АРДАҚТЫ ӘЖЕЛЕР, АБЗАЛ АНАЛАР, АЯУЛЫ ҚАРЫНДАСТАР!

Сіздерді ару көктемнің арайлы мерекесі – 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бүгінгі мереке - отбасының берекесі мен ұйытқысы болып отырған аналарымыз бен апаларымызға, жұбайларымызға, шуағын шашып, өрісімізді кеңітіп отырған қарындастарымыз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін мерейлі күн.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен мемлекет әйелдерге үлкен қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауда.Елбасының «Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел - өмірдің өзі» деп атап өтуі біздің қоғамдағы әйел-аналарға деген сый-құрметтің биіктігін көрсетеді.  

 Біздің аналарымыз бен қыздарымыз – жарқын істердің бастаушысы, ел бірлігінің ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. 

Олар отбасының береке-бірлігін, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтаумен қатар, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласуда. Бүгінгі қоғам “әйел – кәсіпкер”, “әйел – саясаткер”, “әйел – қоғам қайраткері” деген секілді мәртебемен, бай мазмұнмен толығып отыр.

Халқымызда «Барлық жақсылық – күннің нұрынан, жылылық  әйелдердің аялы алақанынан таралады» деген сөз бар. Әйел-Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күретамыры, ыстық ықылас пен ыждағаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. 

Баршаңызды шуақты мерекелеріңізбен құттықтап, отбасыларыңызға амандық пен береке, өздеріңізге  мықты денсаулық, жемісті еңбек, шынайы әйел бақытын тілеймін!

Сіздерге деген құрметпен, 
Атырау облысының әкімі 
Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз