ӘКЕ АМАНАТЫ

Қилымғали әкеден тым жас қалды. Арқа сүйер асқар тауы өмірден өткенде небәрі тоғыз-ақ жаста еді. Қарындасы Меңсұлу тіпті де кішкене болатын. Бірін көтеріп, екіншісін жетектей жүріп анасы Зылиха адам етті.

Өткен ғасырдың орта шеніндегі Манаш ауылында тірлік қайнап жататын. Бұл күні сағынышпен еске алатын қазақы қағиданың қаймағы шайқалмаған, исі аңқып тұрған кезі ғой, шіркін! Өрісте төрт түлік түгел өреді. Ал, іргедегі теңізден аптал азаматтар ау тартады. Су маржандары тобымен келіп торға түседі. Үкіметтің берген жоспары бар, соны орындау үшін ұжымшар мүшелері ертелі-кеш айдын төсінен табылады.

 Қилымғалидың әкесі де балықшы еді. Мұның бала қиялында ол қос иығына екі кісі еркін мінетін алып адамдай елестейді. Сол кездің кісілері еткен еңбек, төккен терінің өтеуіне марапат та сұрамайды. Әр атқарған ісін міндетті шаруасы сезінеді. Майданнан арнайы рұқсатпен қалдырылған әкесі Қайнен Жақыповтың сонау 1941 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын ұрпағы биыл ғана білді. Мұрағат құжаттарын ақтарғанда қатардағы балықшының қажырлы еңбегінің лайықты бағасы табылды. Кеш те болса, артында қалған ұл-қызының көңіліне демеу, жанына медет.                   

Енді әкеден қалған жалқы ұл Қилымғали туралы толғанып көрелікші. Қызмет бабымен бірнеше жылдан бері аралас-құралас жүргенімізбен, оның да біз білмейтін сырлары жеткілікті екен. Жалпы, бұл – көп сөзге жоқ жігіт. Суыртпақтап оны-мұны сұрағанда да көл-көсір айтып тастамайды. Әкесі марқұм кіндіктен жалғыз болыпты. Өзі өмірден өткенде қарайласар етжақыны да табылмаған тәрізді. Содан қайда да шырылдап жүретін нағашылары көшіріп әкеткен. Сөйтіп, Қилымғали орта мектепті Таңдай ауылында тәмамдайды. Ал, 1973 жылы Гурьев пединститутын математика пәнінің мұғалімі ретінде бітіреді.

Содан жас маманды алдымен іргелес Маңғыстау облысына жолдамамен жібереді. Сондағы станса басында №549 орта мектеп бар екен. Осында математика пәнінен дәріс береді. Кейін Гурьевке оралып, политехникалық техникумға жұмысқа орналасады. Біраз уақыт өндіріс шеберінің қызметін атқарады да, кейін тоғыз жыл қатарынан мұнай бөлімінің меңгерушісі болады.

Осы арада жас маманның еңбек жолының өзіндік қызықты тұсы басталады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында өмірімізге информатикалық ақпараттандыру дендеп ене бастады. Рас, маман жоқ. Компьютерлер де әкелінбеген. Бірақ, қайткенде де, соның тілін меңгеру керек. Содан Қилымғали республиканың әр түкпірінен құралған топпен бірге Мәскеудің мемлекеттік университеті жанындағы информатика курсында дәріс алады. Одан оралған соң Уфаға аттанып, тағы да білімін жетілдіреді. Сөйтіп, күллі облыста компьютер тілін түсінетін жалғыз маман болып шығады. Бұл оның кейінгі қызметіне де тура әсер етеді.

Бүгінде көп адам ұмытқан да шығар, сонау 1985 жылы Гурьевтегі №16 орта мектепке алғашқы компьютерлер әкелінді. Әйтсе де, олар орнатылғанымен, ешкім тілін түсінбеді. Қымбат құралдар қатарға қосылмай, құлыптаулы бөлмеде текке тұрды. Содан мұны Қилымғали естиді. Барып көрсе, өзі білетін құралдар. Қосып қараса, істеп тұр. Сөйтіп, техникумдағы шәкірттерін осында әкеліп, теория мен тәжірибені ұштастырады.

Осы жай, түптеп келгенде, оның осы мектепке директорлық қызметке ауысуына соқтырады. Сөйтсе, өңірде компьютер тілін білетін маман бар екенін обком басшылары естіген. Бұл бармауға тырысқан. Біреудің орнына тағайындалудан қашқаны өз алдына, бауыр басып қалған ұжымы, дәріс беріп жүрген шәкірттері бар ғой. Мәселе обком хатшысына дейін жеткен. Жас коммунист, енді шегінер жер жоқ.

Содан үш жылдай осы оқу орнына жетекшілік жасады. Қаншама жаңашыл бастамалар өмірге келді. Ағылшын тілін тереңдете оқыту қолға алынды, бастапқы әскери дайындықтың базасы осында жасақталды. Әсіресе, компьютерге үйрету кеңінен жүргізілді. Мектеп оқушылары информатика пәнінен республикалық бәйгелерде жүлде ала бастады. Облыс мұғалімдері үшін жаз кезінде информатикадан  арнайы курс ұйымдастырылды. Соның бәрінің басы-қасында өзі жүрді.

Бұл шаруа да реттеліп, жүйеге түсіп үлгерген-ді. Енді Қ.Қайненов облыстық білім беру басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне шақырылды. Міне, оның мемлекеттік қызметші ретіндегі жұмысы осылай басталды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы мен ортасында облыста білім саласында елеулі өзгерістер болды. Республика бойынша тұңғыш ұлттық гимназия осында ашылды. Ол кезде мұндай оқу орнының жобасы да жоқ еді. Бәрін қолдан жасауға тура келді. Досмұхамбетов атындағы техникалық лицей өмірге келді. Мұнда ағылшын  ғана емес, математика мен физика пәндері де жан-жақты оқытылды. Сол тоқсаныншы жылдардың басында АҚШ университеттеріне қабылдау жүріп жатқан. Соған атыраулық жастар да тобымен түсті.

Қилымғали Қайненов – Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының тұңғыш директоры. Бұған да өзінің белсенділігі «кінәлі». Облыстық білім беру басқармасында жүргенінде осындай оқу орнын ашу туралы бастама көтерген. Ол жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тауып, жұмыс қолға алынған. Күрделі құрылыс басталды, жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Сара Алпысқызының келетіндігі мәлім болды.

Тың оқу орнының жұмысын жүйелеу Қ.Қайненовке тапсырылды. Жаңадан оқу жоспары жасақталды. Оны республика білім министрінің өзі бекітті. Сол кесте негізінен әлі де кәдеге асуда. Жастарға білім беруге майталман мамандар тартылды. Әлі есінде, оқу орнының тұсаукесер шарасына еліміздің әр түкпіріндегі салалас білім ошақтарының басшылары шақырылған. Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясының өкілдері де қатысқан. Солар өздерімен бірге атыраулық бір студентті ала шықпақшы екен, тіпті жоқ көрінеді. Кейін атыраулықтар бұл оқу орнына тобымен түсті ғой.

Қилымғали Қайненовтің кейінгі еңбек жолы түгелімен мемлекеттік қызметке бағышталды. Білім беру басқармасының басшылығына қайта оралды, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директорлығына тағайындалды, Мақат ауданының әкімі болды, Тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға жетекшілік етті. Ал, бүгінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Құлсарылық бір азамат мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке кетіп бара жатқанында қолындағы қаламын көрсетіп, «осы қаламмен кірдім, сонымен шығып бара жатырмын» деген-ді. Рас, бес саусақ бірдей емес. Алтын көріп, жолдан тайып жатқандар бар. Солар жиі көзге түсіп қала ма, әйтеуір, бүгінде мемлекеттік қызметшілерге түрліше қарайтындар да табылады. Әйтсе де, жымқыруға бейім жандар қай салада да жүр ғой. Сондықтан, аққа қара жаққан да жараспайды.

Мыңның көңілін тапқанда, бірдің өкпесіне қалу – табиғи нәрсе. Қилымғали Қайненов те осы жылдары өзін бәріне жақтым деп санамайды. «Ананы сөйте қойсаңшы, кім біліп жатыр» деген талайдың жетегіне жүрмеген. Пайғамбар жасына келіп отырған шағында ешкімді ренжітпегеніне, арам асты аузына алмағанына өзі куә. Соның белгісіндей «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», т.б. медальдармен марапатталды.

…Әттең, әке бейнесінің еміс-еміс қана есте қалғаны өзегін өртейді. Әйтсе де, әке аманатын адал ақтағаны анық. Оның атына кір келтірмегені кәміл. Өзінен өрген ұрпақтарына да тек адалдықты ғана дәріптейді. Мемлекеттік қызметшіге керек қасиет те сол.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз