ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?

Қоғамның басты байлығы – адам. Ендеше, жеке тұлғаның жауапкершілігін арттыру, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету «Қазақстан - 2050» стратегиясының жаңа бағытына айналып отыр. Елдегі әлеуметтік мәселе жуырда Елбасының қатынасуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да әңгіме болды. Қазақстан Президенті еңбек және жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік көмекті өзара міндеттемелер негізінде еңбекке қабілетті адамдарға беру қажеттігіне назар аударды.

 

alogo1223333334Бүгінде қоғамда жұмыссыз жандарға шыныменен, өзгеше талап қойылып отыр. Олар енді әлеуметтік көмек алып, соны ғана қанағат тұтпауы керек. Қазіргі заман жаңаша өмір сүруді, еңбек нарығындағы өз орнын алуды қажет етеді. Облыста осы мақсатта ауқымды жұмыс жүруде. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жұмыссыздықтың деңгейін 4,9 пайызға төмендету мүмкін болды. 1 қарашадағы мәлімет бойынша облыста 13 731 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 8490-ы тұрақты болса, 5241-і – уақытша жұмыс орны. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орындарына 15 104 адам жағдайын айтып келген-ді. Аталған жұмыссыздардың 10 440-ы бүгінде жұмыс тапты. Осылайша, еңбекпен қамту деңгейі 69 пайызды құрап отыр.
Жұмыссыз адам қандай мамандыққа болмасын, өзінің ыңғайын, қабілетін байқатуы қажет. Оның еңбек өтілін, тәжірибесін саралай отырып, біз оған түрлі әлеуметтік көмек ұсына аламыз. Айтылған сөздің айғағындай, биылғы жылдың басынан бері 1774 жұмыссызды қайта дайындау және кәсіби дайындау курстарына жібердік. Өз деңгейінде білім алғандар жұмыс тауып, бүгінде нәпақасын тауып жүр. Жалпы, 45 мамандық бойынша қысқа мерзімді курстар 24 оқу орнында, атап айтқанда, колледждер мен мемлекеттік емес білім ошақтарында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында шетелдік компаниялармен де келісім жасап, 682 адамды оқуға жіберіп отырмыз.
Жұмыс іздегендердің көпшілігі жоғары жалақы беретін, жағдайы жақсы мекемелерді жағалайды. Бұл, әрине, оның құқығы. Болашақ кәсібін тыңғылықты игеру үшін жетік білім, мол тәжірибе керек екендігі белгілі. Сондықтан, біз мамандығы жоқ, немесе қайта даярлау курстарын белгілі себептермен оқи алмағандарға өзге жұмыстар ұсынудамыз. Осы жылы 5782 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Соның екі мыңнан астамы аз қамтамасыз етілген отбасылардың, атап айтқанда, ауылдық жерлердегі көп балалы аналармен қатар, кәсіби білімі, мамандығы жоқ жастар болатын.
Әлеуметтік жұмыс орындары негізінен тұрғындардың белгілі бір топтарына арналған. Ол оралмандар, мүгедектер, көп балалы аналар, сотталып келген жандар, тағы басқалары еді. Әлеуметтік жұмыс орындары үшін еңбекақының мөлшері 52 мың теңгені құрайды. Оның 26 мың теңгесі жұмыс берушінің қаражатынан төленетінін айтайын. Аталған жұмыс орнын ұйымдастырудың уақыты бір жыл мерзімді құрайды және еңбекақының көлемі біртін-біртін өсуі тиіс. Жоғары оқу орындарымен қатар, орта, кәсіптік білім беру ошақтары түлектерінің алғашқы еңбек жолын бастауы үшін жастар тәжірибесі де жүзеге асады. Оған 1213 жас буын өкілі жіберіліп, қазіргі күні соның 289-ы тұрақты жұмыс тауып отыр.
Жергілікті жерде жиі ұйымдастырылатын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де талай жанның бағын ашқаны шын. Мәселен, жастар саясаты басқармасымен бірлесіп өткізген шараның барысында ғана 200-ден астам жас жұмыс тапты. Жалпы, жыл басынан бері біздің басқарма 65 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Оған 5 мыңнан астам адам қатынасып, нәтижесінде оның 2100-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Адамдарды еңбекке тартуда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының маңызы ерекше деп білемін. Биыл осы мақсатқа Атырау облысына республикалық бюджеттен 5,4 млрд. теңге қаражат бөлінген болатын. Бағдарлама 5528 адамды қамтып отыр. Аталған бағдарламаның түрлі бағыт-бағдары бар. Оның бәрін бір сәтте санамалап шығу мүмкін болмас, дегенмен, мынадай мысалдарға кеңірек тоқтала кетсем деп едім. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бір тарамы – кәсіпкерлікті дамыту бағыты. Ол бойынша облыста ауқымды жұмыс жүруде. 50 несиелік серіктестік құрылып, 1412 жаңа жұмыс орны ашылды. Мысалы, 2011 жылы 107 жан несие алса, оның қатары бүгінде 1 мың адамды құрады. Осының өзінен өз нанымды өзім табамын, жұмысымның ауқымын кеңейтемін дегендердің қатары өсіп келе жатқанын байқау қиын емес. Құрманғазы ауданында жергілікті тұрғын Эльмира Кибаева 3 млн. теңге көлемінде шағын несие алып, «Айнадай» деп аталатын фосфатсыз экологиялық таза өнім – кір жуғыш ұнтағын шығаруды қолға алды. Индерлік Ернар Байгенжиев қоянның «Калифорния» түрін өсіруге ұмтылса, қалаға қарасты Сарыөзек селосының тұрғыны Жеміс Қиярова құс, оның ішінде қаздың санын көбейтуді мақсат етуде. Жаңақаратондық Дүйсенбай Боқаев жиһаз шығару мәселесімен айналысуда. Келтірер болса, мұндай мысалдар аз емес. Осылайша біз Елбасының үкіметтік отырыстағы тапсырмаларын орындау үстіндеміз.
Қазыналы аймақта бүгінде ауқымды істер жүзеге асуда. Олардың арасында «Болашақ» пен Солтүстік Каспий жобалары бар. Дегенмен, мұндағы жоспарлы жұмыстардың аяқталуы себепті 7100 адам жұмыстан босатылуға мәжбүр. Соның денін атыраулықтар құрайды. Қазіргі күні осы жандарды еңбектен қол үздірмеудің мүмкіндіктері қарастырылуда. «Синопэк Инжиниринг» компаниясымен АМӨЗ зауытындағы қайта жаңғырту жұмыстарына, «Аджип ҚКО» және оның мердігері «Іскер-Казстройсервис» мекемесімен темір жол тарамының құрылысына орай меморандум жасақталуын, екі мыңнан астам адамның еңбекке орналасқанын осы бағытта айта кетуге болады. Алға қарай ТШО-ның болашақ кеңейту жобаларының негізінде 18 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Адамдардың жұмыспен көбірек қамтылуы халықтың әл-ауқатының жақсаруына, әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасылардың азаюына себепші болатындығы белгілі. Сондықтан, қазіргі күш жұмыссыздардың санын азайтуға, оларды жұмысқа көбірек тартуға бағытталуда.

Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз