БАҒДАРЛАМАЛАР БАЙЫБЫНА БОЙЛАСАҚ…

Тұтас министрлер кабинетін, әкімдер корпусын сын садағына алған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткізген Үкіметтің кеңейтілген жиынынан соң, шынында да, жанды жұмыс басталғаны байқалады.
Күні кеше ғана Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов бірқатар министрліктің лауазымды тұлғаларына сөгіс жариялап, жұмыстан босатып жатты. Сең бір мұнымен ғана шектелмей, өңір-өңірлердегі департамент басшыларына да жауапкершілік күшейтіліп, жемқорлық фактілері орын алған жағдайда заңның бар қатаң талаптарымен жазаланып отырса, мемлекеттік бағдарламалар өз мақсатына жеткен болар еді. Әсіресе, азаматтарды жермен, тұрғын үймен қамтамасыз етуде көп жағдайда кезек жылжымай, оның соңы ренішке ұласып жатады. Сондықтан, Қазақстанның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің, аталған агенттіктің өңірлердегі басқармаларының жұмысына жіті бақылау керек-ақ.

alogo1223333334Кезек неге жылжымайды, тұрғын үйдің ұзын-сонар кезегінде халық неліктен жиырма, отыз жылдап тұрады? Тұрғын үй кімдерге беріліп жатыр? Шын мұқтаждар неге шырылдап жүр? Осыған орай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «баспана жағдайын қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр» деп атап көрсеткен еді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталған Мемлекет басшысы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алу фактілерін қатты сынаған еді. Осы мәселенің де нақты жауабын беретін кез жетті.
Бүгінде өңірлерде мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуында да кемшілік бар. Бұл бағдарламада шикі тұстар жетерлік. Бірде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов «бір ауылда алты көше болатын болса, жобалау құжатында сол көшенің тек төртеуі ғана қамтылған. Сонда басқа көшелер қайтеді?» деп мәселе көтерген еді. Осының өзі жауапты органдардың «бармақ басты, көз қыстылыққа» салынып отырғандығын көрсетпейді ме? «Ақ бұлақ» бағдарламасының басты мақсаты – халықты, соның ішінде шалғай ауылдардың барлығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету еді ғой. Ендеше, бағдарлама неге толыққанды орындалмайды?

Ғалым АРЫСТАНОВ,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз