АТЫРАУ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Қазан айының алғашқы күні еліміз үшін айтулы күн болды. 2008 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіліктерінің аяқталуына байланысты Елбасы Жарлығымен мемлекетіміздің барлық өңірлерінде өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы Атырауда да үлкен ұйымшылдықпен ұйымдастырылды.

Жоғары палатадағы орынға аймақтан үш үміткер дәмелі еді. Оның бірі – бүгінгі күнге дейін осы лауазымда болған Сәрсенбай Еңсегенов болса,  екеуі – «Жер» РМК Атырау филиалының директоры Қамбар Теміров пен Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемәлиев.

Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың 131 депутаты Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында үш үміткерге дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

Сайлау барысын шетелдік және жергілікті байқаушылар, сайлауға түсіп жатқандардың сенімді өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қадағалады.

Сайлау науқаны барлық заң талаптарына сай ашық түрде ұйымдастырылды. Шара басталмас бұрын комиссия мүшелері бюллетень салатын жәшіктің бүтіндігін тексеріп, пломбалап, дауыс беру қағаздарын санады. Заң талабы бойынша барлық бюллетеньнің бір пайызы резерв ретінде сақталуы тиіс. Бұл талап та толық орындалғанының куәсі болдық.

Таңертең сағат 10.00-де сайлау пункті ашылып, барлық қауіпсіздік шаралары сақталды. Түске дейін өткен сайлауға таңдаушылардың басым бөлігі қатысты. Сайлау заңнамасының фактілерін бұзу тіркелмей, ешқандай ескертулер мен заң бұзушылықтар орын алған жоқ.  

– Әр депутат өз қалауы бойынша үш үміткердің арасынан таңдау жасап, бюллетеньде сол адамның тұсынан белгі қояды. Дауыс беру кабинасында тек таңдаушының өзі болады. Ешқандай қысым көрсетілмейді. Сондай-ақ, сол бюллетеньде комиссия мүшелерінің қолы қойылуы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмаса, немесе бюллетеньге түзетулер енгізіліп, боялса, бұл дауыс есепке алынбайды, – деп комиссия төрағасы А.Ыбрашев дауыс беру тәртібін түсіндірді.  

Кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ыбрашев комиссия мүшелері Тамара Аман-Турлинаға, Өтеген Нәукиевке, Долорес Таскаринаға, Әсия Қыстаубаеваға және Ғабиден Қанатовқа  таңдаушылардың бюллетеньдерін табыс етті. Айта кетсек, облыстық мәслихатта – 27, Құрманғазы мен Махамбет аудандарында – 26, Жылыой мен Индер аудандарында – 26, Қызылқоға мен Мақат аудандарында – 30 және Атырау қаласы мен Исатай ауданында 23 мәслихат депутаты бар.

– Бүгін республика үшін тарихи күн десе де болады. Сенат депутаттығына үміткерлер арасынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасауда. Халық қалаулылары үміткерлерді өз ойларымен таңдап, саралап жатыр. Сайлау әділ және ашық түрде өтуде. Науқан белгіленген уақытта басталып, өз деңгейінде аяқталды, – дейді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақытгүл Хаменова.

Өз таңдауын жасаған Исатай аудандық мәслихатының хатшысы Жұмажан Қадимов та сайлаудың ашықтығына оң бағасын берді. Сайлаудың барлық талаптары сақталып, күнтізбелік жоспарға сәйкес өткендігін айтады.

– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдан астам уақытында, – деді ол, – ел басқарудың құрылымын сақтауда Елбасы билік тармақтары арасында тең жүйені қалыптастырды. Осының негізінде көптеген істер атқарылды, еліміз көркейді, халыққа жағдай жасалды. Мұның барлығын мемлекетіміздің заң шығару органы жұмысының көрінісі деп білемін. Ал, Сенатқа өңірлердегі мәслихат депутаттары тікелей сайлаған кандидат ұсынылады. Сондықтан, Сенат депутатымен біз қоян-қолтық тығыз жұмыс жасап келеміз. Сенатта мәслихат жұмысы жөніндегі сектор бар. Бүгінгі сайлау өте ұйымшылдықпен өтуде. Аймақ бойынша сайланған депутат еліміздің, облысымыздың әрі қарай асқақтай беруіне үлесін қосады деп сенемін.   

Бұл жолы сайлау науқанын халықаралық байқаушылар да қадағалады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығының байқаушылар миссиясының өкілі Герман Даниленконың айтуынша, ол Қазақстанда екінші рет сайлау процесінде бақылаушы болып отыр. Ең алғаш рет Атыраудағы 2012 жылғы сайлауға қатысқан.

Сайлау барысын тек шетелдіктер емес, жергілікті бақылаушылар да қадағалады. Олардың ішінде, сенімді өкілдер мен үкіметтік емес ұйым мүшелері де болды.

– Сенат сайлауы әділ өтіп жатыр. Өз басым бақылаушы ретінде қатысқандықтан, бұған толық көз жеткіздім. Барлық шара сайлау заңнамасы аясында өтті деп сенімді түрде айта аламын, – дейді бақылаушы Гүлжан Елешева.

Комиссия төрағасы Асау Ыбрашевтың айтуынша, өңірден Сенат депутаттығына төрт үміткер ұсынылған. Алайда, депутаттыққа үміткердің бірі – Нұрлыбек Өтесінов өз өтініші бойынша сайлауға қатысудан бас тартқан.

Сайлау барысы бір сағаттай уақытқа созылып, түске дейін ең көп дауыс жинаған үміткердің есімі белгілі болды. Бұған дейін де құқық қорғау, мемлекеттік қызмет және тағы басқа салаларда өзінің біліктілігі мен іскерлігін көрсетіп жүрген Сәрсенбай Еңсегенов 114 дауыс жинаған.  Ал, Ғилман Сәрсемәлиевке сегіз депутат өз дауысын берсе, Қамбар Теміров тоғыз таңдаушының сеніміне ие болған.

Айта кетсек, Сәрсенбай Құрманұлы осыдан алты жыл бұрын өткен сайлауда да басым дауыс жинап, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған еді. Содан 2011 жылдың желтоқсан айы аралығына дейін Парламент Сенатының Заңнама және құқықтық мәселелер және экономикалық даму және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комитеттерінің мүшесі болған. Кейін екінші аталған комитеттің хатшысы қызметін атқарды.  

Келесі күні Орталық сайлау комиссиясы отырысы өтіп, сайлаудың нақты қорытындысын ҚР ОСК Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жариялады.

Еліміздің Конституциясына және Сайлау туралы заңына сәйкес Парламенттің жоғарғы палатасына 16 депутат, атап айтсақ, әр облыстардан және Астана мен Алматы қалаларынан бір-бір депутаттан таңдалды. Атырау облысынан Сәрсенбай Еңсегенов ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз