ДОСТЫҚТА ЖОҚ ШЕКАРА

Астраханда 170 мың қазақ тұрады 

Тәуелсіз Қазақстанда жүздеген этнос өкілдері бақытты ғұмыр кешіп, туған республикамыздың гүлденуіне бір кісідей атсалысып жатса, ондағы негізгі тұрғын – қазақ халқы. Қазақстан – қазақтың тарихи Отаны, тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрінің дамыған жері, шаруашылығы шалқыған мекені. Бірақ, мұны айтқанда әлемдегі бар қазақ осы республика аумағында ғана бас құрап, өмір сүріп жатыр деуге болмайды. Ел басына туған қиын күндер, тағдыр талайы, тұрмыс тауқыметі, қызмет бабымен жұмыр жердің әр қиырында сандаған мың, миллиондаған нәсілдестеріміз жүріп жатыр. Бұлармен хабарласып, байланыс орнатып, кешегісі мен бүгіні, болашағы жайлы ой бөлісіп, ортақ тіл табысу, тарихи Отанына келем  дегендерге құшағымызды ашып, төрімізді ұсыну Қазақстан үшін басты қағидаға айналды.

Міне, осындай мақсатты ұстанған Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы болса, оның Атыраудағы филиалының есік ашып, жұмыс істей бастағанына он жылдан астам уақыт болды.

Филиал құру – үй ішінен үй тігіп, қазақты бөліп алу емес, жат жерде жүрген қандастарымызды бауырымызға тартып, олардың  ұлттық болмысын, атап айтқанда, тілдік, ділдік, мәдени құндылықтарынан күйзелмеуіне әсер ету, тарихи Отандарына деген жүрек жылуын сөндірмеуге күш салу. Ол үшін бізге артылар міндет – соңғы екі жүз жылдан бері мидай араласып, сүттей ұйыған Астрахан өңіріндегі (Ресей) қандастарымызбен байланысты жақсарту.

Аталған өңірде жүз жетпіс мыңнан астам қазақ тұрады. Олар облыстың барлық аумағында, соның ішінде, Красный Яр, Володар, Құмөзек, Икрян, Харабайлы аудандары мен Астраханның өзінде жиі орналасқан. Облыс халық шаруашылығының барлық саласының басқару жүйесінде, экономика, әлеуметтік өмірдің кез келген деңгейінде еңбектеніп жүр.

Олардың бәрінің басын қосатын орталық – Астрахан облыстық «Жолдастық» қазақ тілі мен мәдениеті қоғамы. Қоғамның құрылғанына жиырма төрт жыл болды. Оған сол өңірдің ұлтжанды азаматы, Ресейдің қаржы саласының ардагері, республиканың еңбек сіңірген экономисі Никита Сейітұлы Ысқақов жетекшілік етті. Қазір бұл істі басқа азамат, тағы да бір іскер қандасымыз Ахмет Жаркенов жалғастыруда. Біздің филиал осы қоғаммен ұдайы байланыс жасап, оларда өтетін әрбір шараға араласып, үн қосып отырады.

Қазақтардың Еділ бойымен араласы 1801 жылғы Бөкей сұлтанның батыл шешімі арқасында ғана жүзеге асты. Өткен уақыттар ішінде аталған аймақтан қазақ халқының даңқын арттырған талай дарабоздар шықты. Олардың ішінде қоғам, мемлекет қайраткерлері, әлеуметтік сала, рухани өмір, өнер, мәдениет майталмандары бар. ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген күй атасы – Құрманғазы, оның сүйікті шәкірттері Ерғали Есжанов, Сейтек Оразалиновтердің бақилық ғұмырдағы мәңгілік мекені, Еділ-Жайық арасындағы кең жерді туған қазағына қайта бұйыртқан озық ойлы, халықшыл Бөкейханның сүйегі де сол Астрахан жерінде жатыр. Осыған орай филиал облыстық телевидениемен бірлесе отырып, «Астрахан қазақтары» деген бірнеше циклдік хабар әзірледі. Сонда Бөкейхан, оның ұлы Жәңгір туралы және олар құрған Орда туралы әңгіме болды.

Бұл күнде Астрахан облысындағы 52 мектепте қазақ тілі сабағы жеке пән, сондай-ақ, факультативтік сабақ ретінде жүреді. Соларға көмекші құрал ретінде қауымдастық ұсынған түрлі аудио, бейне кассеталар мен кітаптар таратылады.

Осыдан төрт жыл бұрын атыраулық азаматтар екі ел шекарасында жатқан Бөкейхан кесенесін қайта көтеріп, жаңартты. Оның сүйікті жары Әтен ханым кесенесі де жаңғыртылды. Филиал аталған жұмысқа алғашқы күннен батыл араласып, кейін Харабайлы ауданындағы Сейтек күйші мазары да қайта көтерілді.

Филиал өз жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық хатшылығымен тығыз байланыста жүргізеді. Соған сай олар да ұйымдастырылатын әр шараға араласып, өз үлесін қосып отырады. Этносаралық байланыс, мәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс жүргізу, түрлі конкурс, акция, мәдени шараға қатысу ұдайы назарда ұсталынады. Соңғы жылдары шекаралас мемлекеттердің мәдени қарым-қатынасы аясында Атырау, Астрахан облыстары және Ресей Федерациясы этномәдени бірлестіктерінің «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» тақырыбындағы халықаралық фестиваль өтті. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы тұсында «Сыраның орнына қымыз бен шұбат» акциясы ұйымдастырылды. Осылардың қай-қайсысына да қауымдастық филиалы атсалысты.

Атырау өңірінде де тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралып жатқан шетелдік қандастарымыз көп. Олардың өзге елде ұстанған өнері мен салт-дәстүрлерін жаңа жерде таныстыру, тарату, көрсету үшін түрлі кездесулер, көрмелер өткізу, ұлттық мерекелер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мәселен, Наурыз мейрамы алдында оралмандар ауылында «Үлгілі көше», «Ең таза, әдемі үй», «Ең жас отбасы» номинациялары бойынша конкурстар өткізіліп, жүлделер тапсырды.

Атырау қаласы әкімдігімен келісе отырып, филиал тапсырысы бойынша «Қалакөркемдеу» мекемесі облыс орталығы көшелеріне ұлттық құндылықтарды уағыздайтын бірнеше билборд жасап, ілді.

Облыстық теледидар мен радио, «Атырау» газетінде тарихи-танымдық мақалалар басылды. Түрлі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, шаралар өткізілді. Мұның бәрі – ұлттық рух, қандастарға деген қарым-қатынастың артуы, бірлік ниетіндегі жұмыстар. Ол өзге этностармен достық реуіштегі нәсілдестеріміз арасында одан әрі жалғаса беретін болады. Сайып келгенде, мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың ел бірлігін арттыру, тәуелсіз Қазақстанның әлем алдындағы беделін өсіру жолындағы игі істерінің нәтижесі екені сөзсіз. Оңды қадамдар биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылында да жалғаса беретін болады.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы

Атырау филиалының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз