АРДАГЕРЛЕРДІ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың жергілікті жерде орындалысын бақылап, жоғары заң шығарушы өкілетті орган жұмысымен таныстыру, қабылданған заң жобаларын талдап, түсіндіру мақсатында Атырау облысына іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов пен Майра Айсина «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында партия ардагерлері және қалалық мәслихат депутаттарымен  кездесті.

 

Жиынға қатысқан партия ардагерлері қоғамдық мәселелерге ден қойып, бірнеше ұсыныс  білдірді. Осы орайда сөз  алған  облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап Әбдірахимов 2005 жылдан бері қолданыстағы «ҚР Мүгедектер туралы» Заңының бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін толыққанды шешуде күшінің әлсіз екенін алға тартып,  «заң қайта қаралса» деген ұсынысын жеткізді. Тыл, еңбек ардагерлерінің  кейде еш ескерусіз қалатынына көңілі түскен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш «ҰОС ардагерлерімен бірге бұл азаматтардың да назардан тыс қалмай, мемлекеттік негізде марапатталса» деген ойын айтты. «Ардагерлердің мерейлі туған күндерінде демеуші іздеп дал боламыз. Осыған орай, қоғамдық ұйымдар бюджет тарапынан қаржыландырылса» деген ұсынысын да білдірді. Бұл орайда мәжілісмен Нұртай Сабильянов«Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес, озық отыз елдің қатарына ену мақсатында  елімізде көптеген заңдардың қайта қаралып, түзетулер мен толықтырулар енгізіліп жатқандығын айтып, «бұл ұсыныстар аяқсыз қалмай, заңға өзгеріс енгізу барысында кірістірілетін болады» деді. Жиын барысында ардагерлер ұйымының жұмысын «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңнан тыс, бөлек қарастыру жайы да айтылды. Бұл жөнінде пікірін айтқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов «Ардагерлер ұйымы жылдан- жылға кеңіп келе жатыр. Ұйым қоғамдық бірлестіктерден бөлек үлкен шараларға атсалысып, өзіндік үн қосуда. Осыны ескеріп, ардагерлер ұйымы туралы заң шығарған дұрыс» деді ол. Пікірді қуаттаған Мәжіліс депутаттары бұл мәселелердің де оң шешілуіне ықпал ететіндіктерін жеткізді.

Атырау өңірінің балықты аймақ екені белгілі. Әсіресе, 1977 жылдары балық аулау үлкен көрсеткішке ие болып, осы кезде балық өнеркәсібінің жұмысы қайнап тұрған еді. Облыс экономикасын жоғары ұстап тұрған да осы кәсіп болатын. Ал, қазіргі жағдайға қарасақ, сол кездер ертегідей көрінеді. Бүгінде есігі жабылған балық зауытын қайта жандандыру жөнінде Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы балық өнеркәсібі мекемесінің басшысы Мұхтар Орынбасар әңгімеледі.

Аталған мәселе турасында қоғам қайраткері, еңбек және  партия ардагері Рысқали Сисатов кеңінен тарқатып, көне Сарайшық қаласының жағалауын да қалыпқа келтіру мәселесін алға қойды. Бұл орайда депутат Нұртай Сабильянов нақты жауап берді.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жай-күйімен танысып, шешілмеген мәселелерге ықпал ету мақсатындағы депутаттардың келесі жиыны Атырау мұнай өңдеу зауытында жалғасты. Зауыт директоры Қайрат Оразбаев мәртебелі меймандарды АМӨЗ-ын дамыту аясындағы инвестициялық жобалармен таныстырды.

Зауыттағы мамандардың 23 пайызын жастар құрайды екен. Бүгінде зауыттың 192 қызметкері – «Нұр Отан» партиясының мүшелігінде. Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында партия құрамы тағы да жаңа мүшелермен толықты. Мүшелікке өткендерге жаңа партбилеттерді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов табыстады.

Одан әрі мәжілісмендер аймақтың аудандарында болып, шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті. Махамбет ауданына іссапары барысында ауыл азаматтарымен жиын өткізіп, өздерінің сапар мақсатынан хабардар етті. Сондай-ақ,жыл басынан бері 26 заң жобасы қабылданғанын, Парламент поштасына түскен 1600 өтініш, шағым хатқа жауап қайтарылғанын айтқан халық қалаулылары  «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, Елбасы ұсынған Мәңгілік Ел тұжырымдамасын талдап түсіндірді.

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданып, қаржы қаралғанын жеткізіп, жұмыс берушінің ұсынысы бойынша жұмыссыздарды мемлекет есебінен кәсіби мамандыққа қайта даярлаудың тиімді тетіктері қарастырылып жатқандығын да айтты. Депутаттар селодағы бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар құрылысын аралап көрді. Бұдан соң белгіленген бағдарламаға сәйкес халық қалаулыларыЕсбол, Алға селолары тұрғындарымен кездесу жиындарын өткізді. Мәжілісмендер сондай-ақ, Исатай, Мақат, Индер, Жылыой аудандарында да болды.Бұл өңірлерде де аудан активтерімен кездесіп, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысты. Елбасы тапсырмаларының орындалу барысын қадағалап, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді насихаттады.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз