БҰҚАРА МҰҚТАЖЫНА – СЕРГЕКТІКПЕН

«Нұр Отан» ХДП Атырау қалалық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен кездесті. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі мәселесі болды. 
Өңірдің экологиялық жағдайына алаңдаған зейнеткер Әліп Кенжеғұлов аталмыш мәселені халық қалаулысы назарына ұсынды. Қалада жасыл желектің аздығын айтқан зейнеткер аймақ үшін ағаш өсірудің маңызы зорын айтты. Сонымен қатар, бұрын Атырау әуежайы маңында Ресейдің уран өндіргенінен де депутатты құлақтандырған Ә.Кенжеғұлов бүгінде сол әуежай топырағын тұрғындардың пайдаланып отырғанын және оның зияндығының ұшан-теңіз екенін де жеткізіп, осы мәселенің Үкімет деңгейінде қаралуына ықпал етуін сұрады. Қарттың тілегін тыңдаған Серік Тұрарұлы зейнеткер өтінішінің жерде қалмайтынына сендірді.

Келесі боп пәтер мәселесін алға тартқан Мұнархан Әлімов – мешіт имамы. Тұрғын үй кезегінде аз қамтылған отбасы ретінде 2000 жылы тіркелген. Бүгінде пәтерінің тарлығын айтып, үй берілуіне ықпал етуді сұрайды.
Осы секілді, баспанасының тарлығын айтқан Жансүгіров көшесі тұрғыны Жанар Масабаева да Мәжіліс депутатынан көмек сұрай келіпті.
Коммуналдық мәселе бойынша қоғамдық қабылдауға қатысқан зейнеткер Хамит Әубәкіров Самал ықшамауданында электр қуаты, су, газдың жоқтығын айтып, ол жердегі 100-ге жуық тұрғынның жағдайының қиындығын жеткізді.
Тұрғындардың бұл өтінішін мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов мәселенің мәнісін анықтауға күш салып, облыс, қала басшыларының назарына ұсынып, көмектесуге жұмыстанатындығын жеткізді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз