ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Бейсенбіде облыстық әкімдік үйінде Машина жасаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев құттықтады.

 – Өздеріңізге мәлім, Елбасының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде машина жасау өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленді. Атырауда «Қазақстан-Ресей» ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумының өткізілуіне байланысты бұл мерекені атап өту  сәті бүгінге орайластырылып отыр. Атап айтуымыз керек, сол сапарында Мемлекет басшысы өңірімізде осы сала кәсіпорындарында атқарылған жұмыстар мен үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды жоғары бағалады,-деді Ғұмар Ислямұлы.

-Нақтылай кетсем, 2010-2014 жылдар аралығында облысымызда осындай бес инвестициялық жобаның тұсауы кесіліп, игілікке берілді. Мұның өзі қазыналы өлкеміздің экономикасын әртараптандырып, одан әрі дамыта түсуге зор септігін тигізді. Өзге салалардағы секілді жылдан-жылға өндірістік көрсеткіштердің көлемі өсіп, ұлғайып келеді. Осылайша, 2012 жылдың қорытындысымен ол 113,4 пайызды құраса, өткен 2013 жылы 25,9 пайызға артты. Ал, ағымдағы жылдың сегіз айында нақты көлем индексі 269,7 пайызға жетіп, 7,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Бұл үрдісте «ШевронМұнайГазИнк», «Атыраумұнаймаш», «Доссормұнаймаш», «Қарашүңгіл», «КазТурбоРемонт» сервистік орталығы», «Флоусервис», «Новус  Силинг Каспиан», «Жігермұнайсервис» ЖШС-терін және басқаларының үлес салмақтары басым екендігін айтқанымыз ләзім.

Баршаңызды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан кәсіби мереке – Машина жасаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы бақытын, еңбектеріңізге табыс, өмірлеріңізге сәттілік тілеймін!

«Адал еңбек абыройға бөлейді» демей ме, дана халқымыз. Салтанатты шара одан әрі өндіріс озаттарын ұлығылап, өз мамандығының үздіктерін марапаттау рәсіміне ұласты. Әуелі кәсіби мереке иелерінің бір тобына ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары Альберт Раудың атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Олардың қатарында «Атыраумұнаймаш» зауытының бас директоры Александр Донсков, осы кәсіпорынның металл жонушысы Асқар Жалиев, «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің слесарі Мақсот Досқалиевтың есімдері аталды.

Келесі кезекте «Доссормұнаймаш» ЖШС-нің жөндеушісі Садиман Ермұханов, «Жігермұнайсервис» ЖШС жөндеу цехының жөндеушісі Валерий Раннев, «Новус Силинг» ЖШС операторы  Дмитрий Романов, «Флоусерв» ЖШС құрастырушысы Асылбек Урашев, «Атыраумұнаймаш» ЖШС-нің монтаждаушы-слесарі Балтабай Хасанов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұлардан бөлек, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әріптестеріне үлгі танытып жүрген кәсіби мереке иелерінің бір тобына Атырау облыстық мәслихатының және ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің Құрмет грамоталары тапсырылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз