынақтан өткізілді. Сол сияқты, 21,0 шақырым жылу, 7,1 шақырым су және кәріз, 72,4 шақырым (ВЛ-0,4кВт) электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, денсаулық сақтау, білім беру нысандарының жылу беру қазандықтары әлі күнге ашылмаған, олардың тиісті құжаттарын дайындау ісі баяу.

Штаб отырысында аудан әкімдерінің орынбасарлары, халықты газбен, сумен, жарықпен қамтушы мекеме, кәсіпорындар жетекшілерінің хабарламаларын тыңдаған Сәлімжан Жұмашұлы науқан ырғалып-жырғалуды көтермейтіндігін, тиянақты дайындалмаса, қатал қыста опық жегізетіндігін қаперледі. Штаб отырысын қорытындылай келе, жылу беру маусымына жоспарланған жұмыстардың құжаттарын сапалы әзірлеп, конкурсқа шұғыл түрде беруді, коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешектердің өтелу жолдарын қарастырып, іс-шара жоспарын құруды, жылу беру орталықтарының жағдайын тексеруді, ҚР Энергетика министрлігінің биылғы 2 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген «Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа әзірлігі паспортының нысанын және алу қағидаларына» сәйкес, жылу қазандықтарының паспортын жасақтауды міндеттеді. Құрылысы жыл аяғына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлер мен әлеуметтік мақсаттағы нысандардың жылу қазандықтарының сақадай сай болуы қажеттігін қатаң ескертті.

Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз