ҚАРЛЫҒАШ ҚАДАМДАР АЛЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерде мемлекеттік басқару саясаты өзгерістерге толы болды. Жаңа құрылымдар дүниеге келді. Бір сөзбен айтқанда, ескі шаруашылық нысандары жойылып, жаңа басқармалар құрылып жатты.

Осындай ірі өзгерістердің  басында мына бір оқиға тұрған еді. Сол кезде төрағасы Ахан Бижанов болған Алматы қалаcы Алатау аудандық Кеңесінің депутаттары кезекті сессиясында елдегі барлық деңгейдегі Кеңестерді тарату жөнінде үндеу қабылдады. Жоғарғы Кеңес депутаты, академик, бүгінде марқұм болған Ө. Жолдасбеков те осындай бастама көтерді. Осы туралы ол баспасөз беттеріне жиі шығып, өз ұсыныстарының оңды мүмкіндіктері жайында насихат жұмыстарын тынбай жүргізді.

 Осылайша, 1993 жылдың соңында Жоғарғы Кеңес барлық деңгейдегі кеңестерді тарату жөнінде және Мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде заңдар шығарды.  Нәтижесінде облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі мәслихаттар құрылып және елімізде заң шығарушы бірден-бір орган – қос палаталы Парламент дүниеге келді.

Бұл кезде мен облыстық кеңестің басшылығында жүрген едім. Белгіленген тәртіпке сәйкес, бұл саяси өзгерістер кезінде біздерді мәслихаттарды құру, облыста депутаттар сайлауын өткізу жөніндегі жұмысшы тобына жетекші етіп қойды. Арамыздағы өзара сыйластық әсер еткен болуы керек, сол кездегі облыс әкімі Сағат Түгелбаев біздің аппаратымызды, қызметкерлер жалақысын, ғимарат пен қатынас көлігін бұрынғы қалпында қалдырды. Оны айтып отырған себебім, басқа облыстарда құрылған жұмысшы топтар мен мәслихаттар ірі өзгерістерді бастан кешірді. Штаттары айтарлықтай қысқарып, облыстық мәдениет басқармасы не облыстық кәсіподақтар кеңесі сынды өзге мекемелердің ғимараттарына шығарылды. Осылайша, жұмыс тобына мәслихаттарды құруда бұрын-соңды кездеспеген қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Мәселен, облыстық мәслихатқа бар-жоғы 27 депутатты сайлау қажет болды. Қала мен аудандарды айтпағанда, облыстық кеңесте бұрын 150 депутат болған еді. Сол себепті округтер шекарасы бес-алты есеге дейін ұлғайды. Біздің алдымызда түрлі комиссиялар құрамын жаңа заң талаптарына сай құрып, бекіту міндеті де тұрды.

Әр кандидаттың сайлауалды бағдарламасы мен биографиясын, учаскелік және округтік комиссиялардың құрамын ақпарат құралдарында мерзімінде жариялап отыру міндеті де бізге жүктелді. Кандидаттар туралы плакат түрінде қосымша материалдар шығару, әр округ үшін сайлау бюллетендерін жасақтау сынды өзге де ұйымдастыру шаралары жұмыс тобы мен облыстық сайлау комиссиясына жүктелді. Бұл кезде сайлау комиссиясының төрағасы Т.Оразов болған еді. Осынау үлкен саяси науқан уақытында комиссия төрағасы екеумізге мігірсіз жұмыс істеуге тура келді. Қауырт күндері шағын ғана баспаханаға қона жатып жұмыс істейтін кездеріміз әлі күнге есімде. Бұл кезде бізге облыстық баспасөз құпияларын сақтау басқармасының басшысы Қырағы Қасымов бірнеше күнге жұмыс кабинетін берген еді.

Осы жерде айта кетерлігі, депутаттыққа кандидаттарды біз таңдаған жоқпыз. Кандидаттар негізінен заң талаптарына сәйкес үміткерлікке ұсынылып, тіркеліп жатты. Өзін-өзі ұсыну жолдары да, түрлі қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұсыну форматы да болды. Бір сөзбен айтқанда, депутаттыққа ылғи сайдың тасындай азаматтар келді. Олардың қатарында жұмыссыздар да, ірі кәсіпорын басшылары да, оппозиционерлер де, қоғамдық бірлестіктің лидері де болды.

Депутаттардың алғашқы отырысында облыстық мәслихат хатшылығына мені сайлады. Осылайша, облыстық мәслихат өңірдегі бірден-бір жоғары лауазымды орган ретінде штаттардың, кадрлардың, өзге де ұйымдастыру мәселелерін шешіп отырдық. Өйткені, мәслихаттың үстінен қарайтын бірде-бір республикалық жоғарғы орган жоқ еді. Әлі күнге дейін де солай.

Депутаттар алғашқы отырысты қалалық парктегі Бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден бастады. Бұдан соң депутат Қайыржан Әлиев әріптестерін таныстық үшін дастарханға шақырды. Отырыс барысында депутаттарға қажетті мәліметтер тізілген қағаз таратылды. Әр депутат өзінің өмірбаянымен таныстырып, өзге де шаралар жасалды. Алғашқы депутаттық корпус осылай құрылған еді.

Өтпелі кезеңде белгісіздіктер де көп болды. Мәселен, біздің облыстық газеттер бұған дейін партияның облыстық комитеті мен облыстық Кеңестің қарамағында болған еді. Саяси реформалардан соң газеттер жалпақ тілмен айтқанда, құрылтайшысыз, қолдаушысыз қалды. Бірақ, облысқа, облыс әкімшілігіне газеттің ауадай қажет екендігі белгілі, ал газетке қаражат керек. Бюджет болса мәслихаттар арқылы бекітіледі. Осылайша, қиын жағдайдан жол іздеген біз бас редакторлармен өзара әріптестік жөнінде келісім жасауды ұсындық. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Теңдік Жауырұлы қашанда сақ адам ғой, алғашқыда ол келісімге қол қоймай, тек «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Игорь Николаевич Свидиннен кейін ғана келісімге қолын салды.

Тексеру комиссиясының да бастапқыда не штаты, не мәртебесі болмады. Осындай өтпелі кезеңдерде жоспарлы тексеру нысандарының бірі облыстық әкімдіктің экономикалық басқармасы болды. Мұндай тексерулер ведомство үшін пайдалы да еді. Өйткені, жоспарлы тексерістер ең алдымен сол ведомствоның жұмыс сапасын арттыруға ықпал ететін.

Петровский атындағы механикалық зауыт бұл кезде жұмысын енді-енді бастап жатқан еді. Іс барысында біздің шеберлеріміз орталықта отырғандардан еш кем еместігін дәлелдеп, өзіміздің Гурьевте тереңінен мұнай соратын кәдімгі шынайы құрылғы жасап шығарды. Оған облыстық бюджеттен осы табыстарына қолдау ретінде бір миллион теңге бөлінді. Ол аз қаржы емес еді. Себебі, жаңылмасам бүкіл облыстың жылдық бюджеті 4 миллиард теңге шамасында еді.   Қарлығаш қадамдар туралы мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Бірде облыстық әкімшілік басшылығына жаңадан келген Равиль Шырдабаев мені өзінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарлығына шақырды. Бұл оңай шешіле салатын мәселе емес еді. «Орныма кім хатшы болады?» деген сұрақты басы ашық күйінде қалдыруға болмайтын. Артынша екі адамның кандидатурасы шығарылды. Солардың бірі жоғарыда айтылған Қайыржан Әлиев атты азамат еді. Мен Шырдабаевқа Әлиевтің мәслихат хатшысы болуға келісім бермейтінін айттым. Өйткені, ол бүкіл облыстың балық саласын басқарып отыр, әрі мәслихаттағы бізден екі-үш есе жоғары жалақы алады. Екіншіден, оның нақты бағыты мен функционалдық міндеттері әлі де болса айқындала қоймаған мәслихат жұмысына үйренісе алмауы мүмкін екендігін айттым. Кейін депутаттар мәжілісінде мәслихат хатшысы болып Нұржиян Абдолова сайланды.

Нұржиян Абдолқызы құрметті зейнет демалысына шыққаннан соң, біздің мәслихатымыз бірнеше жылдар бойына хатшысыз да жұмыс істеді деуге болады. Жігер Қарин, Хисмет Табылдиев, Қайрат Ищанов, Амангелді Барақатов сынды депутаттар әр жылдары мәслихат хатшылығы міндеттерін кей кездерде өздерінің негізгі қызметтік міндеттерімен де қатар алып жүрді.

Осы жерде қайта құрылған қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшысы болған тұлғалардың есімдерін атап өткенді де жөн санап отырмын. Қалалық мәслихат хатшылығына Нұрлан Меңдалиев, Қызылқоға ауданында Аманқос Сабыров, кейін Әділше Сәлімгереев, Индерде Қараман Досанов (бүгінде бұл азаматтар марқұм болған), Балықшыда Тамара Амантурлина, Мақатта Орақ Деңгелбаев, Ембіде Қайырғали Ермеков, Махамбетте Сағындық Сатаев, Теңізде Рифхат Сұлтанияев (біраз уақыт аудандық әкімдікте басшылық қызметте болған ол мәслихатқа қайта оралды, күні бүгінге дейін осында істейді), ал Жұмажан Қадимов – Исатай аудандық мәслихатының бастапқыдан бері келе жатқан өзгермейтін хатшысы. Кеңестік кезеңді қоса есептегенде, оның депутаттық тәжірибесі ширек ғасырға жетіп жығылады.

Биыл егемен елімізбен бірге өмірге келген барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына жиырма жыл толып отыр. Осынау уақыт ішінде мәслихаттар сан рет жетілу сатысынан өтіп, жаңа типтегі мемлекеттің қордаланған мәселелерін шешуде өміршеңдігін дәлелдеді. Алда үлкен асулар мен биік белестер күтіп тұр. Мемлекет мүддесін бірінші қоятын осынау ұлы мұраттарға мәслихаттармен бірге қол жеткізетінімізге сенемін.

Барлық мәслихат депутаттарына амандық, табысты еңбекті тілей отырып, атаулы датамен шын жүректен құттықтаймын.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық мәслихаттың алғашқы хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз