БИЗНЕСТІҢ БЕРЕКЕСІ

оған жайлы жағдай жасалғанда ғана болады

    Шағын және орта бизнесті дамыту - Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Сол себепті кәсіп иелерінің өз ісін өркендетуіне еш кедергі болмауы тиіс. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Сәрсенбай Еңсегеновтің Атырау қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесуінде кеңінен сөз болды.

 

    «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында өткен жиында алдымен, Сәрсенбай Құрманұлының бүгінге дейін сенатор ретінде ел игілігі үшін атқарған жұмыстары баяндалып, оның халық алдындағы әр іске деген жауаптылығы алдағы уақытта өтетін Сенат депутатын сайлауында да ескерілуі қажеттігі айтылды.      

– Тарих, қоғамтану, кеңес құқығы және заңгер мамандықтарын игерген Сәрсенбай Құрманұлы ең алғаш еңбек жолын 1988 жылдан – Гурьев облысы Құрманғазы ауданының Ганюшкин аулында орта кәсіптік-техникалық училищесі комсомол комитетінің хатшысынан бастайды. Әр жылдары облыстың экономикалық өркендеуінде бірқатар қызметтер атқара жүріп, қоғамдағы өзекті проблемаларға да үн қосты. Кейін халықтың қалауымен депутаттыққа сайланып, бұл жолда да сатылай көтерілді. Сенат депутаттығында жүріп, елдегі талай істің шешімін табуына өз қолтаңбасын қалдырды. Мәселен, Атырау облысы бойынша  полигондық сынақ аймақтарының әлеуметтік жағдайын мәселе етіп қойып, полигонды аймақтардың тұрғындарына қолдау көрсетуде жасаған жұмысының өзі ұшан-теңіз, – деген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев оның Елбасының дәстүрлі Жолдауларын жүзеге асырудағы еңбегі өлшеусіз екенін баса айтты.                

Озық отыздыққа еніп, Мәңгілік ел болуда отандық кәсіпкерлікті кеңінен дамыту –  басты талап. Ал, салада кездескен қиындықты жеңуде көп болып жұмылу қажет. Бұл ретте С.Еңсегенов кездесуге жиналғандардың мәселелерін тыңдап, кәсіпкерлікке қатысты проблемаларды талқыға салды. 

Жеке кәсіпкер Кенже Қажығалиевтың айтуынша, кәсіпті жандандыруды айтпағанда, оны бастауда жер телімін алудың өзі қиынның қиыны. Мемлекеттік органдарда бітпейтін қағазбастылық жойылар емес. Соның салдарынан кәсіпкер бар уақытын текке жоғалтады. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына енген өзгерістер бойынша банктен несие алу үшін кепілге қоятын мүліктің болуы қажет. Ал, енді ғана кәсіпкерлікті бастап жатқан адамда қандай мүлік болсын?!    

«Бұл  – кәсіпкерлер арасындағы ең басты проблема болып тұр. Кепілге қоятын мүліктің жоқтығынан талай кәсіпкер өз бизнес жоспарларын жүзеге асыра алмай келеді. Сондықтан заң шығарушы орган бұған баса мән беріп, кәсіпкерлердің мүмкіндігіне әлі де кеңірек жол ашса», – деді Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнәр Құспанова. Ал, жеке кәсіпкер Өтеміс Жұмағалиев өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы Алматы қаласына оқу семинарына барғанын айтып, мұнда барлық дәрістер орыс тілінде ғана жүргізілгенін алға тартты. Бұл ретте қазақ тіліне баса мән берудің қажеттілігін жеткізді.            

– Елбасы айтқандай, «Мәңгілік елімізбен бірге ана тіліміз Мәңгілік тіл болып қалуы тиіс. Сондықтан, кез келген орын ең алдымен, өз ісін қазақ тілінде бастауы қажет. Бұған қоса, екінші кезекте орыс, ағылшын тілдерін де меңгерудің маңыздылығы зор. Жоғарыда айтылғандай, мәселелер туындай берсе, біздегі кәсіпкерлік саласы алға баспасы анық. Бұлай болмауы керек. Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді. Сол себепті  біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз». Мұны Мемлекет басшысы сан мәрте айтып келеді. Президенттің тапсырмасы негізінде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жоюымыз керек. Сондықтан, бүгінгі айтылған әр мәселе аяқсыз қалмай, Сенат мінбесінде көтерілетін болады. Кәсіпкерлер мүддесі әлі де қорғала түседі, – деді жиынды қорытындылаған Сәрсенбай Еңсегенов.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз