КӨЛІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ

алға  қойылған  басты  міндеттердің  бірі

Транзиттік саясат, жалпы көлік логистикасы жүйесін дамыту. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұқараға дәстүрлі Жолдауында осы мәселелерге айрықша назар аударған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жол қатынастары саласында туындап отырған мәселелерге орай жиын өткізді. Оған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев арнайы қатысты.

Жолдаудан туындайтын міндеттерге орай қабылданған инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының маңызына тоқталған министр Асқар Жұмағалиев басты меже отандық көлік әлеуетін арттыру, транзиттік тасымалды екі есеге дейін көтеру екендігін атап өтті. Министрдің хабарлауынша, көлік логистикасы бойынша Қазақстан бүгінде әлемдік рейтингте 87-ші орында тұр екен. «Бағдарлама бойынша осы көрсеткішті 40-орынға дейін жоғарылату көзделуде» деген ол жалпы 27 мың шақырымнан астам автожолдарды реконструкциялаудың, 8200 шақырым темір жолды қайта жаңғыртудың жоспарланып отырғанын жеткізді. 

«Осының нәтижесінде жүрдек пойыздар жолаушыларды еш кедергісіз тасымалдайтын болады. Жалпы, қабылданған бағдарлама аясында барлық автостансаларды, автовокзалдарды ретке келтіретін боламыз» деген министр  темір жол стансаларында қызмет көрсету сапасын көтерудің маңызды екенін атап өтті. Министрдің пікірінше, Атырау облысына аэродромдар ауадай қажет. Өйткені, облыс территориялық көлемі жағынан бірден-бір үлкен аумаққа жатады, әрі кей елді мекендер үшін жол салу тиімсіз болуы мүмкін. «Сол себепті де біз шағын авиация саласын дамытуға күш салып отырмыз. Отандық әуе компаниялары мемлекет тарапынан инфрақұрылым тартылып, субсидия төленетін болса, халыққа қызмет көрсетуге дайын» деп хабарлады ол.

Озық отыздыққа апаратын басты бағыттардың бірі көлік қатынасын жақсарту болып табылады. Бұл орайда облыс бойынша жолдардың 50 пайызының қанағаттанарлықсыз деңгейде екендігін жеткізген Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов жергілікті жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу мәселесінің назардан тыс қалып отырғанын атап өтті. «Жұмыс тобының жүргізген тексерулер нәтижесі жол төсемін салу кезіндегі кемшіліктерді анықтады. Бұл тапсырыс берушінің мердігер компания жұмысын жеткілікті дәрежеде қадағаламағандығын көрсетеді. Сондай-ақ, жол зертханаларының жетіспеушілігі белгілі бір дәрежеде қиындық тудырып отыр» деген ол қиыршық тастың Атырау үшін айтарлықтай проблема екендігін де атап өтті. «Қиыршық тас көбіне Ақтөбеден тасымалданады да, бағасы қымбатқа шығып кетеді. Мәселен, бір ғана Индер – Миялы – Сағыз автожолын жаңарту үшін 18 миллиард теңге бөлінді. Бір километр жол 150 миллион теңгені қажет етіп отыр» деген комитет төрағасы қиыршық тасты қоспалармен алмастыруды ұсынды. Республикалық маңызы бар жолдарда 78 қызмет көрсету нысаны бар екен. Бірақ, министрлік өкілінің сөзінше, шеберхана, жөндеу орталығы сияқты қажеттіліктер әлде де жетіспейді. Осындай мәселелерге тоқталған сала маманы жергілікті жерлерді күтіп ұстауға облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтуды, жол құрылысы жұмыстарының сапасын көтеруді, сондай-ақ, мамандарды Алматы қаласында ашылған жол зерттеу курсынан арнайы оқытудан өткізуді ұсынды.

Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы Еркін Мейірбеков жалпы темір жол саласындағы қызмет сапасын көтеру мақсатында өткен жылы пойыздарда, вокзалдарда сервистік сапа стандартының қабылданғандығын атап өтті. Стандарт аясында облыстағы Кенбай, Жантерек және Бақсай стансаларындағы темір жол вокзалдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өз сөзінде комитет төрағасы Еркін Мейірбеков басты жаңалықпен бөлісті. «Қазақстан – Ресей ынтымақтастық аймақаралық форумының» Атырауда өтуіне орай, темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтетін болады. «Форум жоғары деңгейде өтуі үшін біздің кіреберіс қақпамыз талапқа сай болуы керек. Сол себепті темір жол вокзалын республикалық меншікке беру процесін жылдамдату керек» деген ұсынысын білдірді. 

«Махамбет ауданында Жайық өзенін кесіп өтетін көпірдің құрылыс жұмыстары бастала келді» деп хабарлады одан әрі ағымдағы жұмыстар жөнінде баяндаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешев. Оның айтуынша, Қызылқоға ауданындағы Сағыз селосында да темір жол үстін кесіп өтетін көпір құрылысы қолға алынған. «Атырау – Индер тас жолының 71 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, Құлсары қаласы мен Ганюшкин, Сағыз ауылдарындағы темір жол вокзалдарын осындай  жөндеуден өткізу жоспарлануда» деген  басқарма басшысы жол құрылысына қажетті битумға байланысты үкіметтік деңгейде туындап отырған мәселенің жоспарланған жұмысты уақтылы аяқтауға кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. 

Осы ретте мәселеге араласқан облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Біз Атырау – Астрахан тас жолын көктем айларында бастап кетуге тиіспіз. Битумға байланысты қиындықтар шешілмесе, текке уақыт жоғалтып аламыз» деп министр Асқар Жұмағалиевтың алдына мәселе қойды. Сондай-ақ, ол комитет басшылары тарапынан түскен ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. «Мамандарды арнайы курстан өткізіп даярлауды біз қолдаймыз. Кез-келген уақытта маман жіберуге дайынбыз. Сондай-ақ, ағымдағы жөндеуге қаржы бөлуді көбейту жайын қарастыратын боламыз» деген облыс басшысы бүгінде жаңа әуежай салу мәселесінің қаралып жатқанын да жеткізді. Облыс басшысының пікірін қостаған министр Асқар Жұмағалиев битумға байланысты мәселені үкіметтік деңгейде көтеретінін хабарлады.

Қалай десек те, сапалы жол – ең алдымен ел қауіпсіздігі. Сондықтан да, жол қатынастарындағы кедергілер уақыт оздырмай шешуді қажет етеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз