ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ, САЯСАТТАНУШЫ: «РЕФОРМАЛАР КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ»

- Парламент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ұсыныстың шығу себебін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Мемлекеттің алдында қазір реформаларды оперативті түрде жүзеге асыру міндеті тұр. Осыған байланысты, мемлекет нарықтық қатынастардың кейбір мәселелерін қайта қарауға мүдделі. Бірақ, бұл реформалар Парламенттің жаңа құрамын жасақтаудан бұрын да жасала беруі мүмкін.

Рас, сайлауды мерзімінен бұрын тағайындаудың экономикалық себептері бар. Бірақ, біз елді экономикалық күрделі кезеңнен алып шығу жауапкершілігін Президенттің өз мойнына алғанын түйсінуге тиіспіз. Өйткені, өткен жылы тиісті заңдар қабылданды, ол заңдар Елбасына Жарлық арқылы реформалар жасауға толық мүмкіндік береді.

– Сайлау қарсаңында, сайлаудан кейін қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Дәл қазір насихат жұмыстарынан гөрі, нақты шараларды жүзеге асыру маңызды. Бюджетті қысқарту, шығындарды азайту жұмыстары жүреді. Сәйкесінше, мемлекеттік қызметкерлердің саны азайып, жылы орындар қысқаруы мүмкін. Тоқсаныншы жылдары біз дәл осы қадамға бардық. Яғни, үнемдеу, ықшамдау, оңтайландыру кезеңі жалғасатын болады.

– Жаңа құрамдағы Парламент көппартиялылық жүйесін қаншалықты сақтап қала алады?

– Парламентке жаңа тұлғалардың, тіпті жаңа партиялардың келуі ғажап емес. Бастысы, біз өткеннен сабақ ала білуге тиіспіз. Мәселен, тоқсаныншы жылдардағы қиындықтан бізді мұнай құтқарған жоқ. Бізді құтқарған уақытылы жүзеге асқан реформалар еді. Ал, мұнай – екінші фактор, яғни көмектесуші механизм болатын.

Енді қараңыз, мұнай қоры бізден әлдеқайда көп Венесуэлла бүгінде өте ауыр жағдайда. Нигерия да, Иран да қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мұның себебін реформаның жасалмауымен түсіндіруге болады. Реформаны қажет деп есептемейтін елдердің арасында Ресей де бар. Бірақ, көрші елдің жасап отырған ішкі есебі шешуші фактор бола алмайды.

Сондықтан, жаңа құрамдағы Парламент қалыптасқан жағдайдың күрделілігін өз деңгейінде бағалай отырып, әлеуметтік, басқа да шығындарды неғұрлым азайтуға, әскери әлеуетті күшейтуге, жаңа реформалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етуі тиіс деп ойлаймын.

Әңгімелескен:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз