ҚҰМДАҒЫ АУЫЛ ТЫНЫСЫ

Тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысын Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Шеген Неталиев шалғайда орналасқан Нарын құмындағы Айбас және жиекте орын тепкен Қызыл үй елді мекендерінен бастады.

 

Қазір шалғайдағы малды ауылдарда қауырт еңбек. Мақсат – малды қыстан шығынсыз алып шығу, азық-түлік молшылығын жасау. Кейбір қыстақтардың басында қазір жел генераторы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.  «Жел генераторы құм өңіріне келгелі жақсы болды, әлем жаңалықтарын теледидардан естіп-біліп, үйіміздің қақ төрінен көріп отырмыз, – дейді құмдағы малшылар.

Насихан елді мекеніндегі Сәбит Қуанышқалиев «Соңғы кездері құмдағы сордың маңайларына күл-қоқыстар, қағаздар, қалбырлар, сынған шөлмектерді аудан орталықтарынан әкеліп, төгіп кетушілер көбейіп барады. Осыларға тыйым салмаса, болмайын деп тұр», – деген ұсынысын жеткізді.

Айбас елді мекеніндегі малшыларға ауыл әкімі келгендегі мақсатын айтып, өткен жылдың еншісіндегі атқарылған шаруалар мен болашақ жұмыс жоспарларын таныстырды. Малшылардың қойған сауалдарына жауап қайтарды.

Ал, Қызыл үй елді мекеніндегі тұрғындармен басқосуда округ әкімі Ш.Неталиев биыл мұнда 80 орындық мектеп құрылысы салынатындығын, ауылға ауыз су жеткізу жайының да қаралып жатқандығын жеткізіп, округке қарасты барлық шаруа қожалықтарының жерлері аукцион арқылы жекешелене бастайтынын қаперледі.

Бұдан кейін тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Құм өңіріндегі кездесулерде ауылдық округ әкімінің есебі бірауыздан мақұлданды.

Аяпберген САЛИХОВ,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз