КӨШЕҢІЗ ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ?

Ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау үшін ғалымдар, ономастика саласының мамандары қатарынан жұмыс тобы құрылған еді. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен оның алғашқы отырысында өңірдегі ономастика саласындағы қордаланған мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар ортаға салынды.
Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма жанынан құрылған жұмыс тобы консультативті - кеңесші орган болып есептеледі. Жұмыс тобы, негізінен, өңірдегі жер-су, елді мекен, құрамдас бөліктер мен объектілер атауларының ақпараттық толыққанды мағлұматын жинақтау, ғылыми сараптама беру және атауларды тілдік нормаға сәйкестендіру бойынша ұсыныс беру, тәуелсіздік алғаннан бері жаңадан атау берілген, қайта аталған, транскрипциясы өзгертілген географиялық атауларды жүйелеп, жаңғырту секілді мәселелермен айналысады. Бұл жөнінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов баяндады.

Білгеніміздей, жаңа қабылданған заң бойынша қала, аудандардағы ономастика комиссияларының жұмыстары тоқтатылып, осындай жаңа жұмыс топтары қала, аудандарда жұмыстарын бастап кеткен. Аудандардағы елді мекендер мен көшелерге атау беру облыстық ономкомның, ал қаладағы мұндай мәселелер республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде ғана шешіледі.
Ономастикалық атауларға байланыс¬ты әлі бір байламға келе алмай жүргеніміз де жасырын емес. Жауыр болған мәселе – ономастика саласында сүріншектеген тұсымыз көп-ақ. Мәселен, жаңа заң бойынша бір елді мекен де атау бір рет қана берілуі қажет. Қ.Қайненовтың айтуынша, қала және аудандарда бұл мәселеде де ағаттық жетіп артылады екен. «Кез келген адам қалада немесе көшеде тек тақтайша белгілер арқылы ғана адаспастан, бағыт-бағдарын анықтай алады. Ал, бізде ше, қалада, ауылда бір көше атауы бірнеше рет қайталанады. Мәселен, «Амангелді көшесі» деп көрсетілген, бұл қай Амангелді? Сондай-ақ, бір көшеде «И.Тайманұлы көшесі», енді бір жерде «Тайманов көшесі», тағы бірінде «Исатай Тайманов көшесі» делінген, осыны біріздендіру қажет», – деген басқарма басшысы әкімшілік аумақтық бірліктер мен геонимдер атауларын қазақ тілінің тілдік нормасына сәйкестендіру үшін қала, аудан әкімдіктеріне хат жолданып, олардың ұсыныстарының жинақталғанын да айтып өтті.
Басқосу барысында, сонымен қатар, «селолық округтерді» «ауыл» сөзімен алмастыру, ал тарихи тұлғалардың есімімен аталатын аудан, ауыл атауларын тегісіз, тұлға атымен атау ұсынылды.
– Бұл – өзекті мәселе. Есеп бойынша, қазақ ұлты азаматтары есімінің 80 пайызы қате жазылады екен. Қазақ тілінде геонимдер жазыла бастағанда орыс тілінің нормативтеріне сүйенілгені рас. Бүгінде біз егеменді елміз. Әлемдік интеграция жолында келе жатырмыз, әсіресе, тілдік интеграция. Алда терминмен сөйлейтін кез келеді. Сондықтан, әр жерде әртүрлі жазылған атауларды біріздендіру қажет, – деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл ономастика саласындағы реттеуді қажет ететін мәселелердің бірі екендігін атап өтті.
Отырыста аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары өңірлеріндегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, олардың құрамдас бөліктерінің атауларының транскрипциясын мемлекеттік тілдің нормаларына сәйкестендіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз