Қолдау бар, нәтиже қандай?

00 6 Саясат

 Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев есеп берді

  Биылғы бес айда ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 14 млрд 200 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 103 пайызға артық. Аймақта мал басы өсіп, егін шаруашылығы өрістеп келеді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз клубында есеп берді.

ТӨРТ ТҮЛІК МАЛДА ӨСІМ БАР

  Жалпы облыс бойынша 162 мың мүйізді ірі қара, 732 мың қой-ешкі, 67 мың жылқы, 32 652 бас түйе тіркелген. – Қай нәрсе де салыстырмалы түрде көрінеді, – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев, – 1992 жылы біздің аймақта қой-ешкі саны 1 млн 340 бас еді, қазір бұдан екі есе аз. Ата кәсіпті жандандыру ісі сондықтан да күн тәртібінен түспеуі керек. Мал өсіремін деушілерге үкімет тарапынан үлкен қолдаулар бар. «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» деген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруге тиіспіз. Бізде әлі де болса бұл салаға деген қызығушылық төмен. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тауар өндіруші несиелік корпорация арқылы ірі қара мал сатып ала алады. Республикалық кесте бойынша, біздің өңір 600 бас ірі қара, 4500 қой, 1800 жылқы алуы керек. Жыл басынан бері 469 бас сиыр малы сатып алынды, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Бұл бағдарламалардың артықшылығы, 14 пайызбен берілетін несиенің 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Алынатын мал бір-төрт жас аралығында және құны 195 мың теңгеден аспауы қажет, несие қайтарым уақыты – 10 жыл. Алғашқы үш жылына жеңілде-тілген мерзім бар. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Қазір тәртіпке сәйкес өндірілген ет, сүт, жұмыртқа, қымыз, шұбатты да субси- диялайды.

КЕҢ ДАЛА ЕГІНГЕ ТОЛАДЫ  

  Саладағы стратегиялық бағыттың бірі — егін шаруашылығы. Қазір картоп, көкөніс, бақша дақылдарымен облыс халқы 151 па-йызға қамтылып отыр. Өткен жылы 1500 га жерге картоп егілсе, биыл екі мың га болды. Күзде ең төменгі есеппен алғанда 25 мың тонна картоп алу жоспарланып отыр, сол кезде картоппен қамту 46 пайызға жетеді. Егістіктің тек көлемін ғана ұлғайтып қоймай, жаңа технологиялар енгізу арқылы сапалы өнімге қол жеткізу қашан да басты назарға алынып келеді. Бұл ретте тамшылатып суару әдісінің тиімділігі дәлелденген. 2014 жылы тамшылатып суару енгізілген егістік көлемі 413 гектар болса, қазір бұл көрсеткіш екі мыңға таяды. – Осы әдісті пайдалану арқылы өнімділік екі жарым есеге өсті, – деді С.Рысқалиев.

– Әр гектарға қаралған шығынды жабу да мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің бірі. Облыс әкімімен бекітіп, министрлікке келісуге жібердік. Картоп өнімін ұлғайту үшін әр гектар-ға 70 мың теңге қарап отырмыз, ол – үлкен қаражат. Тамшылатып суару пайдаланылған жағдайда көкөністің әр гектарына 60 мың теңге, дәстүрлі түрде болса, 25 мың теңгеден беріледі. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы минералды тыңайтқыштар алған соманың 50 пайызын мемлекет жауып беретінін айтты, бұл да біраз көмек. Зиянкестермен күресу үшін пайдаланылған уларды сатып алғаны үшін де елу пайызға дейін ақшасын мемлекет жабады. Егер оны жергілікті өндірушілерден алса – 50 пайыз, шетелден алынса – 30 пайыз. Су мәселесінде де 50 пайыз шығын өтеледі. Өңірде 12500 га жылыжай бар, «Теңізшевройл» компаниясының қаражатымен Жылыой ауданында жылыжай құрылысы басталды. Индер ауданында да жақын болашақта үлкен жылыжай кешені болады. Нарықта соңғы жылдары өнім көлемінің көбеюі нәтижесінде бағаның күрт өсуі болған жоқ. Тұрақтандыру қорына соңғы үш жылда 9 мың жарым тонна өз өнімдерімізді сатып алдық. Өткен жылы Атырауда шығарылған ауылшаруашылығы өнімдері Ресей еліне экспортталды. Қазір өзімізді өзіміз сүтпен, етпен толық қамтып отырмыз. Атыраулық фабрикалар шығарған жұмыртқаларға да сұраныс жоғары. Мұның бәрі ауылшаруашылығы саласындағы аршынды қадамдардың айғағы.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз